• 15-03-2025

Ерсайын Нағаспаев «QARMET» металлургиялық зауытында болды

ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев алғашқы жұмыс сапары аясында «Qarmet» АҚ ірі металлургиялық зауытында болды .

Министр бүкіл зауытты кешенді жаңғырту бойынша «9-5-5» инвестициялық бағдарламасының орындалу барысымен танысты.

Болат басқармасының негізгі нысандарына экскурсия жүргізіліп, ағымдағы өндірістік көрсеткіштер, монтаждау-жөндеу жұмыстары және зауыттың айналасында ШОБ белдеуін құруды көздейтін металлургиялық кластерді жүзеге асыру жоспарлары туралы ақпарат тыңдалды.

Министр «Qarmet» АҚ жан-жақты жаңғырту Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқанын және Үкіметтің ерекше бақылауында екенін атап өтті.

Инвестордың алдында өнеркәсіптік және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сондай-ақ өндіріс қуаттылығын арттыру және тиісті сападағы болат өнімдерінің жаңа түрлерін игеру бойынша елеулі міндеттер тұр.Министрлік бұл бағытта қажетті қолдау көрсетеді.

2024 жылдың соңында «Qarmet» АҚ-да шойын өндірісі 14%-ға, болат өндірісі 18%-ға өскен.2025 жылы 3,3 млн тонна шойын және 3,7 млн тонна болат, тиісінше 5% және 6% құрайтын өндірістік өсімге қол жеткізу мақсаты қойылған.

Министр кәсіпорын басшылығына инвестициялық бағдарламада көзделген барлық жүктелген міндеттемелерді, оның ішінде негізгі нысандар – Домна, Ұзын прокат және Табақ прокат цехтарын жаңғырту бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берді.