Тіл туралы заң: қоғамдық тамақтану орындарына қандай талап қойылады?
Кез келген бизнес Қазақстан Республикасының тіл туралы заң талаптарын сақтауға міндетті. Ереже бұзылса, кли ...
akorda.kz
Жыл өткен сайын жаһандық шиеленістер өршіп, мемлекеттер арасында қақтығыстар жиілей түсті. Осындай алмағайып заманда жастар бейбіт заманның қадірін түсінуге тиіс. Бүгін Ақтөбеде «Айбын» халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынының ашылу салтанатына қатысып, сөз сөйлеген Президент осылай деді. Мемлекет басшысы қазіргі аса күрделі уақытта елдеріміз арасындағы түсіністік, өзара сенім мен келісім өте маңызды рөл атқаратындығын жеткізді. Бұл шара Ұлы Жеңістің 80 жылдығы мен Әлия Молдағұлованың 100 жылдық мерейтойына арналды.
Ерлікке тағзым. «Айбын» халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынына қатысуына келген Президент ең әуелі Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың мемориалдық ескерткіш кешеніне гүл шоғын қойып, оның рухына бір минут үнсіздікпен тағзым етті. Биыл қазақтың қайсар қызының туғанына 100 жыл. Жастардың басын қосқан әскери-патриоттық жиын да Ұлы Жеңістің 80 жылдығы мен Әлия Молдағұлованың 100 жылдық мерейтойына арналған.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Әлия Молдағұлова – халқымыздың қайсар қызы. Бүгін 100 жылдығына орай арнайы келдім. Бұл, ең алдымен, азаматтық борышым. Тағзым ету үшін келіп отырмын. Баршаңызға көп рақмет. Әлияның есімін халқымыздың арасында, шетелде кең ауқымда дәріптеуіміз керек. Әлия Молдағұлова – нағыз қайсар қыз. Біздің мақтанышымыз.
Қазақтың қайсар қызының өшпес ерлігі ел жадында мәңгілік сақталады. Оның батырлығы мен Отанға деген шексіз сүйеспеншілігі жастарға үлгі. Оған XI «Айбын» халықаралық әскери-патриоттық жастар жиыны дәлел. Ақтөбеде өтіп жатқан ауқымды шараға Қазақстан, Әзербайжан, Беларусь, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстан елдерінің әскери-патриоттық қозғалыстарына мүше 800-ге жуық жас өрен қатысып жатыр. Жиынды ашқан Президент бұндай слет жастардың рухын шыңдайтын өте маңызды іс-шара екенін атады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Ержүрек мерген қыздың ерлігі халқымыздың және достас елдердің тарихына алтын әріппен жазылған. Қазақтың қаршадай қызы соғысқа аттанып, бірден қан майданның ортасына түсті. Ол сұрапыл шайқастарда теңдессіз ерлік пен Отан алдындағы парызға адалдық үлгісін көрсетті. Биыл Ұлы Жеңіске 80 жыл Бұл біздің елдерімізге ортақ тарихи мереке. Ұлы Жеңіс күнін атап өту – батыр бабалардың рухына тағзым ету, олардың ерлігін жадымызда жаңғырту деген сөз. Қазақстан үшін мұның мән-мағынасы ерекше. Батырларымыз жер-жаһандағы бейбітшілік пен тыныштық үшін аса ауыр сынақтарды еңсерді.
Қазір жер жаһанда тұрақсыздық орын алған. Осындай құбылмалы әрі белгісіз кезеңде тарихи шындыққа адал болу қажет. Осы ретте Мемлекет басшысы жастарды зұлмат соғыстың ащы сабақатарын ұмытпауға шақырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Жастар бейбіт заманның қадірін түсінуге тиіс. Жыл өткен сайын жаһандық шиеленістер өршіп, мемлекеттер арасында қақтығыстар жиілегенін көріп отырсыздар. Қазіргі аса күрделі уақытта елдеріміз арасындағы түсіністік, өзара сенім мен келісім өте маңызды рөл атқарады. Бүгінгі жарыстар біздің шет елдермен көпжақты байланыстарымызды кеңейтуге үлес қосады.
Отан қорғау – абыройлы міндет. Ал ел болашағы жастардың қолында. Сондықтан да өскелең ұрпақтың әскери-патриоттық тәрбиесіне баса мән беру қажет. Оған осындай жиындар арқылы қол жеткізуге болады. Өзара сынға түсетін жастар тактикалық ойындар кезінде батылдық танытып, жылдам шешім қабылдаулары қажет. Мұнда командамен ұйымдаса әрекет етіп, бір-біріне көмектесу талап етіледі. Осылайша олар әскери қызметтің қандай болатынын сезініп, заманауи армияның озық технологияларымен таныса алады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қуатты армия – тәуелсіздік тірегі, қарқынды даму кепілі. Бүгін сапта тұрған сарбаздар – нағыз отаншыл, батыл, мықты азаматтар. Қазақстан армиясының келешегі сіздердің қолдарыңызда! Әділетті және Қауіпсіз Қазақстанды құратын да сіздер. Мен Жоғарғы Бас қолбасшы ретінде еліміздің білімді, адал, озық жастарына сенемін! Бүгін осы жиында Қазақстанның намысын «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының ең үздік мүшелері қорғайды. Баршаңызға сәттілік тілеймін! Елдеріміздің достығы нығая берсін.
Жалпы әскери-патриоттық жиын барысында балалар мен жасөспірімдер «Айбын дарыны» интелектуалдық ойынына, «Smart Sarbaz» технологиялық конкурсына және «Айбын» жұлдызы шығармашылық сайысына қатысады. Пневматикалық мылтықтан ату, Калашников автоматын шашып, қайта жинаудан да сынға түседі. Сондай-ақ бағдарламада спорттық сайыстар, «Күшіміз бірлікте» әскери-тактикалық ойыны бар.
«Айбын» халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынының ашылу салтанатынан кейін Мемлекет басшысы FPV-дрон операторларын даярлайтын инновациялық оқу-жаттығу кешені мен ұшқыштарға арналған заманауи жаттығу симуляторларымен танысты. Соныман қатар Президент «Smart sarbaz» жас робот техниктері үйірмесінің жұмысын да тамашалады.
Авторы: Риат Шони