Атыраулық студенттер өсімдік қалдықтарын кәдеге асыратын жоба ойлап тапты
Атырау университетінің студенттері құрылыс және өсімдік қалдықтарын кәдеге асыруға арналған жобаларды жүзег ...
Атырау қаласының тұрғындары әкімдік тарапынан шешілмей келе жатқан көптеген мәселеге тап болып отыр. Бұған жауапты қала әкімі Шәкір Кейкин қандай шара қолданып отыр деп қайран қалуыңыз да мүмкін. Бізге қолжетімді деректер мен соңғы уақытта әлеуметтік желілерде тараған суреттер осы жағдайды, дәлірек айтсақ, әкімдіктің тұрғындар талабын ескермейтінін растайды. Көшелердің сапасыздығы, инфрақұрылымның тозуы, қоғамдық көліктердің ескіргені – мұның бәрі қала халқы үшін күнделікті үлкен проблемаға айналған. Skifnews .kz ақпарат порталы мәселенің мән-жайын анықтауға тырысты.
Қаладағы шұрық-тесік көшелер мен жауапсыздық
Жол жөндеу жұмыстары жыл сайын қомақты қаражат бөлінетін салалардың бірі болса да, қаладағы жол сапасы сын көтермейді. Соның бірі – тарихи тұлға Бақтыгерей Құлманов атындағы көше. Міне, сол әлеуметтік желіде тараған суреттерден жолдың сапасыз жөнделгенін, кейбір көшелерде асфальттың үгітіліп, ой-шұңқырлардың қайта пайда болғанын көруге болады. Бұл тек автокөлік жүргізушілеріне ғана емес, жаяу жүргіншілерге де үлкен қиындық тудырады. Күз бен көктем мезгілдерінде жауын-шашыннан кейін қаланың кейбір аудандары нағыз батпаққа айналады. Ал мұндай жағдайға қала әкімдігі ешқандай шара қолданбай отырғаны ашық көрініп тұр.
«Ауыр жүк көліктері қар жауған кезде асфальтті ойып, кіріп кеткен. Қазір ішіне су жиналып, көліктің жүруіне қиындық тудырып отыр. Кімге хабарласуға болады?» – деп жазды желі қолданушысы.
Суреттен көріп отырғанымыздай, қаланың ең маңызды көшесінің бірі шұрық тесікке айналған.
Қоқыс пен экология: Бейғамдықтың белгісі
Атырау қаласының экологиялық ахуалы да алаңдатарлық жағдайда. Оны тіпті бәрі біледі. Қала көшелерінде қоқыс үйінділерінің көбеюі, тұрмыстық қалдықтардың уақытында жиналмауы, тазалық сақтау мәселесінің ушығуы, қауіпсіздік – бұлардың барлығы әкімдіктің жұмысындағы олқылықтардың айқын дәлелі. Ал бұл өз кезегінде антисанитариялық жағдай туғызып, адам өміріне қауіп төндіріп жатыр.
Соның ішінде Атыраудағы Құрсай шағынауданында «қауіпсіздік» мәселесі ушығып тұр. Сол жақтағы тұрғынның сөзінше, балалар өтетін жолдан газ иісі шығып, жаяу жүргіншілердің алаңдаушылығын тудырған.
«Құрсайдағы Қасым дүкеніне қарай 5 автобуспен күнде өтеміз. Газдың иісі жүргізбейді. Пысылдап газ келіп тұр. Оны шүбекерпен орап қойған екен. Ол жерге балалар хлопушка атып ойнап жүр. Суретте тұрбаны орап қойғаны көрсетілген»,-дейді қала тұрғыны.
Сонымен қатар Құрсай тұрғыны:
«Және соған қарсы тұрған үй кір мен дәрет суын сыртқа, яғни адам жүретін жолға шығарып қойған. Сасық иіс жүргізбейді. Балалар мектепке барайын десе, сол жерден басқа өтетін жол жоқ. Қолға алуды сұраймын, — деп жазған.
Автобус дауы
Ал қоғамдық көліктердің жайы – әдеттегідей қала тұрғындарының «бас ауруы. Сондықтан болар:
«Дамбаның соңғы аялдамасында 57 нөмірлі автобус тұр. Екеуі халықты әрі итеріп, бері жығып, жүрмейді. Ойына келгенін жасап жатыр. Бір шара бола ма?!» — деп ашынды тұрғын.
Бұндай жағдай өте көп. Тұрғындай көп жүретін, автобусқа қатынайтын қала шетіне ескірген автобустар берілген.
Коммуналдық қызметтердің қауқарсыздығы
Қала тұрғындары үшін коммуналдық мәселелер де өзекті. Мәселен, Береке ықшамауданындағы тұрғын үйдің біріндегі ауланы мүлдем бұзып, сындырып та тастаған. Тұрғындар түрлі платформаларда өз шағымын үздіксіз жариялап, әкімдіктің әрекетсіздігін сынап отыр.
Әкімдік қайда қарап отыр?
Қаланың даму жоспарында шешімін таппай келе жатқан мәселелер аз емес. Халық саны көбейіп, жаңа тұрғын үйлер салынғанымен, тиісті инфрақұрылым дамымай отыр. Әкімдік тарапынан нақты шаралар қабылданбағандықтан, қала халқы өз проблемаларымен жеке күресуге мәжбүр. Қала басшылығы халықпен тікелей байланыс орнатып, олардың пікірін тыңдауға құлықсыз. Ашық диалог пен шынайы өзгерістердің орнына, халыққа тек құрғақ уәделер берілетін сияқты.
Шешім бар ма?
Атырау әкімдігі өз жұмысын қайта қарап, инфрақұрылымдық жобаларды сапалы орындауға мән беруі қажет. Қоғамдық бақылауды күшейтіп, жергілікті билік халықтың сұранысын ескергені жөн. Әкімдікке онлайн шағымдану жүйесін жетілдіріп, халықпен кері байланысты нығайту маңызды. Егер шұғыл шаралар қабылданбаса, бұл мәселелер тек ушыға түсетіні анық. Тұрғындар әкімдіктен нақты әрекет күтеді. Бірақ сұрақ мынада: Атыраудағы қала билігі, оған қоса Атыраудың облыс әкімдігі бұл сынға құлақ аса ма, әлде елемей өте ме?