• 19-03-2025

Жезқазғандықтар Жаңару күнінде тазалық жұмыстарына қатысты

Бүгін Наурызнама бойынша Жаңару күні!

Наурыз айында табиғат түрленіп, қайта жанданады. Осы мезгілде қыстан аман шыққан ағайын да үй-жайын, ауласын тазартып, арық-атызды аршиды. Жаңару күні- тазалықтың белгісі.

Бұл дәстүр Жезқазған өңірінде де жалғасып келеді. «Жаңа күнге жаңарып қадам басайық» деген ниетпен ел көшені, үй айналасын тазартып жатыр. Ақсақалдар бастаған істі жастар орталығының еріктілері жалғады.

Ардагер металлург Қуанышбек ақсақалдың отбасы Наурызға дайындықты әуелі тазалықтан бастайды. «Бұл бала жастан бойыма сіңген әдет» дейді өзі. Қария жақында 85-ке толады. Дегенмен, ауыр еңбекте шыңдалған ол әлі тың. Қолына күрегін алып қыстай шашылған күл-қоқысты шығарды. Жылғадан аққан суды бұрып, тоң ойды.

Қуанышбек Нарбаев, қала тұрғыны:

- Мұсылман халқы, оның ішнде қазақ халқы тазалықтың халқы ғой. Жаңағы наурыз келгенде үйдің ішіне, жан-жаққа, мал қораға барлығына тазалық жасалады. Бұрыннан әдетім, өткен кеткен көршілер де көреді. Мен өзім тазалықты жақсы көрем.

Наурыз былтырдан бері ерекше форматта өтіп келеді. «Бұл бізге ерекше серпіліс берді» дейді жастар ресурстық орталығының өкілдері. Наурызнама бойынша күн сайын түрлі шараларға қатысатын олар Жаңару күнінде үлкендердің үйін аралап, ауласын тазалауға жәрдем берді.

Сәкен Қайратұлы, жастар ресурстық орталығының директоры:

- Үйдің бәрін тазалап, өзіңнің бойыңды, ойыңды тазалап, ақсақалдардан дұрыс бата алып, жақсы жолға жаңарып бару ғой. Жезқазғанның жастары еңбек ардагерлерін, ауылымыздың ақсақалдарын аралап, үйлерінде қандай мәселелер бар, жинай алмай,күші жетпей жатқан жұмыстары болса көмектесіп, ақ баталарын алып шығып жатқан жайымыз бар.

Мереке жақындаған сайын тұрғындармен қатар коммуналдық сала жұмысшылары да қарбалас тірлікке кіріскен. Қала көшелерін тазалап, мерекеге сай безендіріп жатыр. Бұдан бөлек «Жаңару күні» облыс аумағында арықтар мен өткелдер тазаланып, ауылдар маңындағы бұлақ көздерін ашу жұмыстары жүргізіледі.

Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев, Гүлшаһира Серекбаева