• 14-03-2025

Ғылымның жаңа көкжиегі

Алматыдағы «Caspian University » ғылыми кеңес залында Қазақстан Ұлттық инженерлік академиясы (ҰИА) мен академик Ө.Жолдасбеков атындағы Механика және машинатану институты (ММИ) ұйымдастырған «Қазақстандағы механизмдер мен машиналар теориясы ғылымының жаңа көкжиектері» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік семинар өтті.

Форумға қатысушылар елі­міз­дегі ММТ мектебінің негізін қалау­шы, көрнекті меха­ник-ғалым, ака­демик Өмірбек Арс­лан­ұлы Жол­дасбеков пен ММИ-дің бұрынғы директоры, ҰИА академигі Скан­дар­­бек Жолдасбековті жылы лебіз­­бен еске алды. Сонымен қатар республикалық конферен­ция академик Скандарбек Жолдас­бе­ковтің 70 жылдық мерейтойына орайлас­тырылды.

Семинарды мемлекет және қоғам қайраткері, ҚР ҰИА прези­денті, академик Бақытжан Жұма­ғұлов ашып, академик Өмірбек Жолдасбековтің инженерлік ғылым­ның қалыптасуына, маши­на­лар механикасы мен роботтех­никаның дамуына қосқан зор үле­сін атап өтті. Ол 50-ден астам док­тор мен 120-дан астам ғылым кандидатын тәрбиелеп, еліміз­дегі қуатты ММТ (механика және машинатану) ғылыми мекте­­бін қалыптастырды. Осы мектеп­тің көрнекті өкілдерінің бірі – көп­теген жыл бойы «Маши­на жасау» халықаралық ғылыми-тех­никалық орталығын және ММИ-ді басқарған, Қазақ­стан­ның машина жасау са­ла­сын­да­ғы техника мен техно­логияның ­дамуына ай­тарлықтай үлес қос­қан ғылым докторы Скандарбек Жолдасбеков.

Семинарда академик Өмір­бек Жолдасбековтің шәкірттері сөз сөйледі. ҰИА вице-президенті, ҰҒА академигі Амандық Төле­шов ұстаздың ғылыми мұрасы, машиналар механикасы мен роботтехника саласындағы ғылым мен тәжірибе үшін аса қажетті екенін атап өтті. Ғалымдар жо­ға­ры класты механизмдер теория­сы негізінде теңгерілген буын­дары бар энергия үнемдейтін мұнай айдау станоктарының, тех­нологиялық мүмкіндігі жоғары иінді қысқышты престердің және динамикалық тұрғыдан берік әрі тұрақты көтергіштердің перспективалы жұмыс механизмдерін әзірлегендерін баяндады. ҰҒА академигі Мейірбек Молдабеков жұмыс механизмдері мен машиналар және роботтардың манипуляторларын жобалау­ға және құрастыруға арналған цифрлық платформа болып табы­латын «Диспром-3» авто­мат­тан­ды­рыл­­ған иінтіректі механизм­дер­ді жобалау жүйесін ұсынды. Профессор Саят Ыбырай ММТ-ның тағы бір перспективті бағы­ты туралы айтып өтті. Бұл бағыт жасанды интеллект әдістерін пайдалана отырып, мүлдем жаңа, кең функционалдық мүмкіндіктері бар роботтар мен машиналарға арналған механизмдер, манипуляторларды оңтайлы синтездеу міндеттерін қоюға және шешу­ге мүмкіндік береді. Бұл техника­лық шешімдердің көпшілігі әлемде баламасы жоқ және өздеріне жүктелген функцияларды дәл әрі сенімді орындайды.

Президент жанындағы ҰҒА академигі Айдархан Қалтаев­­тың инженерлік кадрларды даярлау сапасы туралы баяндамасы үлкен қызығушылық тудырды. Ол Оксфорд, Токио универси­те­ті, Лондон Империал коллед­жі және басқа да әлемнің элита­лық университеттерінің білім бағ­дарламаларын жан-жақты талдай отырып, еліміздегі инженер кадрларды даярлайтын университеттердің оқу бағ­дарламаларымен салыстырды. Нәтижесінде, айтарлықтай айырмашылық анықталды. Бі­ріншіден, пәндер арасындағы бай­ланыстың әлсіздігі инженер­лік білім сапасын төмендетеді. Екін­ші­ден, бұл отандық уни­­вер­ситеттердің шетелдік универ­ситет­термен байланысын орна­ту­дағы өзара түсіністігін қиын­да­тады. Үшіншіден, инже­­нер-техник кадрларды даярлаудың мемлекеттік бюд­жет есебінен тиімділігін төмендетеді.

Семинар қорытындысында машиналар механикасы мен автоматтандырылған робот­­техника жүйелері сала­сын­дағы ғылыми бағыттарды әрі қарай дамытуды жал­ғас­тыру, сондай-ақ келешегі бар ғы­лыми-техникалық бағдар­ламаларды іске асыру барысында ғылыми институттар, жоғары оқу орындары және еліміздің өнеркәсіп секторы арасындағы ынтымақтастықты кеңейту туралы шешім қабыл­данды. Ғылыми-техникалық және инженер кадр­ларды даярлау сапасына ерекше мән берілді. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың осы мәселеге қатысты тапсырмаларын іске асыру мақсатында ҰИА мен ММИ инженер кадр­ларды даярлауға арналған білім бағдарламаларына жан-жақты тал­дау және мониторинг жүргі­зу тапсырылды. Бұл жұмыс нақты ұсыныстар әзірлеп, оларды уәкілетті мемлекеттік органға ұсыну үшін жүзеге асырылмақ.

Семинар еліміздің ғылыми өміріндегі маңызды оқиғаға айналды, механика, машиналар ме­ханикасы және роботтехника жүйелері саласындағы ғылыми байланыстарды нығайтуға, озық тәжірибе алмасуға, сондай-ақ ғы­лыми-техникалық және инже­нер­ кадрларды даярлау сапасын арттыруға ықпал еткен ауқымды іс-шара болды.

АЛМАТЫ