• 30-03-2025

Екібастұздағы зауыт айына 240 вагон шығарады

Үкімет басшысы өндірістік өңірдегі кәсіпорындардың жұмыс барысымен танысты .

Бүгін Премьер-министр Олжас Бектенов Павлодар облысына қарасты Екібастұз қаласындағы екі ірі өндіріс орнына барды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Алдымен Үкімет басшысы "KAZ Minerals Bozshakol" ЖШС-не ат басын бұрды. Бұл зауыт жылына 30 млн тонна кен өңдейді. Өткен жылы 105 мың тонна мыс, мыс, алтын, күміс және концентраттағы мырыш өндірді. Дайын өнім Қытай, Түркия, Өзбекстан мен Бельгияға экспортталады. Бұл ретте Олжас Бектенов еліміз өңдеу саласына көшуі керек екенін алға тартып, Салық кодексінде жоғары өңделген тауарлар өндіретін орындарға салықты аз төлейтін қосымша жеңілдіктер қарастырылғанын атап өтті.

Сонымен қатар, аталмыш кәсіпорын Жұмысшы мамандықтары жылы аясында жас мамандарды даярлауға баса назар аударып келеді. Биыл кәсіпорын ақылы тағылымдамадан өту үшін 200-ден астам студент тартуды жоспарлап отыр. Жалпы, аталмыш компанияда барлығы 14 мыңнан астам адам жұмыс істейді.

Екібастұздағы тағы бір ірі кәсіпорын — "Қазақстан вагон жасау компаниясы" ЖШС әмбебап жартылай жүк вагондарын, жабық вагондарды, вагон-платформаларды шығарады. Кәсіпорын құрылғалы бері мұнда 9 мыңнан астам жартылай вагон, 26 платформа және 2 жабық вагон шығарған. Өндірістік қуаты айына 100-ден 240 вагонға дейін артты.

"Біздің еліміз транзит пен логистикада орасан зор әрі толық ашылмаған әлеуетке ие. Теміржол жүйесі вагондарды жаңартуды қажет етеді. Сондықтан біз кәсіпорындардың өндірісті кеңейту бастамаларын қолдаймыз", — деді Олжас Бектенов.

Бұл ретте Премьер-министр жартылай вагондар мен жабық вагондарды жеткізуге ұзақмерзімді оффтейк-келісімшарттарын жасау мүмкіндігін қарастыруды да тапсырды.