• 21-11-2025

Қазақстан – медициналық туризмнің жаңа орталығы

Елде алғаш рет медициналық туризм, фармацевтикалық индустрия және денсаулық сақтау саласына инновациялық технологияларды қолдану мәселелеріне арналған халықаралық конференция өтті.

Елордада ұйымдастырылған шараға медициналық сарапшылар, халықаралық ұйымдардың өкілдері, дипломаттар жиналды.

Ғазиза Мұхамеджанова, тілші:

- Шетелдік туристер үшін кардиохирургия, стоматология, нейрохургия және экстракорпоральды ұрықтандыру қызметтері сұраныста. Жалпы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың айтуынша, соңғы бес жылда туристер ағыны бес есе өсті, соның ішінде медициналық туризм де айтарлықтай қарқын алған.

Соңғы жылдары Қытайдан келушілер саны 24 есе, Үндістаннан 40 есе, ал Түркиядан үш есе артқан. Негізінен Қазақстан шетелдіктерді медициналық қызметтердің бағасымен қызықтырады. «Сапасы да халықаралық деңгейден кем түспейді», - дейді сарапшылар.

Жанар Ботағарина, ҚР ДСМ С.Қайырбекова Атындағы ҰҒДСДО басқарушы директоры:

- Осы конференцияға 500-ден астам серіктестер мен әріптестер жиналып отыр. Одан бөлек, Үндістаннан келіп отыр, БАӘ, Ұлыбритания, Германия, Орталық Азиядан, 13 елден 30 елшілік өкілдері келіп отыр.

Ол дегеніміз – бүкіл ел Қазақстандағы медициналық қызметке, оның сапасына қызығушылық танытып отыр. Бүгінгі осы медициналық туризмге қатысты жиналуымыз экспортқа шығу мүмкіндігі туралы, шетелдік туристерден қызығушылықтың дәлелі болып есептеледі.

Ғазиза Мұхамеджанова, тілші:

- Сарапшылардың сөзінше, Корея, Үндістан, Гермария сынды мемлекеттерде медициналық туризмнің кірісі жалпы ішкі өнімге кіреді. Егер Қазақстанда туризмнің бұл бағыты қарқынды дамыса, экономикаға жылына 300 млн доллар әкелуі мүмкін деген болжам бар. Министр Қазақстан заманауи емдеу технологияларын енгізу бойынша өңірлік көшбасшы болып саналатынын атап өтті. Елде роботтандырылған операциялар, нейромодуляция және трансплантацияның инновациялық әдістері сәтті қолданылады. Ал кардиохирургиялық қызмет сапасы бойынша Қазақстан әлемнің үздік 30 елі қатарына кіреді. Айта кетейік, Бүгінде тоғыз қазақстандық клиника халықаралық JCI аккредитациясынан өтті.

Жалпы Конференция аясында B2B және B2G форматындағы кездесулер, сондай-ақ медицина, фармацевтика және туризм салаларындағы жетістіктер көрмесі өтті. Іс-шарада медициналық туризм саласында халықаралық ынтымақтастық туралы бірқатар меморандумға қол қойылды.