
Яна Лұқпанова – Батыс Қазақстан облысының рәмізіне айналған алтын адам – Тақсай ханшайымын тапқан археолог. «Ерен еңбегі үшін» медалінің, «Құрмет» орденінің иегері, Мәдениет саласының үздігі Яна Амангелдіқызын оқырманға жақынырақ таныстыруды жөн көрдік.
Яна өз саласында талай жерге есімі әйгілі болса да қарапайым қалпынан бір айныған емес. Қазба жұмысы кезінде оны айналасындағы жұмысшылардан айыра алмайсыз. «Жау киімін» киіп алып, білек сыбанып топырақ қазып жүреді. Қап-қара болып күнге күйіп, тісі ғана жарқырап тұрады. Сонда «ғылым жолын қуған ғалымдардың ішіндегі ең қаратабан жұмыскері – археологтер екен ғой» деген ой келеді. Бірақ күрек-кетпен ұстаушылардың ішіндегі ең ақсүйегі де – дәл осы археолог қауымы. Оған сөз жоқ!
Яна Батыс Қазақстан облысы Жәнібек ауданына қарасты Талов деген ауылда туып-өскен. Алматы медицина институтын бітірген ата-анасы шалғайдағы ауылға жас отбасы, жас маман болып келген ғой. Достары «дүниеге қыз келсе, есімін Яна деп қойыңдар. Ол Мәскеуге барады. Әлемге әйгілі болады. Есімі қазақ-орысқа бірдей ыңғайлы болсын» депті...
– Ауылдың шетінде тұрдық. Қазақшаға судай Лена Коротенко деген жан досым болды. Екеуміз 5-6 жастамыз, далаға шығып кетеміз. Біздің жақта оба көп қой. Оларды «біздің құпия қоймамыз» деп атаушы едік. Сыртынан иемденіп, айналасындағы орын тазалап қоямыз. Бір күні бір обаның жанынан жебенің ұшын тауып алдық. «Бұл жерде қаһарман жауынгер жатыр, мынау соның қаруы ғой» дедім мен. Екеуміз бір үлкен сырды ашқандай болып, әлгі жебені қастерлеп көміп кеттік, – дейді Яна күліп.
Бір қызығы, кейін туған ауылының жанындағы обалардың бірқатарын археолог Яна Лұқпанова қазып, зерттеп көріпті. Сөйтсе, бір обадан б.з.д. IV ғасырға тиесілі 5-6 жасар қыз баланың сүйегі табылған. Оны киіз тоқымның үстіне атқа отырғызғандай етіп жерлеген екен. Мойнында құмыра пішінді моншақ тағылған, жанында қойдың басы бейнеленген кішкене қазан шығыпты.
...Археология деген ғылымның әліппесін Яна 8-сыныпта жүргенде алғаш ашады. Мектепте үздік оқыған белсенді қыз жыл сайын каникулда туристік жолдамамен ұлан-байтақ КСРО-ның біраз жерін шарлаған. Сол жылы Қара теңіз жағасындағы Севастополь қаласына жол түсіпті. «Вокзалдан түскен бойда қаланың картасын сатып алдым. Картада біздің эрамызға дейін V ғасырға тиесілі тарихи Херсонес музей-қалашығы тұр екен. Бірден белгілеп алып, сол жерге бардым. Барсам, қазба жұмысы жүріп жатыр, біздің қарағандылықтар, қазіргі Е.Бөкетов атындағы университеттің студенттері сол жерде өндірістік тәжірибеде жүр екен. Менің қызыға қарап қалғанымды байқаса керек, жетекшісі: «Қызым, не тұрыс? Қолыңа мына щетканы ал да, іске кіріс!» деді. Сөйтіп, өзімнің жетекшімнен сұранып, қарағандылық студенттермен бірге үш күн жүрдім. Олар маған жер қыртысындағы мәдени қабат деген не екенін үйретті. Сол жолы біз моншаның мозайкалы еденін тазаладық. Ең алғаш археологияға енгенім сол болды» деп еске алады кейіпкеріміз.
Мектеп бітірерде ұшқыш немесе шет тілі маманы болуды армандаған Яна тағдырдың жазуымен Орал педагогикалық институтының тарих факультетіне түседі. Оны 1996 жылы бітіріп, Орал қаласындағы №19 мектепте сабақ береді. Бірақ жыл сайын жазда Зейнолла Самашевтің шақыруымен Сарайшық қаласын, Шығыс Қазақстандағы Берел қорғандарын қазуға атсалысады. Өзі де мектепте үйірме құрып, түрлі жобалардан грант ұтып, оқушыларын саяхатқа, экспедицияларға баулиды. 2004 жылы жоғары категориялы тарих пәні мұғалімі атанады.
Яна Амангелдіқызы 2005 жылы Батыс Қазақстан тарих және археология орталығына ғылыми қызметкер болып орналасыпты. Содан бері археология саласынан бір елі ажырамапты.
Жалпы көпшілік археология десе алтын адам туралы сұрағысы келіп тұратыны рас. 2012 жылы табылған Тақсай ханшайымы туралы ел аузында түрлі аңыз, адам сенгісіз хикая көп. Осыны Янаның өз аузынан білгіміз келді.
– Иә, Тақсайдан табылған алтын әйелдің айналасында тылсымға толы оқиға көп болды. 50-жылдары Долинный кеңшарының тракторисі Долматов деген кісі жер жыртып жүріп күміс ыдыс – ритон тауып алған екен. Ол біздің Батыс Қазақстан облыстық өлкетану музейінде сақтаулы тұр. Мүйіз пішіндес жасалған, алтын жалатылған бұл ыдысты ғалымдар құрбан шалған кезде діни жоралғыларды орындауға, сондай-ақ шарап ішуге арналған деп болжайды. Міне, осы ыдысты иығына қойып ұстаған бір әйел менің түсіме үш жыл бойы кіре берді. Ол мені күтіп отырғандай еді, – дейді Яна.
Содан Яна 2012 жылы қазба маусымы басталғанда осы күміс ритон табылған жерді зерттеуге бел буады. Теректі ауданының Долинный ауылына келіп, баяғы Долматовты іздейді. Ол өмірден өтіп кеткен. Дегенмен, ритон табылған жерді білетін қариялар бар екен. Солардың көрсетуімен егіс даласынан жер болып жоғала жаздаған 6 обаны анықтайды. Жыл сайын жыртыла-жыртыла әбден аласарып кеткен сол обалардың бірінен әлемге әйгілі Тақсай ханшайымы шыққан!
«Негізі «Тақсай ханшайымы» деп аталып кеткенімен, ол әйел – абыз, бақсы болған деп ойлаймын. Жергілікті ауыл халқы осы маңнан түнде белгісіз әйел көрінетінін баяғыдан байқап, қорқып жүреді екен. Біз келіп, зерттеуге кіріскенде де мистикаға толы оқиға көп болды. Мен ғана емес, қасымдағы қарапайым жұмысшылар да түнде далаға шығуға қорқатын еді. Біз барғаннан кейін екінші күні түнде жанымыздан көп қой өтіп бара жатқандай дүбір естілді. Сосын бір әйелдің қатты айғайы шықты. Сол жерде 8 шатыр тұрған еді. Әйел даусын бәрі естіпті, далаға жүгіріп шықтық. Бірақ ешкім жоқ! Бәріміз «біссіміллә» деп жаттық. Кешікпей алтын адам табылды. Күні-түні күзет қойылды. Сол кезде маған СОБР-дың жігіттері: «Яна Амангелдіқызы, келіп кетіңізші, түнгі 3-те ылғи екі үкі келеді» деп шақырды. Шынымен де дәл 03.00-де үкі ұшып келеді екен, обаны үш рет айналып, кетіп қалады. Қашан сүйектерді алып кеткенше солай болды. Біз қазба жұмысын аяқтап, орнын қайта көміп жатқанда күн райы бұзылып, қара суық болып кетті. Күзгі жаңбыр жауып тұрды. Бір кезде көктен бір құс келіп дәл шұңқырға құлап түсті. Барып қарап, ештеңе таппадық. Бірақ жарты сағаттан кейін әлгі жерден құс пыр етіп шығып, қайтадан көкке ұшып кетті. Арамыздағы ақсақалымыз Серік Кішібекұлының өзі жағасын ұстап, тілін біссімілләға келтіріп тұрып қалды» – Яна Амангелдіқызының бұл әңгімелері тыңдаған жанның төбе құйқасын шымырлатып жібереді.
– Баяғыда, Сарайшыққа алғаш барып жүргенімде Вячеслав Плахов деген астрахандық археолог бізге, жастарға: Сендер қай дінге сенсеңдер де, тіпті сенбесеңдер де зерттейтін адамдардың рухынан міндетті түрде рұқсат алыңдар, мазасын алғанға кешірім сұраңдар» дейтін. Бұл мен үшін бұлжымас ережеге айналды. Қай жерге барсақ та қазба жұмысын бастар алдында құран оқимыз, кешірім сұраймыз. Қазып жатқан жеріңдегі аруақтардың ризашылығы болмаса ештеңе болмайды, олар наразы болса, қиын болады, – дейді Яна.
Тақсайдың тылсымы туралы әңгімені бастаған соң аяқтап тастайық. Яна Амангелдіқызы кейін де түрлі жағдайға куә болған.
«Сол жылы күз, үйдемін. Түс көрем. Обаның астында жатырмыз. Бір жағымда алтын ханшайым жатыр, екінші жағымда бір қарт – сақалды, арықтау, алтын қылышы бар. Екеуі екі жағымнан маған ұрсып жатады. Жоғары қараймын, обаның шаңырағынан аспанда ай көрініп тұрады. Осы түсті бір ай бойы көрдім. Екеуінің не айтып жатқанын түсінбеймін. Бір күні түсім тағы қайталанды, айдың жарығы бетімізге түсіп тұр. Әлдебір трактордың жақындап келе жатқанын көрдім. «Долматов келе жатыр!» деп айқайлап жібердім. Маған олар: «ананы қуып жібер» дейді. «Неге мен баруым керек?» «Өйткені сен тірі адамсың», – дейді. Мен шыға алмай жатырмын. Сөйтсем, биік үйдің 9-қабатынан секіріп кете жаздаппын. Түсімдегі обадан шығам деп терезедегі шіркейге құрған торды жұлқылап тұр екенмін. Анам оятып алды, осылай екі мәрте қайталанды.
Содан бір күні автобуста келе жатыр едім, бір орыс кемпір маған тесіле қарап тұрып: «Қызым, сен бір әйелді қатты ренжітіпсің ғой» деді. Басқа біреуге айтып тұрған шығар деп артыма қарасам, ешкім жоқ, маған айтып тұр екен. «Есі дұрыс емес шығар» деген ой келді. Әйел: «кеттік» деді де, қолын маған соза бергенде есімнен танып қалыппын. Есімді жисам, қара терге малшынып отыр екем. Әлгі әйел: «қорықпа, сенің қиындығыңды өзіме алып алдым», деді. Сол әйел бір айдан кейін инсульт болды, екі жылдан соң дүние салды. Мен жазылып кеттім».
Әрине, бұл әңгімелерге сену-сенбеу әркімнің өз еркінде ғой. Кейіпкеріміздің өз аузынан жазып алған сырды сол күйінде ұсынып отырмыз.
Осы Тақсай обасының жаңалығы Яна Амангелдіқызын әлемдік археология ғалымдары арасында танымал етті. Қызмет ете жүріп білімін де көтерумен болды. 2017–2021 жылдары Ресей Ғылым Академиясы археология институтының аспирантурасында білім алды. Археология бойында 30-дан аса ғылыми мақала жазды. «Батыс Қазақстанның ежелгі көшпенділері Тақсай-1 қорған-кешенінің мысалында» атты монографиясы жарық көрді. Тек 2005–2017 жылдар аралығында Мәскеу, Санкт-Петербург, Элиста, Орынбор, Волгоград, Миасс қалаларында, Сеул мен Тэджонда ғылыми конференцияларға қатысып, баяндама жасапты.
– Сонау сарматтар қолданған ыдыс қазақтарда әлі бар. Адыраспан салып аластайтын ыдысты айтып отырмын. Қазандары да ұқсас. Осыған қарап біздің қазақ ешқашан жойылмайтын, мәңгі халық деп ойлаймын, – дейді Яна. – Осының бәрі біздің өз жерімізде жасалған. Жапон ғалымдары Тақсайдан табылған ыдыстан тарының жұғынын тапты. Яғни сол заманда бұл жерде егін шаруашылығы болған. Ең қызығы, табылған мал сүйектерінің ішінде сиыр сүйегі де бар. Яғни олар сиыр ұстаса, алысқа кетпейді деген сөз. Осы айналада тұрған. Бұл тарих ғылымындағы жаңалық, – дейді Яна.
Шынында да Геродот жазбаларына қарап, ғылымда сақтар Жайық өңірін жазда ғана жайлап, қыста Арал жағына кетеді деген пікір орныққан. Яна Лұқпанова бұл пікірмен келіспейді. Оған себеп көп. Батысқазақстандық сақ-сарматтар алыстағы Аралға бармай-ақ іргедегі Атырауды, Нарын құмын қыстауы әбден мүмкін.
– Сақтардың тұрақты үй-жайы болмады, үнемі көшіп жүрді деген тұжырым да қайта қаралуы керек, – деп санайды ғалым. Өйткені соңғы жылдары Батыс Қазақстандағы Қырықоба, Тақсай, Ұзынкөл, Ұрысай қорғандарынан шатырлы жерлеу орындары табылды. Яғни марқұмның үстіне бөренеден бірнеше қабат шатыр салып, үстінен топырақ жапқан. «Менің ойымша, бұл зират – олардың тірі кезінде де тұрған үйінің бір моделі. Киіз үймен ғана жүрген болса, олар марқұмдарына осындай шатыр тұрғызып, оба жасай ала ма? Қырықоба кешеніндегі бір қорған 12 қабат бөренемен қапталғанын көрдік. Бұл шатыр шырша ағашынан жасаған. Ал шырша Жайық өңірінде өспейді. Яғни жоғарыдан, солтүстіктен жеткізілген. Мүмкін өзенмен ағызып әкелген болар», – бұл археологтің көпжылғы зерттеу нәтижесінде түйген пікірі.
Бұл өңірде өндіріс те болған. Мысалы, Тақсай ханшайымының әшекейлерін зерттеген трасологтер бұл бұйымдардың жартысы Ираннан әкелінген, жартысы осы жерде жасалған деген шешімге келген.
Осыдан біраз жыл бұрын Яна Амангелдіқызы ортағасыр кезеңіне жататын Жаңабай кесенесін зерттеді. Жалпы, Батыс Қазақстан облысы аумағында осы кезге дейін Жайық пен Жалпақтал қалашығы ғана табылған. Янаның пікірінше, Алтын Орда кезеңіне жататын қала саны әлдеқайда көп. «Теректі ауданындағы Шалқар көлінің маңынан, Жаңабай кесенесінің айналасынан бұрын белгісіз көне шаһар орындары табылуы керек» дейді Яна.
Әңгімеміздің басында айттық, археологияның негізгі тірегі – қазба жұмысы, қара жұмыс. Әрине, ол әйел адамға өте қиын. Дегенмен елімізде осынау қиын да қызықты мамандықты меңгерген Ғалия Базарбаева, Гүлнәр Жұмабекова, Татьяна Лошакова, Әсемгүл Қасенова сынды ғалым әйелдер бар.
– Шыны керек, әйел адамға археологиямен айналысу өте қиын. Өйткені олар бірнеше айлап үй көрмей кетеді. Бірақ мен бақыттымын. Жарым Мақсұт Төлегенов жақсы адам болып кездесті. Өте мықты азамат еді. «Маған тұрмысқа шығасың ба?» деп келгенде, «Мен археологпін, менімен бірге өмір сүру қиын болады ғой» деп шынымды айттым. Ол «бәріне келісемін» деді. Сол сөзінде тұрды, менің ең басты қолдаушым, қорғаушым болды. Әлі есімде, қызымыз 5 айлық кезінде Жайық қалашығындағы обаны қаздым. Жолдасым күн сайын Айлинді 3 мәрте емізуге алып келетін. Жұмысты тоқтатқан жоқпыз. Айлиннің 10 айлығында Қаратөбеде қазба жұмысында жүрдік. Тобымыздағы жастар, жүргізушіміз – бәрі еркелетіп кететін. Өкініштісі, жолдасымнан былтыр қапияда айырылып қалдым, – дейді Яна мұңайып.
Айлин Мақсұтқызы қазір алтыға келіпті. «Сіздің жолыңызды қуып, археолог болам десе қайтесіз?» деймін ғой. «Құдай сақтасын! Жібермеймін! Мен көрген қиындықты қызым көрмесе екен» деген Яна Амангелдіқызы сәл ойланып барып: «егер жанының шын қалауы сол болса, қарсы болып қайтейін...» деп үнсіз қалды...
Иә, археология секілді азапты да ауыр салада жан қалауың, махаббатың болмаса, ұзақ жүре алмайсың. Яна да осы жолда сан түрлі қиындықтан өтіп келеді. «Талай жылғы еңбегім, ғылыми жұмысым жетерлік. Мәскеудегі әріптестерім кандидаттық диссертациямды тезірек қорғауға шақырғалы көп болды. Бірақ тұрмыстың тауқыметі мұрша берер емес. Ендігі арманым сол» дейді Яна Лұқпанова.
Батыс Қазақстан облысы