Алмасадам Сәтқалиев ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы болып тағайындалды
primeminister.kz Мемлекет басшысының Жарлығымен Алмасадам Майданұлы Сәтқалиев Қазақстан Республикасы Атом ...
Шымкентте көктемгі дала жұмыстары қарқын алды, деп хабарлайды 24KZ. Иә, далада емес, шырайлы шаһарда биыл 23 мың гектарға дән егіледі. Бірақ мамандар бұл бұрынғы жылдармен салыстырғанда 3 мың гектарға аз деп отыр. Егіс алқабы не себепті азайды?
Қазір егіс алқабында да, қырман басында да қарбалас. Диқандар күн райын беріп тұрғанда егіс жұмыстарын аяқтап алсақ деп асығып отыр. Алғашқы кезекте дәнді және майлы дақыл егіліп жатыр. Жерден несібесін айырған шаруаның бірі – Қамысбай Тойшыбеков. Ол басқаратын серіктестік қаладағы ең ірі шаруашылықтардың бірі саналады. Күзде 420 гектарға күздік бидай еккен. Қазір сол жерге мақсары мен арпа дәнін сіңіріп жатыр.
Қамысбай Тойшыбеков, шаруа:
- Біздерге ауа райы жақсы боп тұр қазір. Осы темппен 10 күннің ішінде бәрін егіп бітсек деп отырмыз. Ауа райы биыл құрғақшылық болады деп жатыр. Бірақ енді нақты білмейміз. Бірақ жылда егіп жүрген нәрсемізді егеміз. Бізге жаңбыр болмай қалса, сәл қиналып қаламыз. Биыл егін жақсы болатын шығар деп тұрмын. Былтыр барлық жерде жақсы болған.
Биыл мегаполисте 23 мың гектар аумаққа дән егіледі. Бұл бұрынғыдан 3 мың гектарға аз. Ауыл шаруашылығы басқармасы егіс алқабының азаюын халық санының артуымен байланыстырып отыр. Тұрғындар саны өскен сайын ауылшаруашылық мақсаттағы жерлер үй салуға және индустриалды аймақтарға беріледі. Егіс алқабы азайғанмен оларға жасалатын қолдау үзілмейді. Биыл бұл мақсатқа 863 млн теңге бөлінді.
Нұрсұлтан Хайдаров, ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының бас маманы:
- Оның 75 миллион теңгесі минералды тыңайтқыштардың құнын субсидиялауға, 767 миллион теңге жылыжайлардың коммуналдық шығындарын төмендетуге, 20 миллион теңге тұқым шаруашылығын субсидиялауға қарастырылған. Егер жетпеген жағдайда жергілікті бюджеттен қайтадан сұрауға мүмкіншілік бар.
Бидай мен арпадан соң шаруалар майлы дақыл мен көкөніс егуді бастайды. Бұл, мамандардың пікірінше, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, мал шаруашылығына жем-шөп базасын құруға сеп болады.
Авторлары: Елдос Кәкенов, Катерина Попкова, Нұрмахан Бекмұратов, Самат Нағашбекұлы