Бәйгеден ел чемпионаты. Жомарт Сайбулатов
Бірер сәттен соң Шымкенттегі бәйгеден ел біріншілігі басталады. Дүбірлі додаға кімдер қатысады? 1. Ел бірі ...
20 наурыз елімізде Наурызнама онкүндігіне сай Ұлттық спорт күні тойланады. Ұлттық спорт — тек білек пен күштің сыналатын алаңы емес, баба тынысынан хабар беріп, елдік рухты көтеретін ұлт ұстыны, деп жазады Egemen.kz.
Қазақтың ұлттық ойындарын зерттеуші Базарбек Өртенбайұлы ықылым заманнан бері қазақтың байтақ даласын мекендеген және қазақтың арғы тегі болған түркі тілдес тайпалар ғасырлар бойы өздерімен бірге жасасқан ұлт ойындарын үнемі дамытып, өмір ағымына қарай жетілдіріп отырғанын ғылыми негізде дәйектеген.
Ғалымның сараптама еңбектерінде алғашқы қауымдық құрылыс кезінде-ақ тайпалардың күнделікті тіршілік ағымынан туындаған өзіндік әр түрлі: қарагие, таяқ жүгірту, жылман, қақпа тас, садақ ату сынды ұлттық ойындары болғаны айтылады. Тас дәуірінде ойынға өңделген тас қолданылса, кейін бертін келе ағаш, малдың сүйегін пайдаланған. Темір пайда болған кезде ойындарға темір құралдарын жаратқан. Феодалдық дәуірде ақбайпақ, алтыбақан, арқан тартыс сынды жаңа ойындар туған.
Ертеден бүгінге дейін жеткен ойындардың бүгінде атауы өзгергенмен, ішкі мазмұны сақталған. Мәселен: қарагие — найза лақтыру, қақпа тас — бес тас, садақ ату — жамбы ату болып өзгергенмен, ойын ережесі сол қалпында сақталған.
Бүгінде ұлттық спортты серік етушілер қатары қалыңдап, арнасы кеңіп, насихаты артып келеді. Туризм және спорт министрлігінің дерегінше, елімізде 666 мыңнан аса адам ұлттық спорт түрлерімен шұғылданады. Сондай-ақ, республика бойынша ұлттық спорт түрлерінен 16 555 үйірме жұмыс істеп тұр.
Ұлттық спортымыздың жаңғыруының кейінгі мысалы ретінде былтыр күзде елордада өткен 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары деп ауыз толтырып айтуға болады.
Ұлы даланы дүбірге бөлеген жарысқа әлемнің 90-ға жуық мемлекетінен 2500-ден астам спортшы қатысып, 21 спорт түрінен 97 медаль жиынтығын сарапқа салды. Бұл маңызды оқиға этномәдени қозғалысқа, ұлттық спорт түрлерін дамытуға да тың серпін берді.
Ұлттық спорт түрлері баланы ептілікке, алғырлыққа, тапқырлыққа тәрбиелейді. Тоғызқұмалақ ойнаушының зейін-зердесін ұштаса, командалық көкпар, арқан тарту сынды ойындар өзгемен тез тіл табысып, бірліктің маңызын үнсіз түсіндіреді.