• 21-11-2025

Қарағандыда ₸65 млн әзірленген дендрологиялық жоспар қағаз жүзінде қалды

Қарағандыда 65 миллион теңгеге әзірленген дендрологиялық жоспар қағаз жүзінде қалды, деп хабарлайды 24kz.

Қаланы көгалдандыруға арналған электронды ресстр осы күнге дейін еш жерде жарияланбаған. Ағаштардың нақты есебі, кесілгені және олардың орнына егілгені туралы дерек қолжетімсіз. Жергілікті экологтар осылай деп дабыл қақты. Ал бұған қалалық әкімдік не дейді?

Руслан Нұрланұлы, тілші:

- Қаладағы егілген және кесілген ағаштар жайлы мәлімет әкімдікте тек қағаз жүзінде бар. Ал бюджеттің қыруар қаржысына жасалған электронды реестр жоқ. Эколог Дмитрий Калмыков 65 миллион теңге жұмсалған дендрологиялық жоспарды еш жерден таппағанын айтады.

Дмитрий Калмыков, эколог:

- Жұмыс қорытындысын ақыры ешкім көрмеді. Біз бірнеше рет өтінім жібергенбіз. Бірақ кестесін де, электронды нұсқасын да көрсеткен жоқ. Мысалы Алматыда мұндай мәліметтер мобильді қосымшада арқылы қолжетімді. Үй жанында өсіп тұрған кез келген ағаш туралы толық ақпарат алуға болады.

Руслан Нұрланұлы, тілші:

- Экологтардың айтуынша, жасыл желек реестрінде әрбір ағаш туралы толық ақпарат болуы тиіс. Қосымшаға кіріп, ағаштың түрін, жасын, биіктігі туралы мәліметті білуге болады. Бірақ мұндай электронды құжатты ешкім көрмеген. «Сандық платформа жұмыс істемейді», — дейді қоғам белсенділері.

Десек те, жасыл желекке қатысты реестрді әзірлеуге бюджеттен бөлінген қаржы игерілді деп есеп берілген. Экологтар мен қоғам белсенділерін күйдіріп отырғаны осы.

Сәкен Келдібаев, қоғам белсендісі:

- Біреуі бар дейді, біреуі жоқ дейді. Сайтына кіре алмай жүрміз дейді. Әжептәуір ақша төленіпті. Негізі ол қалаға керек. сол жылы қалада 1800000 ағаш бар деп ақпарат беріпті. Ал қазіргі күні ешқандай ақпарат жоқ, сол 1800000 деген дерекпен әлі жүрміз.

Жергілікті биліктің мәлімдеуінше дендрологиялық жоспарды құруға 2019 жылы қаражат бөлінген. Бірақ ақша шаһардағы ағаштарды есепке алуға жұмсалды. Мәліметтер жүйесі болғанымен, ақпарат алуға шектеу қойылған

Рүстем Қожақапанов, қала әкімінің орынбасары:

- Бұл ақпарат тек бағдарламаның әкімшісіне ғана қолжетімді. Өйткені ол жұмысқа арналған бағдарлама. Құжаттың қағаз және электронды нұсқасы да бар. Бірақ тек белгілі тұлғаларға ғана қолжетімді.

Мұндай жауап қоғам белсенділері мен экологтардан көңілінен шықпады. Олардың айтуынша, ақпарат ашық болуы тиіс. Қазір қаладағы ағаштардың 70%-і кәрі. «Ал егілген көшеттерге дұрыс күтім жасалмайды», — дейді қоғам белсенділері.

Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайлау Игіліков, Аман Хамит