• 14-03-2025

Қазақтың қайсар қыздары

Құрлықта : 76 жасында Азия чемпионы

Президенттік көпсайыстан құ­рама команда мү­шесі, марафоншы Әмегүлсін Мұсылманова­ның мамандығы – дене­­­шынық­тыру пәні мұғалі­мі. Бүгінгі күнге дейін шаңғы, тау трейлдері, көп­са­йыс, керлинг, теннис сынды спорт түрлерінен де дода­ларға қатысып, шеберлігін сынаған.

2023 жылы қарашада Филиппин астанасы Мани­лада Азия біріншілігі өтті. 76 жастағы Әмегүлсін әже бірнеше қашықтықта озық шығып, ел мерейін асырды. Марафоншы әжей тегіс жолда ғана емес, тауда жүгіруден де байрақты додаларға қатысты. Әмегүлсін әже 8 жылдың ішінде 6 елге табаны тиіп, еліміздегі, шетелдегі сайыстарды қосқанда 121 марафонда бағын сынады.

а

Қияда: Эвересті еңсерген Анар

Былтыр 12 мамырда жерлесіміз Анар Бұрашева Жер шарының ең биік шыңы Эверестке шығып, қазақ қыздары арасынан әлемнің ең биік нүктесіне табан тіреген тұңғыш альпинист атанды. Альпинизмді тұрақты өмір салтына айналдырған Анар жуырда тағы бір шыңға көтерілді. Аргентинаға тиесілі Аконкагуа шыңына да қазақ қызының табаны тиді. Теңіз деңгейі­нен 6962 метр биіктегі шың оңтүстік Американың ­ең биік нүктесі саналады. Құрамында А.Бұрашева ­бар экспедиция Аконкагуа шыңына шығу сапарын 21 күнге жоспарлаға­нымен, 14 күнде еңсерді.

Анардың ен­дігі межесі – Сол­түстік Аме­ри­кадағы Мак-Кин­ли тауы. Осы көк тіреген ас­пан­таудың Де­нали шы­ңына шы­ғуды мақсат етіп отыр.

рр

Суда: Антарктиданы жүзіп өткен Әнел

Әнел Сыт­ды­қова ТМД мем­лекеттері арасын­да Антаркти­да­ны жүзіп өткен ­тұң­ғыш нәзік жан­ды атанды. 750 метр қашық­тық­ты 19+ ми­нутта жүзіп өту үшін қолайлы ауа ра­йы­н 10 күн күтті. Триатлон спортынан тұңғыш болып «Қазақ­станның темір ханымы» атанған Әнел Ан­таркти­даны жүзіп өтуге бел буып, зор тәуекелмен мақсатын ­орындады.

Әнел бірнеше жыл бұрын Францияның сол­түс­тігінен Британ аралдарының оңтүстік-шығысын жал­ғаған Ла-Манш бұғазын жүзіп өтіп, таңдай қақтыр­­ған болатын. 34 шақырым қашықтықты 15 сағат 15 минутта гидрокостюм кимей-ақ жүзіп өтуі – таңға­жа­йып нәтиже.