• 21-11-2025

Жастар неге әскери борыштан жалтарады?

Әкенің қас-қабағы – баланың бас сабағы. Қоғамда: «Ұлды әуелі әкесі, сосын әскер тәрбиелейді», деген жазылмаған тәмсіл бар.

Бірақ қазіргі жас осы түсінік-пайымнан қаншалықты тәлім теріп жүр? Өйткені армия десе ат тонын ала қашатындар көбейген. Неге?

Шернияз Жалғасбекұлы, тілші:

- Мектеп-біліммен бірге тәрбиенің де тал бесігі. Әрі бүгінгідей бүтіннің бөлініп, бөлінген бүлінген уақытта тіпті балаларды патриотизмге баулу үшін де таптырмас орта. Әңгіме отансүйгіштікке баулу, сол отанды қорғауға деген жастардың қызығушылығын арттыру болғандықтан, балалардың әскери өмір әліппесін дәл осы мектеп қабырғасынан бастап ашуы да бекер емес.

Жасанды қару асынып, қаз қатар сап түзеген оқушылар. Иә, қазіргі балалар әскери ілімді әуелі мектепте үйренеді. Бастапқы әскери дайындық. Армияның тыныс-тіршілігін толық танып үлегермесе де, бірінші баспалдағы осы пәннен басталады.

Оңдасын Ембергенов, №110 орта мектебінің мұғалімі:

- АӘД сабағының өзі айтып тұрғандай, алғашқы әскерге жалпы жастарды дайындаймыз. 10-11 сыныптар аралығында жүргізіледі. Жалпы мектеп заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған. Біз тек лекциялық сабақтар ғана емес, сонымен қатар практикалық дағдыда да балалармен жұмыс жасап жатырмыз. Жастарымыз да осы пәнді өту арқылы әскерге барғанда еш қиындықсыз, қатарға ілесіп кете береді деген сөз. Оның ішінде біз саптық дайындық жайында өтіп жатырмыз, саптың элементтері, қатар, лек дегендей. Бірлесе іс қимыл жасауды үйретіп жатырмыз.

Темірлан да әскери өмірді өн-бойынан өткізіп, сезінгісі келеді. Арманы – қазақ армиясының қатарында адал қызмет ету. Сол себепті бұл сабақтағы әр сәтті аса ыждағаттылықпен түсінуге тырысады. Мұнда теориямен қатар тәжірибе қатар үйретіледі.

Темірлан Әділхан, №110 орта мектебінің оқушысы:

- Әр адам өз елінің алдында өзінің борышын өтеу керек және біз осы алғашқы әскери сабағында біз оны түсініп, алғашқы әліппесін біліп жатырмыз. Біз бір жылға армияға барып, еліміздің тыныштығымызды сақтап және қамқор болып өтейік, ата-анамызды, Қазақстандағы бүкіл бауырларымызды қорғауға мақсаттанамын.

Дегенмен, Темірлан секілді түсінетін жастар аз. Мұны қазіргі қоғамға қарап аңғару қиын емес. Шақырту келгеннен шырылдап сала береді, кей жастар.

Блиц 1:

- Армияға көзқарасым дұрыс, болашақта қызмет етемін

Блиц 2:

- Мен негізі армияға барғым келмейді. Өйткені сол бір жыл уақыт алып кетеді және денсаулық кетеді.

Блиц 3:

- Әскери кафедра өттім университетте

Блиц 4:

- Жалпы Отан қорғау дұрыс. Бірақ соңғы жағдайларға байланысты керек емес сияқты. Өзім барғым келмейді.

«Бұған нарықтық қоғам кінәлі», — дейді аға буын. Сананы тұрмыс билеген шақта армияға қарағанда ақша табу маңызды.

Шернияз Жалғасбекұлы, тілші:

- Қазір білекпен емес, біліммен күш сынасатын заман. Бірақ білектің де жайын қаперден қалыс қалмауы қажет. Асылы, азаматтық борышыңды өтеу әскери дайындықтан бөлек, қоғамды құраушы жастардың жауапкершілігі үшін де маңызды болмақ.

Авторлары: Шернияз Жалғасбекұлы, Нұрғали Мамырбаев