Ұлтты ұйыстырған Ұлттық құрылтай. Жанна Асанова
Жанна Асанова, ҚР Парламенті Сенатының депутаты ...
Үржар ауданында жұмысшы мамандыққа қызыққан жастар көбейіп келеді, деп хабарлайды 24KZ. Былтыр оқу орнына 120 бала түссе, биыл олардың саны арта түскен. Бүгінге дейін 7 мыңнан астам адам білім ордасынан түлеп ұшты. Олардың арасында колледждің қазіргі басшысы да бар.
Сабырбек Сәбитовтың еңбек кітапшасында бір ғана мекеменің мөрі басылған. Ол Үржар колледжі. 1982 жылы осында оқуға түскен. Оқуын тәмамдаған соң қарапайым инженер болып жұмысқа тұрған. 2023 жылдан бері колледж директоры қызметінде.
Сабырбек Сәбитов, Үржар колледжінің директоры:
- Қазіргі заманда мықты маман білгір, білікті болып шығуы керек. Сол кезде ол сұранысқа ие болады, қай жерде жүрсе де. Ауылда істеп жүрген қожалық ашып алып, жеке кәсібін дөңгелетіп отырған. Қауын қарбыз егіп, диқаншылықпен шұғылданып отырған балаларымыз бар. Жер алам десе, жерін беріп жатыр, мал өсіріп жатыр. Тек қана ерінбей еңбек етсе болды, бәрі бар қазір.
Үржар колледжінің 60 жылдық тарихы бар. Бүгінге дейін 7 мыңнан астам студент осы оқу орнын бітірген. Көбі туған елінде қалып еңбек етіп жатыр. Жанерке Жақанова қазір бірінші курста оқиды. Аспаз болуды бала күнінен армандаған. Оқуын аяқтаған соң Үржарда қалып, мейрамхана ашқысы келеді.
Жанерке Жақанова, студент:
- Маған аспаз мамандығы қатты ұнайды. Мен басында осы колледж туралы теріс ойда болғанмын. Осында келген соң ойым жақсы жаққа өзгерді. Отбасымда апайым осында оқып бітірген. Қазір жақсы маман иесі. Аспаз болу өмірде керек нәрсе ғой. Қайда болсын тамақ жасай білу – адамға керек зат. Осы аспаз мамандығымен өзімнің армандарымды орындаймын деп ойлаймын.
Колледж басшылығы бүгінде ветеринар, кондитер және слесарь-жөндеуші секілді мамандықтарға сұраныс артқанын айтып отыр. «Сондықтан білікті маман дайындап шығу маңызды», – дейді.
Қайрат Самбаев, арнайы пән мұғалімі:
- Бұл қызықты да қиындау, бірден түсіндіру үшін көптеген іс-әрекеттер керек. Бірінші теориядан білім береміз, сосын егістікте далада жұмыс істейді балаларымыз. Оның бәрін көріп те жүр, тракторды үйреніп те жүр. Мынау енді біздің автомобиль аудиториясы. Мұнда да техникадан техниканың айырмашылығы жоқ.
Мекеме басшылығы колледждің материалдық-техникалық базасын жаңарту үшін 67 миллион теңгеге бюджеттік өтінім берген. Егер қаражат бөлінсе, білім ошағының қазандығы жаңартылып, ауыл шаруашылығы техникаларын алу жоспарда бар.
Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Берік Жобалайұлы