• 21-11-2025

Қарқаралыда туризм дамып келеді

Енді туристер Қарқаралыға тақтайдай жолмен барады. Ұзындығы 200 шақырымға жететін жолға орташа жөндеу 2021 жылы басталған. Қазір басым бөлігіне асфальт төселді. Жолдың жақсаруы қазірдің өзінде өлке туризміне оң серпін берді — дейді жауаптылар.

Ғайша Рақышева отбасымен бірге Қарқаралыға Алматы облысынан келген. Оған өлкенің сұлу табиғаты, тарихи жерлері қатты ұнайды. Шалғайдағы таулы өлкеге барар күрежолдың жөнделіп жатқанына дән риза.

Ғайша Рақышева, турист:

- Қазір міне жол керемет тамаша екен. Жол бойы демалатын орындары бар, тоқтайтын жерлері бар екен. Соның барлығын жаңадан жасаған ғой қандай тамаша. Жақсы демалысқа келіп қайтуға болады.

200 шақырым жолдың бойында демалыс орындары, дәмханалар, жанармай және санитарлық бекет бар. Жол инфрақұрылымының жақсаруы Қарқаралыға келушілер санын арттырып отыр.

Айдар Медеубаев, Қарқаралы қаласының тұрғыны:

- Қазір Қарқаралының тау-тасының барлығында халық демалып жатыр. Міне, мына жерде біз 1,5 сағат тұрмыз, соның өзінде 100 адамдай келді. 15-20 көлік келіп, кіріп жатыр. Қарқаралының басындағы үйлердің өзінен орын алып демалып жатыр. Инфраструктураның жақсарғаны, жолдың жақсарғаны бұл.

«Қарағанды-Аягөз-Тарбағатай-Бұғаз» жолының Қарқарлы туристік аймағы бағытындағы учаскеге орташа жөндеу 2021 жылы басталған. Былтыр 115 шақырымына асфальт төселді. Қалған 85 шақырымы биыл жөнделеді.

Дінмұхамед Еркін, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ ҚОФ директорының орынбасары:

- Қазіргі уақытта 85 шақырым екі учаскеге бөлінген. Мердігерлік ұйым жұмыс жүргізіп жатыр. Қазір үстіңгі қабат асфальт төселіп жатыр. Төменгі қабатты бітірп тастадық.

Қарқаралыға былтыр 32 мың турист келген. Ал биыл бұл көрсеткіш анағұрлым жоғары. Алты айдың өзінде 20 мыңнан аса адам демалып қайтты. Мұнда 40-қа жуық демалыс орны бар. Олар бір мезетте 2500 адамға қызмет көрсете алады. Бірақ бұл жеткіліксіз, — дейді жергілікті билік өкілдері. Осыған орай келешекте Бұғылы тауы баурайындағы 75 гектар жерде жаңа демалыс орындары салынады.

Нұрлыбек Ілдебаев, Қарқаралы ауданы Кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы:

- Бұғылы аумағында инженерлік-коммуникациялық жұмыстар тартылды. Су құбыры бар, кәріз жүйесі бар, электр жүйесі бар. Сол жұмыстар аяқталғаннан кейін аукционға жерлер беріле бастайды.

200 жылдан астам тарихы бар көне қала Қарқаралыда қазір ішкі жолдар жөнделіп жатыр. Биыл қонақ үй, дәмхана бағытында жұмыс істейтін жаңадан төрт кәсіпкерлік нысан ашылды.

Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Аман Хамит, 24KZ