• 14-03-2025

АҚШ пен Украина делегацияларының келіссөзі жалғасып жатыр. LIVE

Арасы суыған АҚШ пен Украина келіссөздерді жаңарту мақсатында бүгін Сауд Арабиясының Жидда қаласында бас қосты.

Ақ үйдегі даудан кейін Вашингтонның қолдауынан айырылған Киев Шығыс Еуропадағы соғысты тоқтату бойынша мәмілеге келуге ниет білдірген еді. Эр-Риядтың ара ағайын болуымен өтіп жатқан шараны Таяу Шығыстағы меншікті тілшіміз Рауан Мыңбай, Мәскеудегі меншікті тілшіміз Дана Нұржан және Вашингтондағы меншікті тілшіміз Ердана Ержанұлы бақылауда ұстап отыр. Қазір олар бізбен тікелей байланыста. Алдымен, Рауан, армысыз, өзіңізден бастайықшы. Сауд Арабиясы өткен жолы Ресей мен АҚШ қарым-қатынасын жібітуге күш салып, медиатор қызметін белсенді атқарып келеді. Бұл жолы серіктес болған екі елді татуластыруға әрекет қылып жатыр. Арабия түбегіндегі ахуал қалай?

Рауан Мыңбай, тілші:

- Араб түбегіндегі алып экономика Сауд Арабиясы әлемдік саясат ордасына айналып отыр. Бұған дейін бұл елге жаһан жұрты маңызды мәдени және спорттық іс-шаралар өтетін алаң ретінде көз тігіп келсе, енді тұрақты түрде ұйымдастырылатын халықаралық саммиттердің нәтижесіне жиі мойын бұратын болды. Ал Эр-Рияд, Жидда сынды қалалар Таяу Шығыс елдері үшін қашанда маңызды. Ел билігі аймақтағы қуатты күшін сақтап қана қоймай, ірі қалаларын маңызды геосаяси алаңға айналдырып, бітімгер немесе медиатор болу ісіне белсенді араласа бастады. Нәтиже де жоқ емес. Ақпан айында Эр-Риядта Ресей мен АҚШ өкілдерінің Украинадағы текетіресті реттеуге арналған кездесуі өткен болатын. Ол кезде де тұтас Таяу Шығыс елдері Сауд Арабиясының астанасындағы ахуалды бақылады. Ірі державала өкілдерінің өзара көптен күткен жүздесуі әлемдік БАҚ және жергілікті араб телеарналарында жарыса жарияланды. Ресми Эр-Рияд осындай жоғары деңгейдегі жиынды қабылдап, келіссөзді белгілі бір деңгейде нәтижелі өткізгенін хабарлап үлгерді. Бұл жағдай араб мемлекетінің халықаралық аренадағы абыройын асырды деуге болады. Арада бірер апта өтіп, кезек тағы бір кездесуге келіп отыр. Бұл жолы саяси қатынасы шиеленісе жаздаған әрі кей мәселелерге келгенде келіспеушілікке жол берген Украина мен АҚШ тарапы Джиддада бас қосты.

- Ақ үйдегі дауға өзіңіз куә болдыңыз. Одан бері Президент Трамптың Президент Зеленксийге қатысты көңілінің суығанынан да хабардарсыз. Бүгінгі кездесу сол даудан кейінгі жоғары деңгейлі алғашқы жиын болып отыр. Бұл жолы АҚШ Украинаға қандай шарт қойып отыр?

АҚШ, Вашингтон

Ердана Ержанұлы, тілші:

- Делегацияны бастап барған Марко Рубио осы сапарға бара жатып, өзінің әскери ұшағының ішінде журналистермен кездесіп, сұрақтарға жауап берген еді. Сол кезде соғысты дереу тоқтатудан бөлек, АҚШ-Украина арасындағы сирек минералдарға қатысты келісімді де Жиддадағы кездесуде күн тәртібінде ұстайтынын айтып қалды. Сондай-ақ, мемлекеттік хатшы

Украина тарапының қазір нақты не қалайтынын, қазір нақты неге дайын екенін, және олардың көзқарасы Ресейдікінен қаншалықты алыс жатқанын анықтағысы келеді. Себебі оны пікірінше қазір Киевке де, Мәскеуге де оңай болмайын деп тұр. Мақсатымыз соғысты тоқтату, ең болмағанда уақытша тоқтата тұрсақ та үлкен жетістік болар еді деді. Сонымен қатар, Рубио қазіргі жағдайды саралай келе Ресей Украинаны толықтай жаулап ала алмайды, және Украина да 2014 жылға дейінгі территориялық тұтастығына орала алмайды деп пікір білдірді. Өздеріңіз білетіндей қазір Вашингтон Киевке беретін әскери көмегі мен барлаушылар ақпаратын тоқтатып қойған еді. Бірақ Рубионың айтуынша барлау ақпараты Украинаның өзін өзі қорғау бойынша бағытында әлі тоқтамаған болып шықты. Және бүгінгі кездесулер сәтті болған жағдайда барлау ақпараты мен әскери көмекті қайта жандандыру әбден мүмкін деді.

- Джиддадағы кездесуде Украина бұл шарттарды қабыл алды ма? Қазіргі уақытта келіссөз натижесі жайлы қандай ақпар бар?

Рауан Мыңбай, тілші:

«Жиддадағы кездесу нәтижесі сөзсіз АҚШ пен Украина арасын жақындата түседі». Бұл күні бұрын әлем сарапшыларының осы кездесу қарсаңында айтқан болжамы. Мұнымен қоса, саясаттанушылар АҚШ қойған шарттарға ресми Киевтің біршама келісуі мүмкін екенін алға тартып отыр. Дегенмен келіссөз әлі жалғасып жатыр. Мәселенің көбі жабық есік жағдайында талқыға салынуда. Жиын басталмас бұрын Украина делегациясының басшысы өз елінің мүддесін соңғы сәтке дейін қорғайтынын айтып, БАҚ-қа мәлімдеме жасаған еді. Ал АҚШ тарапы соғысты тоқтату шарттарын түбегейлі талқылап, украиналық әріптестерімен белгілі бір деңгейде келісімге келеміз деп сендірді. Айта кетейін, Украина басшысы кеше Сауд Арабиясына барып, сол елдің тақ мұрагерімен кездесіп үлгерді. Делегация құрамына АҚШ-пен келіссөзге тікелей қатысатын ресми тұлғаларын да ала келген. Жиддадағы жүздесудің толық қорытындысы әзірге белгісіз. Қоса кеткен жөн, әлем саясаттанушылары АҚШ-Украина-Ресей арасындағы қатынастың осы аптада біршама жақсару ықтималдығын жоққа шығармайды. Себебі олар тараптардың мұндай кездесу алаңдарына жиналуының өзін бітімгерлікке жасалған ортақ қадам деп топшылаған.

- Бұл мәселеге Кремльдің де мұқият қарап отырғаны анық. Мәскеудің реакциясы қалай болып жатыр?

Дана Нұржан, тілші