• 02-08-2025

Бес жылда «Аңсаған сәби» бағдарламасы арқылы 10 мың сәби дүниеге келді

Елдегі әрбір алтыншы отбасы бедеулік зардабын тартып жүр, деп хабарлайды 24KZ. Бедеулікті емдеп жазу оңай емес. «Бала көтермеудің себептері көп», – дейді мамандар. Дегенмен отандық дәрігерлер біраз күш салып жатыр. Мәселен, «Аңсаған сәби» бағдарламасы арқылы кейінгі 5 жылда өмірге 10 мың нәресте келді.

Мемлекет басшысы бастамашы болған «Аңсаған сәби» бағдарламасы жемісін беріп жатыр. Жыл сайын экстракорпоральды ұрықтандыру арқылы өмірге сау балалар келеді. Бірақ бұл қызмет ақылы. Оған біреудің қолы жеткенімен, біреудікі жетпеуі мүмкін. Сол себепті мемлекет квота санын арттырып жатыр. Бұдан бөлек, жеке қорлар да сәби сүйгісі келетін жандарға көмектесіп келеді. Тұңғышын 11 жыл күткен Динара Бекетаева да қайырымдылық қордың игілігін көрді.

Динара Бекетаева, ата-ана:

- Қызымызды ұзақ күттік, 11 жыл бойы күттік. Кейбір отбасыларға ол ұзақ мерзім. Аллаға шүкір, үшінші әрекеттен біз қызды болып отырмыз. Үлкен рақметімізді, алғысымызды білдіреміз. Осындай жобалар, осындай мүмкіндік көбірек бола берсе дейміз.

Ал Бақыткүл Зарыққан 43 жасында ана атанды. ЭКҰ-ны 7 рет жасап көрген. Жасы келгесін мемлекеттік квотаға іліге алмады. Бірақ қайырымдылық қордың көмегін көрді.

Бақыткүл Зарыққан, ата-ана:

- Ана болу деген 100% адамды өзгерту деп ойлаймын. Ана болмай тұрған Бақыткүл мен ана болған Бақыткүлді салыстыруға келмейді, екеуі екі басқа. Әр бала күткен, бір перзентке зар болған адамға сабырлық тілеймін. Бұл жолдан өту үшін сабыр керек.

Иә, жыл сайын мемлекеттен 7000 квота бөлінеді. Соның нәтижесінде сәбилі болған отбасы саны артып жатыр. Біздің елде осы экстрокорпоральды ұрықтандыру саласын дамытқан Салтанат Байқошқарованың айтуынша, бүгінде бедеулікті емдеу мүмкіндігі артқан. Бұл қызметті алу үшін шетелден арнайы келетін науқастар да бар.

Салтанат Байқошқарова, «Экомед» клиникалар тобының негізін қалаушы:

- Бұл бедеулікті, ұрпақсыздықты түбегейлі жеңу мүмкін емес. Өйткені ол бүкіл дүниежүзілік проблема. Бірақ біздің елде ғылыми технологияларды қолданып, басқа да технологияларды қолданып, осындай перзентке зар болған отбасыларға көмектесуге, табиғи жағдайда жүкті болуға мүмкіндік жасауға ден қойылған.

Алмаз Ибрагимов, «Экомед» орталығының директоры:

- Қазіргі кезде біздегі ЭКҰ бағдарламасының деңгейі әлемдегі ең алдыңғы қатарлы елдердегі нәтижемен бірдей. Себебі біздің мемлекетімізде мемлекет жағынан қолдау бар. Бағанағы айтып өткен «Аңсаған сәби» бағдарламасы және заң жүзінде көптеген бағдарламаны өткізуге мүмкіндік бар.

Елде денеден тыс ұрықтандыру әдісі қолға алынғалы 30 жыл болды. Бұл қауіпсіз әрі нәтижелі саналады. Ең басты пайдасы демографияға үлес қосып келеді.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Ақылбек Есімсейіт