• 21-11-2025

Төсек пен өсек айтатындар жетеді - Дана Нұржігіт

Танымал тележүргізуші, медиаменеджер Дана Нұржігіт қоғамды "төсек пен өсек айтудан аулақ болуға" шақырды.

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.

Тележүргізуші бұл туралы өзінің желідегі парақшасында жазды.

«Амансыздар ма,жақсыларым! Кеше “Хабар”эфиріне 23 қазан күні шығатын жаңа жобам — “Өмір өрнегі” деп аталатын бағдарламаны түсірдік. Сағынысып қауышқан сүйікті кәсібім, ортам-“Хабар”.

Мені сонау 22 жасымда,студент кезімде ойламаған жерден кастингтен таңдап, эфирге әкеліп, Дана Нұржігіт еткен осы арна! 30 жыл бір күндей өте шықты.

“Хабардың” бүгінгі жетекшісі @kemelbekoishybayev басыма бұлт үйірілген күнде жұмысқа мойын бұруға мұрсат бермеген проблеманы шешу үшін “эфирден кетемін,назарым басқада”дегенде де қолдап, ал қауіп сейілгенде, “біз Сізді күтеміз! Қашанда ұсыныс жасауға дайынбыз! Сіз бізге керексіз!” дегені менің іздеушім бар екенін ұғындырып отырғанының өзі маған қанат бітіретін. Рақмет сіздерге!

Бұл арнада мен телевизияның барлық жанрында жұмыс істедім. Тікелей репортаждар, жаңалықтар, деректі фильмдер…бірақ, соның ішінде жаныма жақыны-портреттік сұхбат. Интервью.

Адам жанын зерттеу. Бес жылға жуық еңбек еткен @qazaqstantv Ұлттық арнасына шын жүректен ризашылығымды айтамын. “Дара жол” хабары бүгінде ел ауызында. Портреттік сұхбаттар жасап көптеген нар тұлғалармен тілдестім. Өкінішке қарай, алдыңғы буын аға-апаларымыздың бір легі дүниеден өтіп кетті. Көңілге медеу болатыны: архив жазып үлгердік. Оған да тәубе!

Енді жаңа жобаға кірісерде ойлансам, сондай ортамыз сиреп қалыпты. Өзіміз де орта буынның үлкеніне айналыппыз. Қоғамға үлгі болар,бой түзейтін тау тұлғалар керек! Есімдер керек! Олар жоқ емес,бар! Бірақ бренд-тұлғаларға продюсер керек. Насихаттауымыз керек!

Ортамызда адал еңбек етіп,есімі тасада қалып жатқан қаншама адам бар! Мемлекеттік арна қоғам назарын ірі дүниелерге аудару керек деп есептеймін. Төсек пен өсек айтатындар онсыз да жетеді. Жетті енді!

Сүбелі сөз,терең ой,биік парасат,тұнық тіл,тегеурінді ділдің діңгегі болуы керек,таза арнаға түсуіміз керек деп ойлаймын. Мен адам жанын зерттеуден шаршамаймын. Әр бір тағдырдың бедерін -өмір өрнегі деп ұғамын.Дәл осы атаумен бұл бағдарлама “Хабардың” 30 жылдық мерейтойына орай эфирге жол тартады. Өзіме де,көрермен,сізге де жасаған СЫЙЫМ бұл!

Тарихты жасайтын тұлғаларымызға төр берейік,ағайын!», — деп жазды ол.