
Албанияның астанасы – Тиранада күрес түрлерінен Мұхамет Малоның мемориалы аяқталды. Әлемнің әр қирынан жиналған белді балуандардың қатысуымен өткен турнирде еліміздің ұлттық құрамасы да өнер көрсетті.
Аталған жарыста жалғыз алтынды Жәмила Бақбергенова олжалады. Қатысушылар санының аздығынан 72 кг салмақ дәрежесіндегі бәсекелер айналмалы жүйе бойынша өтті. Тұсаукесер кездесуінде Еуропа чемпионатының толық жүлде жиынтығының иегері, украиналық Алла Белинскаядан басым түскен ол келесі белдесуде Александре Юнис Глауденге жол берді. Одан кейін Панамерика ойындарының екі дүркін күміс жүлдегері, аргентиналық Линда Мачукуды жыққан Жәмила Албаниядағы рейтингтік жарыстың жеңімпазы атанды.
Аса ауыр салмақта сайысқа түскен Елмира Сыздықова ресейлік Валерия Трифонова мен румыниялық Александра Анджелиді айқын басымдықпен ұтқанымен, жартылай финалда АҚШ-тың өкілі Димон Гуйлфордтан айласын асыра алмады. Қола медаль үшін сайыста қытайлық Янланьді жеңді.
Еркін күрес шеберлерінің жарысында 86 кг салмақтағы Болат Сақаев пен Рүстем Мырзағалиев қана жеңіс тұғырына көтеріле алды. Алғашқы айналымдарда командалық әріптесі Данияр Қайсанов пен қырғызстандық Мұхамад Абдоллаевты жеңген Болат жартылай финалда грузиялық Тариэль Гапхриндашвилиді жолынын ығыстырды. Финалда америкалық Чандлер Марстеллерге есе жіберіп, күміс медальды мойнына ілді. Рүстем үшінші орын үшін бәсекеде польшалық Себастьян Язержанскиді ойсырата ұтты.
Грек-рим күресі шеберлері турнирді үш қоламен қорытындылады. Жүлде иегерлері – Ерасыл Мамырбеков, Ерсін Абиыр (55 кг), Бағдат Сабаз (67 кг). Үшінші орын үшін тартыста қандастарымыз өз қарсыластарын бас көтертпей ұтты. Ерасыл албаниялық Энди Муканы, Ерсін қырғыз Ұлан Мұратбекұлын, Бағдат қытайлық Ли Лейді еркін еңсерді.