• 19-03-2025

Торғай өңірінің дамуына тың серпін береді

Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы қоғамды толғандыратын өзекті мәселелерді көте­ріп, экономика, әлеуметтік саясат, заң және тәртіп, идео­ло­гиялық жұмыстар бойынша жүйелі шешімдер ұсынды. Прези­дент ел дамуының негізгі басымдықтарын айқындап, инфра­құрылымдық жобалар, цифрландыру, білім, экология, бала­лар мен ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға арналған бастамаларға ерекше назар аударды. Сонымен қатар Абай институты желісін ашу, ұлттық цифрлық архив құру, жаңа заңнамалық өзгерістер енгізу мен инвестициялық жобаларды іске қосу сынды маңызды қадамдар ұсынылды. Бұл бастамалар өңірлердің дамуына серпін беріп, халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған.

Ұлттық құрылтай отырысы аясында Мемлекет басшысы ағым­дағы кезеңде мемлекеттің бірін­ші кезектегі міндеті – өңір­лер­дің экономикалық өсуінің жаңа бағыттарын ашу және өңірлік дамудағы теңгерімсіздіктерді жою екенін атап өтті. Еліміздің шекаралас аудандарында көлік-логис­тикалық маршруттарды дамыту бойынша жұмыстар жалғасады. Мемлекет басшысы атап өткендей, биыл 9 автомобиль кедендік беке­ті­нің жаңғыртуы аяқ­талады. Бұл олардың өткізу қабілетін 6 есеге арттыруға мүмкіндік бе­ре­ді. Осы орайда Мемлекет басшысы Тор­ғай өңірінің дамуына қатысты маңызды мәселелерді көтерді.

Торғай өңірі – қазақ халқы үшін тарихи әрі рухани маңызы зор қасиетті мекен. Бұл аймақ ұлтымыздың ұлы перзенттері Ахмет Байтұрсынұлы мен Мір­жа­қып Дулатұлының туған жері ғана емес, ел руханияты мен мәде­ниетінің алтын бесігі саналады. Алайда кейінгі жылдары өңірге жеткілікті деңгейде көңіл бөлін­бей, жол қатынасы қиын­дап, тұрғындардың өмір сүру сапа­сына әсер етті. Көлік инфра­құры­лымының әлсіздігі Торғайды көр­шілес өңірлерден оқшаулап, ха­лық­тың қатынауын қиындатып отыр.

«Осы тұста тағы бір маңызды инфрақұрылымдық жоба қолға алынатыны туралы жариялағым келеді. Мен Үкіметке Астанадан Арқалық, Торғай және Ырғыз арқылы Транскаспий халық­аралық көлік дәлізіне тура шығатын авто­көлік жолының құрылысын бастауды тапсырдым. Жаңа күре жол орталық және батыс аймақтардың арасын 560 шақырымға қысқартады. Бұл – тұтас Торғай өңірінің дамуына тың серпін беретін ауқымды жоба», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұл жаңалық бүкіл Торғай халқы үшін үлкен қуаныш болды. Осы күре жолдың салынуы тек Торғай өңірі үшін емес, жалпы орталық және батыс аймақтар үшін де стратегиялық маңызы бар шешім болмақ. Жаңа жол өңірдің экономикасын дамы­туға, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға, ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерліктің өркендеуіне зор серпін береді.

Мәжіліс депутаты ретінде жер­гілікті Торғай халқымен кездес­кенде Орталық Қазақстан-Батыс авто­жолының қажеттілігі туралы мәселені жиі көтеріп келемін. Депу­таттық қызметімдегі алғашқы сауал­дарымның бірі осы автожол құрылысына арналды. Бұл жол салынса, көлікпен қатынау жеңіл­деп, жүк тасымалы артады. Сонымен қатар жергілікті тұрғын­дар жұмыспен қамтылып, өңірдің экономикалық әлеуеті күшейеді. Туризмнің дамуы да аймақтың жандануына септігін тигізеді.

Қостанай облысының Жан­гел­дин ауданына қарасты Ақшығанақ ауы­лы мен Ақтөбе облысының Нұра, Мамыр елді мекендері бір-біріне жақын орналасқан. Алайда жолдың жоқтығынан қыста қар басып, көктем-күзде лайсаң жол қатынасты қиындатып жібереді. Сондықтан жаңа жол салынуы осы ауылдардың қарым-қатына­сын нығайтып, тұрғындардың тұрмы­сын жеңілдетеді. Жол қатынасының қиын жағдайы Торғай өңіріндегі шаруаларға да ауыр тиіп отыр. Несие рәсім­деу үшін Қостанайға барып, құжаттарында аздаған қате кетсе, оларды қайта түзету үшін бірнеше жүз шақырым жол жүруге мәж­бүр. Қыстың қақаған аязы мен ақ түтек бораны бұл жағдайды одан әрі қиындатады. Сондықтан жаңа күре жол Ақмола, Ұлытау, Қостанай, Ақтөбе, Маңғыстау, Атырау облыстарының өркен­деуі­не тың мүмкіндік бермек. Орталық бойынша өтетін төте тасжол барлық жағынан тиімді болып, 6 облыстың экономикасына жақсы әсер ететіні сөзсіз. Бұл жоба аймақтың дамуына жаңа серпін береді, орталық облыстардың ішкі көлік байланыстарын жақсартуға, жаңа ауыл­шаруашылық жерлерін игеруге ықпал етеді.

Мемлекет басшысы Арқалық әуежайын қалпына келтіріп, жаңа әуежай салу мәселесін де қозғады. Бұл бастама Торғай өңі­рінің көлік қатынасын жақ­сар­тып қана қоймай, ауыл және мал шаруашылығын да­мы­туға да оң әсерін тигізеді. Өңір кең жайылымдарымен және та­биғи байлықтарымен ерек­ше­ленеді. Заманауи көлік инфра­құ­­рылымының дамуы арқы­лы жер­гілікті өнімдер елдің түк­пір-түкпіріне еш қиын­дық­сыз жеткізілмек. Қазіргі таңда Арқа­лыққа тек Астана мен Қоста­най­­дан пойыз қатынайды. Әуе қаты­­насының ашылуы тұрғын­дар­дың ел астанасы мен облыс орта­лығына тез жетуіне мүмкіндік береді. Бұл әсіресе ауруханаға бару, әлеумет­тік мәселелерді шешу сияқты қажеттіліктер үшін аса маңызды. Сонымен қатар Аман­г­елді және Жангелдин аудан­да­ры­ның шаруа­лары облыс орта­лы­ғына барып жасайтын құжат­та­рын уақытында рәсімдей алмай, кәсіптеріне кері әсер етіп жүр­гені белгілі. Әуе жолы осы мәселелердің шешілуіне ықпал етеді. Президенттің айтуын­ша, бұл жоба ішкі көлік қатынастарын едә­уір жақсартады. Сондай-ақ орталық ай­­мақтағы ауыл шаруа­шылығы жер­­­лерін игеруге және мал шаруа­шы­­­лығын дамытуға тың серпін береді.

Моноқалалар, оның ішінде Арқалық қаласының дамуы тура­лы да бірнеше рет мәселе көтерілді. Халықтың әл-ауқатын жақсарту – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі. Президенттің Торғай өңіріне айрықша назар аудар­­уы – әділдіктің, қам­қор­лық­тың және ел игілігі үшін атқа­рылып жатқан жүйелі жұ­мыс­тың көрінісі. Көненің көзі, ұлттың ұясы болған Торғай өлкесі жаңа тыныс алып, келешекке нық қадам басып жатыр. Осы игі бастамалардың өз жемісін беріп, өңірдің дамуына жаңа леп әкелетіні сөзсіз. Халық тілегінің орындалар күні алыс емес, өйткені Президенттің өзі бұл мәселеге айрықша көңіл бөліп, Үкіметке нақты тапсырмалар жүктеді.

Берік БЕЙСЕНҒАЛИЕВ,

Мәжіліс депутаты