
2024 жылы ерлердің жалақысы әйелдерге қарағанда жылдамырақ өсіп, айырмашылық 36%-ға жетті. Гендерлік теңсіздік әсіресе жоғары білікті мамандар арасында анық байқалады.
Ер азаматтардың жалақысы әйелдерге қарағанда өте жылдам қарқынмен артуда. Бұл статистика көрсеткіштері. Білімі мен біліктілігі тең болса да, әйелдердің табысы неге аз? Бұл гендерлік теңсіздік пе? Caravan.kz медиа порталы жалғастырады.
Қазақстанда ерлер мен әйелдердің жалақысы арасындағы айырмашылық жылдан жылға ұлғайып келеді. 2024 жылғы мәліметтерге сүйенсек, жалпы экономика бойынша (шағын бизнесті есепке алмағанда), ерлердің орташа айлық жалақысы 468,9 мың теңгені құраған. Ал әйелдер – 344,5 мың теңге көлемінде. Номиналды түрде ерлердің жалақысы бір жылда 12%-ға, әйелдердікі – 10,7%-ға өскен. Алайда нақты мәнде бұл өсім айтарлықтай емес: ерлерде – 3%, әйелдерде – небәрі 1,8%.
Ерлер табатын табыс қатарынан үшінші жыл әйелдерден жылдамырақ өсіп келе жатыр. Яғни гендерлік жалақы айырмашылығы жылдан жылға ұлғаюда. Бүгінде елдегі барлық экономикалық сала мен қызмет түрлерін есепке алғанда, ерлердің орташа жалақысы әйелдермен салыстырғанда 36%-ға жоғары.
Бұл айырмашылық жоғары біліктілік талап етілетін салаларда да анық байқалады. Мысалы, «Басшылар мен мемлекеттік қызметшілер» тобы бойынша ерлердің орташа жалақысы 776,3 мың теңге, әйелдердікі – 561,9 мың. Айырмашылық – 38%. «Кәсіби мамандар» тобында да ұқсас жағдай: ерлер – 538,5 мың теңге, әйелдер – 395,3 мың теңге, айырмашылық – 36%.
Айта кетерлігі, кәсіби мамандар қатарында әйелдер ерлерге қарағанда екі есе көп. Ал жалпы қызметкерлер арасында ерлер мен әйелдердің үлесі шамалас. Кәсіби мамандар саласында әйелдің 75%-ы білім беру және денсаулық сақтау/әлеуметтік қызмет көрсету саласында еңбек етеді. Ерлер арасында бұл көрсеткіш 41% шамасында ғана.
Бұл екі салада да жалақы жоғары емес. Білім беру саласындағы әйел мамандардың орташа айлығы – 360,2 мың теңге, ерлердікі – 370,6 мың. Денсаулық сақтау мен әлеуметтік қызмет саласында да ұқсас: әйелдер – 370,2 мың, ерлер – 413,6 мың.
Жалақының өсу қарқыны инфляциядан қалып келеді. 2023 жылмен салыстырғанда білім және денсаулық сақтау салаларында жалақы 5-6,5%-ға ғана өскен, ал тұтыну бағалары 8,7%-ға артқан. Сәйкесінше, бұл саладағы мамандардың нақты табысы төмендеген.