• 13-03-2025

ХІХ ғасырдағы қазақ әйелдерінің фотосуреттері көрмеге қойылды

Алматыда ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында өмір сүрген қазақ әйелдерінің бейнесі сақталған бірегей фотосуреттер көпшілік назарына ұсынылды.

Бұл сирек кездесетін тарихи суреттер Германияның Гамбург этнографиялық музейінен табылып, «Архив-2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында Қазақстанға жеткізілген. Бұған дейін еш жерде жарияланбаған фотошежірелер Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалары архивінің 5 жылдық ізденісінің нәтижесінде жинақталған. Көрме 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай ұйымдастырылып, қазақ әйелдерінің өткен ғасырлардағы тұрмыс-тіршілігі мен болмысын паш етеді.

Фотосуреттердегі қыз-келіншектер мен әйелдердің есімдері бізге беймәлім. Дегенмен, бұл суреттер XIX және XX ғасырдағы қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін зерттеушілер үшін баға жетпес мұра екені сөзсіз. Тіпті дизайнерлер де оларды өз жұмыстарында қолдана алады. Көпшілігі Семей өңірінде түсірілген. Олардың авторы орыс этнографы, саяхатшы, фотосуретші Самуил Дудин. Ол Санкт-Петербургтегі этнографиялық музейдің негізін қалаушылардың бірі. Қызығы, бұл суреттер Ресейден емес, Германиядан табылған.

Ілияс Ысқақов, "Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалары архиві" РММ директоры:

- Сонымен біз анықтай келіп ол Дудиннің түпнұсқа суреттерінің, түпнұсқасы Германияның Гамбург қаласында екенін біз білдік та, сонымен былтыр олармен жарты жылдай хабарласып отырып, хат жазысып отырып, сүйтіп барып келдік. Сөйтіп, ол жерден 96 фотоқұжатты алып келдік.

Бүгінгі көрмеде көпшіліктің назарын екі сурет ерекше аударды. Бірінде кимешек киген апалар, жас келіншектер мен балдырғандардың жылы жымиған сәті бейнеленген. Ал екіншісі күлімдеген келіншектің фотопортреті. Қазақ тарихын зерттеп жүрген ғалымдардың айтуынша, мұндай суреттер сирек кездеседі.

Ақмарал Ысқақ, тарихшы:

- Бүгінгі көрменің берері өте мол. Біріншіден, бұл тек қазақ әйелдерінің мәдениеттегі рөлін сомдап тұрған жоқ. Екіншіден, бұл өте бір кең ауқымды қамтиды. Себебі көрмелер бүгінгі құжаттарды қарасаңыздар қазақ әйелінің дамуы, өсуі ғылыми тілде, эволюциясын көрсетеді.

Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалары архиві соңғы бес жыл ішінде мыңға жуық фотосуретпен толықты. Бұл материалдар Ресей, Армения, Беларусь, Моңғолия, Германия, Польша және Швейцария елдерінің мұрағаттарынан алынған. Алдағы уақытта аталған суреттер тақырыптарына сәйкес кезең-кезеңімен көрмеге қойылатын болады.

Аршын Кемелжан, Сержан Жұмабаев