• 25-03-2025

«Таза Қазақстан»: Тазару күнінде аймақтарда сенбіліктер өтіп жатыр

Тазару күніне орай елімізде "Таза Қазақстан " экологиялық акциясы аясында кең ауқымды сенбіліктер өтіп жатыр. Мыңдаған ерікті табиғатты қорғау мен қоршаған ортаны таза ұстау мақсатында өз өңірлерінде тазалық жұмыстарын жүргізіп жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Жетісуда Тазару күніндегі экологиялық акцияға 15 мыңнан астам қатысты

Бүгін Жетісу облысының барлық елді мекендерінде Тазару күніне орай сенбілік өткізіліп, оған жалпы саны 15 480 адам қатысты.

Талдықорғанда өткен сенбілікте облыс әкімі Бейбіт Исабаев, мәслихат депатуттары, мемлекеттік және бюджеттік мекеме-ұйымдардың қызметкерлері, жастар өкілдері, қала тұрғындары тазалық шараларын атқарды.

Наурыз – еліміздің береке-бірлігін мен ынтымағының жарқын көрінісі. Наурыз айы басталғалы мәдениетімізді, дәстүрімізді танытатын ұлттық киім киіп жүрміз. Бүгін бәріміз сенбілікке жақсы көңіл күймен маңайымызды, орталық саябақты тазартуға келдік. Біз бұл саябақты балалар саябағы деп те атаймыз. Қаланың тазалығын сақтау, оған атсалысу – әрқайсымыздың күнделікті үлесіміз болуы керек, — деді Жетісу облыстық Іскер әйелдер кеңесінің төрағасы Римма Салыкова.

Облыстық мәслихат депутаты Гүлназ Мұстапа да пікір бөлісті:

Наурызнама онкүндігінің Тазару күнінде бүкіл облыс болып сенбілік өткізілуде. Санитарлық тазалыққа бәріміз де өз үлесімізді қосып жатырмыз. Бүгінгі белгіленіп берген аумақты ғана емес, жалпы өзіміздің жүрген-тұрған жерімізді түгел, жалпы маңайымызды таза ұстап үйренуіміз керек. Сонда ауа да таза болады, жастарға да жақсы үлгі көресетіміз. Айналамызды тазарту арқылы біз көңілімізді де, жүрегімізді де таза ұстаймыз, өмірімізде де, жұмысымызда да реттілік болады, — деді ол.

Сенбілікке қатысушы мемлекеттік қызметші Айгүл Шнырбаева да белсенділік танытты:

Қоршаған ортаға деген қамқорлыққа, туған қаламызға туған үйіміздей қарауға балаларды отбасында жастайынан дағдыландыруымыз керек. Сондықтан осындай түрлі экологиялық акцияларды жиі-жиі өткізіп тұрған дұрыс. Бұл – ең алдымен біздің балаларымыздың болашағына деген қамқорлық, — деді Айгүл Қапасқызы.

Сенбілік аясында облыс аумағындағы 141 саябақ пен скверлерге саниталық тазалық жұмыстары жүргізілді. 183 техника жұмылдырылып, 1 320 тонна қоқыс шығарылды.

«Таза Қазақстан»: Астаналық спортшылар тазалық жұмысын жүргізді

Наурыз мейрамы – табиғат пен адамзаттың жаңаруын бейнелейтін ерекше мереке. Бұл күні игі істерге бастамашы болу дәстүрге айналған. Осы орайда Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының бастамасымен «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы ұйымдастырылып, қаланың әртүрлі орындарында спортшылар өздерінің жарыс өткізетін орындарын қоқыстан тазартып, қаланың көркеюіне үлес қосты

«Таза Қазақстан»: Тазару күнінде аймақтарда сенбіліктер өтіп жатыр

.

Акция барысында спортшылар, бапкерлер, сондай-ақ қала тұрғындары мен қонақтары бірігіп, Наурыз мерекесі аясында өткен спорт сайыстарының орындарында тазалық жүргізді.

«Наурыз мейрамы аяқталған соң ЭКСПО алаңында жарыс өткізген бапкерлер мен қала тұрғындары бірігіп, орындарды жинап шықты. Бұл бастама – қоршаған ортаны таза ұстауға деген құрметтің белгісі. Спорт тек денсаулықты нығайту ғана емес, ол – тәртіп пен жауапкершілік. Біздің спортшылар үлгі бола отырып, жастарды табиғатты қорғауға шақырады», – деп атап өтті ұйымдастырушылар.

«Таза Қазақстан» акциясы жыл сайын өтетін экологиялық бастама ретінде қоршаған ортаға қамқорлық жасаудың маңыздылығын көрсетеді.

Таразда экологиялық акцияға 50-ден аса қала жастары қатысты

Бүгін Таразда “Таза Қазақстан” экологиялық акциясы аясында тазалық жұмыстары жүргізілді.

«Таза Қазақстан»: Тазару күнінде аймақтарда сенбіліктер өтіп жатыр

Экологиялық акция қаланың бірқатар нүктесінде ұйымдастырылды. Соның бірі — Денсаулық саябағы. Мұнда Облыстық жастар ресурстық орталығының және “Жасыл ел” еріктілер жасағынан 50-ден аса жас жиналып, арық-атыздар мен жолдағы күл-қоқыстарды тазалады.

Айта кетейік, Жамбылда наурыз-сәуір айларына жоспарланған 10,9 мың тал ағаштарын отырғызу, 17 мың м2 гүлзарлар мен 5,7 мың м2 көгалдар орналастыру, 803,8 шақырым арық жүйелері мен каналдарды тазалау, 2 781 шақырым көше жолдарын, 668 140 м2 саябақтар мен скверлердің аумақтарын тазалау, 5,0 мың тонна күл-қоқыс шығару жұмыстары кестеге сәйкес кезең-кезеңімен жүргізілуде.

Алматыда әскери оқу орнының жеке құрамы Тазару күнінде экологиялық акция өткізді

"Наурызнама" онкүндігінің соңғы күні Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтында Тазару күні өтті. 1500-нан астам әскери қызметші, курсанттар мен мерзімді қызмет сарбаздары көшет отырғызуға, институт аумағын және оған іргелес аймақтарды абаттандыруға қатысты.

«Таза Қазақстан»: Тазару күнінде аймақтарда сенбіліктер өтіп жатыр

Акцияны институт бастығы генерал-майор Нұртас Қабақов басқарды.

Көгалдандыру — бұл қала экологиясы мен оның тұрғындарының болашағы. Біз үшін бұл бір реттік акция емес. Институттың әскери қызметшілері осындай іс-шараларға үнемі қатысып тұрады, — деп атап өтті ол.

Экологиялық акция аясында 150-ге жуық ағаш отырғызылып, аумақтарды ауқымды тазарту жұмыстары жүргізілді.

Біз қаланың орталық көшелерінің біріне көшет отырғыздық. Енді бірнеше жылдан кейін өсіп шығатын ағаштар қаланың келбетіне сәйкес келмек, – деді 2 курс курсанты Ерасыл Әскербеков.

Әскери институттың жеке құрамы қаланы көгалдандыруға, жасыл желектерді күтуге, мемориалдық саябақтар мен скверлерді абаттандыруға үнемі қатысып тұрады.