• 16-06-2025

Қостанайда KIA зауыты бой көтерді

Қостанай өңірінде ел автоөнеркәсібінің жаңа дәуірі басталуға таяу. Еліміздің өнеркәсіп тарихындағы ең ірі инвестициялық жобалардың бірі саналатын – KIA компаниясының автокөлік зауытының құрылысы аяқталуға жақын . Бұл – тек көлік өндірісін жолға қою емес, шетелдік алпауыттармен бірлескен өнеркәсіптік кооперацияны жаңа деңгейге көтеретін маңызды қадам, деп жазады Egemen.kz.

Осы аптада зауыт аумағында бұқаралық ақпарат құралдарына арналған баспасөз туры өтіп, журналистер өндіріс алаңын аралап, жобаның ауқымы және алдағы жоспарлармен танысты. Жоба 2023 жылдың қарашасында басталған болатын. Құрылыс жұмыстары қазіргі таңда толық аяқталып, техникалық инфрақұрылым мен құрылғыларды орнату соңғы сатысына жеткен.

зауыт

KIA зауыты – Оңтүстік Корея автоөндірушісінің Қазақстанда тікелей инвестиция салған алғашқы жобасы. Жобаның жалпы құны 105 миллиард теңгені құрайды. Болашақта зауыт жылына 70 мың автокөлік шығара алады. Бұл – ішкі нарықты қамтамасыз етіп қана қоймай, экспорттық әлеуетті арттыратын өндіріс.

«Президент KIA маркалы автокөліктерді ұсақ торапты әдіспен құрастыру желісінің іске қосылу рәсіміне қатыса отырып, өнеркәсіптік кооперацияны кеңейту мен инженерлік базаны қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті. Бұл – автоөндіруші концерннің Корея Республикасынан тыс жерде бірлескен кәсіпорынға тікелей инвестиция құйған алғашқы тәжірибесі. Сонымен қатар, зауыт іске қосылғаннан кейін 1 500 жаңа жұмыс орны ашылады», деді аймақ басшысы.

Зауыттың өндірістік корпусы 96 мың шаршы метрді қамтиды. Мұнда бес ірі цех – дәнекерлеу, кузов бояу, пластик бояу, құрастыру және қосалқы бөлшектер қоймасы орналасқан. Сонымен бірге әкімшілік-техникалық ғимараттар мен логистикалық алаңдар толық қамтылған.

Металлоконструкциялар орнатылып, ғимараттың сыртқы бөлігі сэндвич-панельдермен қапталған. Оңтүстік Корея мен Қытайдан 800-ден астам контейнермен қажетті жабдықтар жеткізілген. Дәнекерлеу цехындағы құрылғылар толық орнатылып, бояу желілерін монтаждау жұмыстары аяқталуға жақын. CKD (ұсақ торапты) және DKD (ірі торапты) құрастыру желілері әзір тұр.

зауыт

Биылғы шілде айында алғашқы пилоттық көліктер құрастырылады. Ал толық өндіріс желісі 2025 жылдың қазанында іске қосылады. Жыл соңына дейін шамамен 3 мың көлік шығару жоспарда бар. Алғашқы кезеңде Cerato, Sorento және Sportage модельдері өндірілмек. Кейіннен K5, Ceed, Seltos, Soul және Picanto үлгілері де конвейерге қойылады. Барлығы 13 түрлі модель.

Зауыт іске қосылған сәтте 1 500-ге жуық адам жұмыспен қамтылады. Бүгінде кәсіпорында 520 маман жұмыс істеп жатыр, ал жақын арада бұл көрсеткіш 830-ға жетпек. Жаңа мамандар үшін арнайы оқу орталығы құрылып, теориялық және тәжірибелік даярлық кезең-кезеңімен жүзеге асып жатыр.

Жоба іске қосылғаннан кейін Қостанай облысының өңдеу өнеркәсібіндегі өсім 46,5 пайызға жетеді деп күтілуде. Осы мақсатта мемлекет тарапынан да тиісті инфрақұрылым жасақталуда: 6,7 миллиард теңге бюджет қаржысы кірме жолдар, автотұрақтар мен тасжолдарға бағытталған. Теміржол желісі пайдалануға берілді, автожол құрылысы аяқталуға жақын.