• 02-04-2025

Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан арасындағы шекара дауына нүкте қойылды

31 наурызда Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан президенттері Худжанд қаласында кездесіп, мемлекеттік шекараларының түйісу нүктесі туралы келісімді бекітті. Сондай-ақ мәңгі достық туралы декларацияға қол қойды, деп хабарлайды 24KZ.

Телеарна тілшілерінің хабарлауынша, мемлекеттер басшылары тиісті құжаттарды Тәжікстанның Худжанд қаласында өткен саммит кезінде қабылдады.

Үш елдің мемлекеттік шекаралараның түйісу нүктесі Өзбекстанның Ферғана, Қырғызстанның Баткен және Тәжікстанның Соғды облыстарының шекаралас аймағында орналасқан. Бұл орынды анықтау туралы келіссөздер 17 жыл бұрын басталған. Тараптар тек былтыр ғана ортақ келісімге келді. Биыл қаңтарда осы түйісу нүктесінде үш ел басшысының кездесуі өтті. Өзбекстан президенті мұнда ескерткіш орнатуды ұсынып, қалғандары бұл бастаманы қолдаған еді.

Телеарна мәліметіне сүйенсек, 2022 жылы Қырғызстанда Кемпір-Абад деп аталып кеткен Андижан су қоймасы Өзбекстан иелігіне өтті. Орнына ресми Ташкент шекаралас жерлерді берді. Кейін Қырғызстан мен Тәжікстан да кей аумақпен айырбас жасап, су құрылымдарын ортақ пайдалануға келісті. Тиісті құжатқа биыл 13 наурызда Бішкекте Садыр Жапаров пен Эмомали Рахмон қол қойды. Ал 31 наурызда Худжандта екі ел басшысы келісімшартты ресми бекіту қағазымен алмасты. Мемлекет басшылары шекаралардың түйісу нүктесі туралы келісім әр елдің аймақтық тұтастығы мен егемендігіне құрмет көрсету әрі Орталық Азиядағы тиімді серіктестіктің үлгісі екенін атап өтті. Құжаттың экономикалық байланыстарды нығайтып, инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру және өңірде туризмді дамытуға септігін тигізетінін айтты.