
Маңғыстаудың географиялық орналасуы, табиғи тартымдылығы, тарихи-мәдени мұраларының молдығы мен сәулеттік ерекшелігі өңірдің туристік әлеуетінің аса қуатты екенін аңғартады. Аймақта туризм туралы айтқанда, бірінен бірі асып түсетін, бірінде жоқты бірі толықтыратын орындар мен нысандарды шабыттана баяндауға болады.
«Ықылым заманда бұл өңір толқыны тулаған мұхиттың астында жатты дейді. Күні бүгін қыр кезіп, сахара шарлаған жүргінші аяқ астынан тауып ала беретін теңіз жануарларының сүйегі, тісі – мынау жатқан момақан даланың бізге ашпаған әлі талай сыры бар екенін меңзейтіндей.
Маңғыстау – ежелден Батыс пен Шығыс арасындағы тарауы тоқсан күре жолдардың үстінде жатқан мекен. Жер бедері де, ел бедері де өзгеге ұқсамайтын ғажайып өлке туралы араб жылнамашылары да, түркі тарихшылары да, Еуропа мен Ресей зерттеушілері де үздіге жазған, үзіле сөз қылған. Расында, бұл бір Жаратқанның ерекше ықыласы түскен жер болса керек. Жазиралы ну, желекті су болмаса да алыстан аңсар аударып тұратын кереметтер мұнда да жетерлік. Анау мұхит тартылған кезде акуланың азуындай сойдақталып қалып қойған Бозжыра, қолдан қашалғандай құлама жартасты Айрақты, алып тақиядай Шерқала, Отпан мен Бесшоқы, Манаты мен Өрмелі – тұлғасы таудан да айбарлы, қаһарлы жоталар.
Теңізге ұмсынып келіп, жете алмай құлаған Жығылған... Жақпар тастар мен жалама шыңдардың мекені. Тамшалы мен Саура шөлейт даланың төсінен шығып тұрған тіршілік нәріндей – шұрайлы, құнарлы жерлер», деп өлкетанушы журналист Алмас Алтай жазғандай, Маңғыстауда туристерді өзіне шақырып тұрған мекен көп. Биыл сол көрікті көп орын арасынан Бозжыра мен Айрақты алдымен назарға ілікті.
Бұдан бірнеше жыл бұрын Бозжыра шатқалында туристік бутик салу мәселесі көтерілгенмен, тұрғындар тарапынан тегеурінді қарсылыққа тап болды. Қарсы болғандар табиғаттың төл туындысына адамзат қолын араластырмай табиғи күйінде сақтау керек десе, қолдаушылар көрікті жерді жабайы туризмнен сақтаудың бірден-бір жолы ол жерді арнайы туристік орталыққа айналдырып, табиғаты мен тазалығын, тәртібін заңды тұрғыда қолдап-қорғау қажет дегенді айтты. Екі тараптың дауына айналған мәселе сол жылдары басылып қалғанмен, биыл қайта көтерілді.
Мемлекет басшысы үкіметтің кеңейтілген отырысында туризм экономиканың өсуіне жаңаша серпін беретін сала болуы қажет екенін баса айтып, инвестор тарту арқылы туристік орындарды дамыту туралы тапсырма берген болатын. Президенттің туризмді дамытуға қатысты тапсырмасына сәйкес, Маңғыстау облысында жаңа жобаларды жүзеге асыру жоспарланып, көп ұзамай Жаңаөзен қаласында «Бозжыра» визит орталығының даму тұжырымдамасы таныстырылды. Бозжырада туристік нысандар салу бойынша өткен алдын ала қоғамдық тыңдауға ардагерлер, азаматтық қоғам өкілдері, қоғамдық кеңес мүшелері, мәслихат депутаттары, табиғат жанашырлары және сарапшылар қатысты.
Жаңаөзен қалалық әкімдігінің хабарлауынша, отандық инвесторлар жеке қаражатына Бозжырада жылына 30-40 мың туристі қабылдай алатын визит орталығын және туристік нысандар салуды көздеп отыр. Жаңа жобаны Шарын, Көлсай, Аюсай сынды туристік аймақтарындағы визит орталықтарының құрылысын жүргізген әлемдік деңгейде тәжірибесі бар отандық компания жасақтаған. 2026 жылы аяқталатын орталық барлық экологиялық талаптарды әрі тұрақты туризм қағидаттарын ескере отырып салынатын болады.
Орталық терең іргетасты қажет етпейтін жиналмалы жеңіл конструкциялардан тұрғызылады және жер бедеріне қарай 400-ден 1000 мм биікте орналасады. Сумен, электрмен жабдықтау және қалдықтарды өңдеу мәселелері қоршаған ортаға зиян тигізбейтіндей етіп шешіліп, қалдық суды тазартатын биотазарту жүйелері, қоқысты сұрыптап жинау, күн сәулесімен қоректендіру қарастырылған. Сонымен қатар шатқалдың жоғарғы бөлігінде қазақи нақышта безендірілген глэмпингтер, мұражай, қарау алаңдары мен шайхана бой көтерсе, төменгі жағынан этноауыл стилінде туристік қалашық, эко-глэмпингтер мен басқа да туристік нысандар салынбақ. Табиғи ландшафт пен мәдени мұраны сақтап, саяхаттаушыларды көшпелі өркениет әлеміне жетелеп, қазақ халқының тарихын, салт-дәстүрін насихаттауды мақсат еткен туристік нысанға дейін жол салынып, тоқ тартылады. Жоба жүзеге асқан кезде тұрақты 70 жаңа жұмыс орны ашылып, жақын маңдағы елдімекен тұрғындарының ауылшаруашылығы өнімдерін, қолөнер бұйымдарын сатуына мүмкіндік жасалады. Қоғамдық тыңдау нәтижесінде жоба қолдау тапты, жиынға қатысушылар арасынан оң пікірлерін айтқандар аз болған жоқ.
Айрақты тауы аймағында визит орталығын салу бойынша қоғамдық тыңдау Маңғыстау ауданының орталығы Шетпе ауылында өтіп, жиында Айрақты тауының аймағында визит-орталықтарын, сондай-ақ туристер мен жергілікті тұрғындар үшін жағдайды жақсартуға бағытталған басқа инфрақұрылымдық нысандардың құрылысын жүргізу мәселелері талқыланды.
Туристерге қолайлы әрі жайлы кеңістік қалыптастыру, қонақтарға аймақтың ерекше табиғатымен толығырақ танысуға жол ашып, көшпелілердің дәстүрлі мәдениетінің рухын сезінуге мүмкіндік беруді, қоршаған ортаны ұқыпты пайдалануды көздейтін жоба бойынша Айрақты тауы етегінде отандық жеке инвестордың қаражаты есебінен 15 геокуполды шатырдан тұратын глэмпингтер, этно ауыл, шайхана және мейрамхана салынады. Жоба авторларының айтуынша, бұл визит орталығы өңір экономикасының ілгерілеуіне және ішкі, шетелдік саяхаттаушылардың санын арттыруға, сонымен қатар жергілікті тұрғындардың кәсіп ашуына, өз өнімдерін сатып, табыс табуына мүмкіндік береді. Жоба сәтті жүзеге асқан жағдайда 50-ден астам жаңа тұрақты жұмыс орны ашылады.
«Маңғыстау – еліміздегі ең жас туристік бағыттардың бірі. Он жылға жетпейтін уақыт ішінде Қазақстан ғана емес, бүкіл әлем елдерінен қаншама турист Маңғыстауға келіп, Марстың көшірмесін көргендей таңданысқан сәті көп-ақ. Каспий теңізін жағалай салынған суперзаманауи отельдер мен көңіл көтеру орындары Ақтауды Орталық Азиядағы ең жақын әрі ең сапалы демалыс аймағына айналдырып жіберді», деп толғанады журналист А.Алтай. Рас-ақ! Маңғыстаудың туристік тынысы ашылар сәт әлі алда.
Маңғыстау облысы