• 21-11-2025

Қызылордалық шебер 6000 домбыра жасаған

Қолөнер шебері Біржан Ділманов ұлттық өнерге сүбелі үлес қосып жүр. Қызылорда тұрғыны музыкалық аспап жасаудың қыр-сырын 8 жасында әкесінен меңгеріп, бүгінге дейін 6 мыңға жуық домбыра жасады. 20 жылдық тәжірибесі бар майталман ұста қазір шәкірт тәрбиелеп жүр.

Біржан Ділманов ағаш өңдеу ісін 8 жасында әкесінен үйренген. Кейін білімін Алматыда жетілдіріп, ұлттық аспап жасау һас шеберіне айналды. Бұрынғы ата кәсібін облыс орталығында жалғастырып келеді. Қолынан шыққан туындыларға елдің түкпір-түкпірінен тапсырыс түсіп жатыр. Әсіресе мектептерге домбыра сабағы енгізілгелі сұраныс артқан.

Біржан Ділманов, шебер:

- Домбыраны жасаған әр шебердің өзінің қолтаңбасы болады негізі. Әр шебердің ізденісі болады. Әр шеберді дыбысына, ағашына қарай таниды. Қазір менің домбыраларымды халық өзі ажыратып, біліп жатады. Мынау Біржанның домбырасы деген сияқты. Астана қаласына 500-ге жуық домбыра жасап бердік. Домбыра күнінде мың домбырамен ойнап шығып, Гиннестер кітабына енді.

Біржанның шәкірттері де аз емес. Бірқатары өз алдына шеберхана ашып, кәсіп бастаған. Қазір үш жас ұстаны ата кәсіпке баулып жатыр. Солардың бірі Ерасыл Жиенбай әзірге ағаш таңдап, оны өлшеп-пішіп беруге жәрдемдесіп жүр.

Ерасыл Жиенбай, шәкірті:

- Әр детальға мән беру керек. Миллиметр, сантиметр – бәрін өлшеу керек. Әйтпесе ағашты кесіп тастағаннан кейін қайтадан келтіру қиын болады. Болашақта қолдан келіп жатса, әрі қарай алып кетіп, өзім шеберхана ашу жоспарда бар.

Дәулет Серікбай, домбыра үйірмесінің жетекшісі:

- Домбыра таңдағанда ең бірінші ағашына мән береміз. Бұл жерде үйеңкі, африкалық қара ағаштардан жасайды. Көбінесе африкалық қара ағаштар, ол сахналық қымбат домбыралар болып келеді. Ал біздің оқушыларға ұсынатын домбырамыз – ол қолжетімді қайың, үйеңкі ағаштарынан жасалған домбыралар. Біржан ұстаның домбыраларының сапасы жақсы. Бұл кісі мына сағасынан тартқан кездегі дыбыстың тазалығына мән береді.

Біржан саннан гөрі сапаға ерекше мән беретінін айтады. Сондықтан құнды ағаштарды шетелден алдыртады. Ұлттық мұраны жаңғыртуды мақсат еткен қолөнер шебері алдағы уақытта қазақтың көне аспаптарын таныстыратын көшпелі көрме ұйымдастыруды жоспарлап отыр.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбат Байділдаев