• 31-03-2025

Өскеменге бірыңғай дизайн-код енгізіледі

Өскеменде бірыңғай сәулет стилін қалыптастыру үшін ортақ дизайн-код енгізіледі.

70 жыл бұрын салынған ескі нысандар бір түске боялып, сырты жаңғыртылады. Негізі жоба былтыр басталып, екі көшенің келбеті өзгерген еді. Биылғы жоспар қандай?

Өскеменде көне ғимарат көп. Мысалы, Чехов атындағы көшеде кезіндегі көпестердің үйлері әлі тұр. 9-ғасырдың соңында салынған бес қабатты нысандар мен еліміздегі алғашқы кинотеатр да осы қалада. Қазір барлығы ескіріп,шаһардың сәнін кетіріп тұр. Сондықтан сәулетшілер қаланың ескі бөлігіне ортақ сәулет стилін енгізбекші. Бұл тұрғыдағы жұмыстар басталып та кетті.

Эльмира Ахметова, тілші:

- Бұл үйлердің салынғанынан 70 жылдан асты.Кетеуі кете бастаған баспаналар қалаға сүреңсіз реңк беріп тұрған еді.Қазір олардың сырты бір түске боялды,ауласы да алаңғай іспетті қалыпқа келтірілді.Қаладағы барлық ескі ғимарттарды осындай әдемі өзгеріс күтіп тұр дейді сәулетшілер.

Ардагер сәулетші Сергей Комлевтың айтуынша, шаһардың келбетін өзгерту мәселесінде кәсіби көзқарас керек. Әйтпесе тарихи маңызы бар ғимараттар бүлінуі мүмкін. Ол Өскеменнің барлық бөлігін қамтитын ортақ дизайн-код жасау қажет дейді. Және әрбір шешім сәулетшілер кеңесінің талқысынан өтуі тиіс.

Сергей Комлев, сәулетші:

- Қалада ондаған көне үй бар.Олардың әрқайсын тарихи мәдени ескерткіш деп санауға болады. Ендеше оларды бояп,сырлап әрлеу кезінде үлкен сақтық таныту керек. Бұл жұмысты істейтін ұйымдардың дә тәжірибесі мықты болғаны жөн.

Ортақ дизайн код дайын болғанша, қаланың келбеті бас жоспарға сай өзгертіліп жатыр.

Замира Мұрсалимова, қала әкімінің баспасөз хатшысы:

- Өскемен қаласында күндіз ғана емес түнде де жақсы болып тұруы үшін түнгі сәулеттік жарықтандыру жасап жатырмыз. Осы жұмыстар қаламыздың бас жоспар аясында жүргізіліп жатыр, қазіргі таңда Қазақстан көшесі мен Шәкәрім даңғылында жұмыстар жүріп жатыр.

Ертістің жағасындағы қаланың ажарын ашатын жобалар әлі де жүзеге асады, дейді мамандар. Бұл орайда тұрғындардың да ой-пікірі ескерілмек.

Эльмира Ахметова, Дмитрий Пыхтин