• 14-03-2025

Еңбек еткенге бақыт басын иеді

Күнделікті тұтынатын астың сапалы әрі құнарлы болуын жіті ­назарда ұстап, отандық нарықта 20 жылдан астам уа­қыт табан­дылықпен еңбек етіп келе жатқан «Аdal» ком­па­ния­сы­ның сүт өнімдері әр шаңырақтың ас үйінен табылады.

Еңбекшіқазақ ауданының Жаңа­­шар ауылдық окру­гін­де орналасқан «Аdal» агро­өнер­кәсіптік акционерлік қоға­мын­да 650 адам еңбек етеді. Компания құ­ры­лымына ауыл шаруашылығы, сүт зауыты, ферма, да­йын өнімді тарату департаменттері кіреді.

Ісін ілгерілетіп отырған агро­өнер­кәсіп кешеніне әлі де болса агроном, меха­ник, тракторшы, бақташының бос жұмыс орындары бар. Жаз айларында егіс алқаптарын суаратын сушы­лар­ды таппай қиналатындықтарын айтқан сала басшылығы жұмыс күшін көршілес елдерден іздейтінін айтады. Жұмысқа орналасуға ниетті азаматтарды уа­қытша баспанамен қамтамасыз ету мақ­сатында компания заманауи үлгі­­­дегі 30 орындық жатақхана да салған.

Ферманы кеңейтумен қатар, өнім­ді­лікті арттыру мақсатында өткен жылы жалпы құны 1 млрд теңгеге заманауи жаңа техникалар сатып алынған. Соның бірі – «John Deere 6195М» тракторын компанияның білікті механизаторы, III дәрежелі «Еңбек даңқы» орденінің иегері Ерғали Шегебаев тізгіндеп жүр.

ва

«Бүгінде компания қарауындағы 70 техника, 30-ға тарта соқа, тырма, шөп шапқыш сынды қосалқы құралдарды көктемгі науқандық жұмысқа дайындап жатырмыз. Осылардың ішіндегі ең өнімдісі, жоғарыда аталған жаңа трактор күні-түні автопилотпен жұмыс істейді. Оны өткен жылы Республика күні қарсаңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан орден алып келген озат механизатор, барлық техниканы емін-еркін меңгерген білік­ті әрі тәжі­­рибелі маман, ұжымдағы ең бедел­­ді жұмысшымыз Ерғали Шеге­­баев­­тың қолына тапсырдық», дейді ком­панияның ауыл шаруашы­лы­ғы жөніндегі директоры Сұңғат Той­шы­бек.

Абай облысы, Аягөз ауданы, Мыңбұлақ ауылынан 2012 жылы жұмыс іздей келіп, Космос ауылына қоныс тепкен Е.Шегебаев содан бері осы компанияда тұрақты еңбек етеді. Кішкентай кезінен трактор тізгіндеген әкесін жағалап жүріп, темір-терсекке көзі үйренген Ерғали Нұрғазыұлы есейе келе әке жолын қуып, тракторшы болған. Дала төсін дүбірге бөлеген қара­пайым жұмысшының еңбегі ақта­лып, мемлекеттік марапатқа ие болды.

«Ертең Астанаға, Мемлекет басшы­сы­ның қолынан марапат алуға барасыз дегенді естігенімде, әзіл шы­ғар деп ойладым. Трактор айдап жүріп, орден ала­мын деп ойламаппын. Президенттің еңбек адамдарын елеп-ескеруі теңдессіз қуа­ныш болды. «Еңбек еткенге бақыт ба­сын иеді» деген осы болар. Биылғы жыл­дың «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялануы қарапайым еңбек адамдарының мерейін өсірді, еңсесін тіктеді. Қарауыл болып, такси жүргізіп жүрген кей азаматтардың аузынан «тракторшы да болмаппыз» дегенді құлағымыз жиі шалып қалады. Себебі тракторшыға сұраныс жоғары. Трактор тізгіндеуге де білім мен қажырлы еңбек керек. Мені бала жастан еңбекке баулыған ата-анама, 8-сыныптан соң училищеге жіберген ұстаздарыма да алғысым шексіз», деп езу тартқан тракторшы Е.Шегебаев еңбегінің ақталғанына дән риза.

ва

Техниканың түр-түрі тізілген кешенде көктемгі науқанға дайындық жұмысы жүргізіліп жатқаны бірден байқалады. Киімдеріне май сіңген механизаторлар қолдарына бұрандаларын, сауық-саймандарын алып, мұндағы техникалардың ақауларын жасауға білек түре кірісіп кеткен.

«Көктемнің бір күні – жылға азық» деген, алдағы науқанға сақадай-сай болудың қам-қарекетіндеміз. Цехта тұрған тракторлармен жер жыртып, тұқым себуге пайдаланатын тірке­мелерді майлап, бүлінген жерлерін жөндеп жатырмыз. Дайын­дық жұ­мысына ұжымдағы бар­лық жұ­мысшы атсалысады. Меха­низатор трактор, комбайн жүргізіп қана қоймайды, бұзылып қалған жағдайда қарап отырмай, оны өзі жөндеп алуға тырысады. Осындағы әріптестерімнің қолынан келмейтіні жоқ. Олардың әрқайсысын «бесаспап маман» деуге әбден лайық», дейді «Еңбек даңқы» орденінің иегері.

Жұмысшылардың әлеуметтік жағ­дай­ларын жасау – компанияның бас­ты назарында. Мұндағы жұмыс­шы­лардың орташа айлығы – 350 мың теңге, бұдан бөлек, мерекелерде еңбеккерлерге сыйақы беру дәс­түрге айналған. Еңбек өнім­ділігін арт­тырып, белсенділік та­ныт­­қан жұ­мыс­шылар компанияның Алғыс­хат, Алтын медалімен қоса, баға­лы сый­­лықтар ұтып алуға тырысады. Сон­­дай-ақ шипажайларға жолдама ала­­­тын­­дықтарын да мақтанышпен атады.

Сүт өнімдерін шығаратын «Аdal» компаниясы еңбек адамдарына қолдау көрсетумен қатар, қайырымдылық шараларына үзбей атсалысып келеді. Бұл ретте ауылдық әкімдікпен бірлесе жұмыс істейді. Космос ауылының көр­кеюіне, әлеуметтік жағдайы төмен от­ба­сыларға жәрдемдесуге, сондай-ақ қыс айларында көшелерді қардан та­зар­­туға техникаларымен тегін көмек­те­­су­ді өз жауапкершілігіне алған ­жо­март­­тықтарын айрықша атап өткен жөн.

Алматы облысы,

Еңбекшіқазақ ауданы