• 29-03-2025

Ақтөбеде қыздар арасында винтовкадан ату республикалық жарысы басталды

Ақтөбеде пневматикалық винтовкамен атудан өтетін дәстүрлі «Мерген ару» республикалық ашық біріншілігі басталды.

Осымен он бесінші мәрте ұйымдастырылып отырған мергендік сайыс биыл әйгілі снайпер, Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың 100 жылдық мерейтойына арналып отыр. Бұл жолы мергендік қабілетін сынға салуға еліміздің 15 облысынан 70-ке жуық жас спортшы қыз келген. Олар екі санат бойынша – винтовканы тіреуге қойып және тіреусіз жағдайда нысанаға дәл тигізу бойынша бақ сынайды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл біріншілік – тек спорттық жарыс қана емес, жас аруларды табандылыққа, дәлдікке және патриоттық рухқа тәрбиелеудің маңызды алаңы.

Серік Сраж, жарыстың бас төрешісі:

- Бұл енді алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәні сабағында өткізілетін негізгі тараулардың бірі. Оқушылар өзінің шеберлігін осы жаттығуларды орындау арқылы көрсетеді. Екеуі қосып есептеледі. Максималды ұпай саны — 200. Жалпы балалардың дайындығы, осы спорт түрінен шеберлігі өте жоғары деп санауға болады.

Ұлболсын Өтегенова, жарысқа қатысушы:

- Бізде әр оқушыға, әр қатысушыға жеке өзінің мылтығы болады міндетті түрде. Сол адамның көзіне кучностьқа баптап береді. Және он оқу беріледі. үш пробный және он оқ. Әр оқтан он балдан санаған кезде жүз балл болуы керек.