• 14-03-2025

«Қарашығанақ» Қарағандыға жақындай түсті

Мұнай саласындағы ірі кәсіпорын – «Karachaganak Petroleum Operating B.V.» (КПО) бас директоры Марко Марсили бастаған делегация Қарағандыға келді. Жергілікті кәсіпорындармен ынтымақта жұмыс істеуді көздеген компания облыс әкімдігімен ортақ меморандумға қол қойды.

Енді екіжақты келісімнің арқасында өңірдегі тауар өндіруші тараптың табысы артып, өрісі кеңеймек. Сапар барысында делегация мұнай-газ саласына арналған жабдықтар өндіретін «Sigma Corporation», «Қазфиттингпласт», «Имсталькон» және «Bemer Арматура» зауытында болып, өндіріс тынысымен таныс­ты. Облыстағы жетекші кәсіпорындарды аралаған соң аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаевтың төрағалығымен дөңгелек үстел ұйым­дастырылды. Жиында мұнай-газ сек­торындағы елдегі кәсіпорын үлесін ұлғайту жолдары мен ынтымақтастық мүмкіндігі жан-жақты талқыланды.

Бас директор Марко Марсили елі­міздің өнеркәсіп секторы орасан зор әлеуетке ие екенін айта келіп, жергілікті кәсіпорындармен ынтымақтастықты кеңейтуге күш салатындарын жеткізді.

Ортақ келісім аясындағы даму бағдар­ла­масын кәсіпорын бас дирек­торының орынбасары Мұхтар Манкеев таныстырды.

– Бүгінде біздің компанияның дерек базасында Қарағанды облысынан 86 компания тіркелген. 23 компаниямен бізде 49 млн долларға жуық сомаға келісімшарт жұмыстары жүргізілді. Инжинирингтік қызметтерді оқшаулау, жобалау, іздестіру жұмыстары және тағы басқалар туралы қызықты кейс бар. Қарағанды облысындағы бірлескен кәсіпорын біздің тарихымызда алғаш рет жоғары технологиялық инжинирингтік жұмыстарды жүргізуге ұзақмерзімді байланыс алды. Біз қарағандылық әріптестерге өте жақсы жағдай жасадық. Қазір Қарашығанақ кен орнында жұмыс басталды, – деді М.Манкеев.

Компания басшысы жарықдиодты шамдар жеткізетін компания мен жол және құрылыс жұмыстарын қадаға­лай­тын «ҚарағандыКаздорпроект» кәсіпорнын мысалға келтірді.

Өңір басшысы Е.Қабдулаұлы меморандум негізінде индустриалды аймақтың да игілігі артатынын жеткізді.

– Қарағанды облысы – еліміздің жетекші индустриялық орталықтарының бірі. Мұнда отандық жалпақ прокат, тас көмірдің үштен бір бөлігінен астамы және барлық кокс көмірі, тазартылған күміс пен алтын, мыс, ферроқорытпа өндіріледі. Шикізат бағытына қарамастан, біз экономика құрылымын өзгерту үшін жұмыс істеп жатырмыз. Машина жасау, құрылыс индустриясы салаларында импортты алмастыратын өндіріс ашамыз. Өнеркәсіп алаңдарын кеңейту жұмыстарын жүргіземіз. Өнеркәсіптік әлеует еліміздің ірі компанияларын, оның ішінде, «Karachaganak Petroleum Operating B.V.»-ні де қамтамасыз етуге қабілетті, – деді облыс әкімі Е.Бөлекпаев.

Қарағанды облысы