Қызылордалық оқушылар донорға арналған смарт-қосымша жасады
Қызылордалық өнертапқыш оқушылар донорларға арналған смарт-қосымша жасады . Жобаның мақсаты- тұрақты донар ...
Ақмола облысында ғалымдар құрғақшылық пен түрлі ауруларға төзімді бидайдың жаңа сұрпын шығарды, деп хабарлайды 24KZ. Ол аймақтың климаттық жағдайына толық сәйкес келеді. Жаңа сұрыптың артықшылығы мен кемшілігі арнайы алқаптарда сыналады. Жан-жақты тексерістен өткен соң ғана өндіріске жолданды.
Шортанды 24. Ақмолалық ғалымдар жаңа тұқым сұрпын осылай атаған. Оның ерекшелігі: қуаңшылыққа шыдамды, ауруларға төзімді. Қазір зертханалық жағдайда сынақтардан өтіп жатқан жаңа тұқым енді 3-4 жылдан кейін ғана егіс алқабына себіледі. Ғалымдар бұл сұрыптың алдағы уақытта жоғары сұранысқа ие болатынына сенімді.
Елжас Қайыржанов, А. Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының бөлім меңгерушісі:
- 2024 жылы бірінші жыл сынақтан өтті. Әлі 2 жыл сынақтан өтеді. Ол сорттың да болашағы зор деп ойлаймын. Өнімділігі өте жоғары. Сапа көрсеткіштері бойынша жақсы сорт.
Ал осыдан бірнеше жыл бұрын ғалымдардың тәжірибелік сынамалары арқылы шығарған «Таймас» сұрпы жан-жақты тексерістен өтіп, өндіріске жолданды. Енді бұл дақылды аймақтың кез келген диқаны өз алқабында себе алады. Былтыр ғылыми-өндірістік орталығының ғалымдары «Таймаc» тұқымын 100 гектар алқапқа сеуіп, гектарына 35 центнерден өнім алған. Сондай-ақ жаңа сұрып арқылы Ғылым қорынан арнайы грант ұтып алыпты.
Елжас Қайыржанов, А. Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының бөлім меңгерушісі:
- Үш жылға 300 млн теңге қаражат бөлінді. Сол бойынша жаңа техника алдық. Тазалау құрылғыларын алдық. Яғни ең басты мақсат – сол сорттың 100% тазалығын сақтап, элиталы оригиналды тұқым шығарып, шаруашылықтарға еңгізу.
«Жалпы дәстүрлі әдіспен бір жаңа сұрыпты шығару үшін кемінде 15 жылға дейін уақыт кетеді. Ал соңғы жылдары қолданылып жүрген биотехнологиялық әдіс бойынша бұл мерзімді 2 есеге қысқартуға болады», – дейді мамандар. Сондай-ақ соңғы жылдары әртараптандыруға байланысты майлы дақылдарға сұраныс артқан.
Қанат Ақшалов, А. Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының зертхана меңгерушісі:
- Біз шаруаларға әртүрлі тұқым сұрыптарын ұсынамыз. Мысалы, алқап ылғалды болса, онда көбінесе майлы дақылдар егуге кеңес береміз. Жаңа тұқым сұрпын шығарудағы біздің мақсатымыз – егін шығынын азайтып, шығымдылығын арттыру. Яғни өнім көлемін ұлғайту.
Айта кетейік, аталған орталық осы уақытқа дейін дәнді дақылдардың 100-ден астам түрін шығарған. Одан бөлек, олардың жасаған топырақты қорғау жүйесі елімізде ғана емес, алыс-жақын шет елдерде де кеңінен қолданылады.
Авторлары: Абзал Азаматұлы, Виктор Полянный