• 15-03-2025

Отандық дәрігерлер Түркияда біліктілігін арттырады

Отандық дәрігерлер Түркияның жетекші университеттік ауруханаларында біліктілігін арттырады , деп хабарлайды 24kz.

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың Түркияға жасаған ресми сапары барысында осы бағытта нақты келісімдер жасалды.

Меруерт Қанағат, тілші:

- Қазақстан мен Түркия арасындағы медицина саласындағы ынтымақтастық нығая түсуде. Сапар барысында Денсаулық сақтау министрлігінің делегациясы Түркияның жетекші ауруханаларының жұмыстарымен танысты. Емдеу орындарында озық технологияларды қолдану мен білім беру сапасын арттыруды талқылап, медициналық қызметкерлердің тәжірибе алмасуы бойынша келісті.

Ақмарал Әлназарова, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

- Медициналық қызмет көрсететін үлкен университеттік клиникаларда біздің жас дәрігерлеріміздің, жұмыс атқарып жатқан дәрігерлеріміздің біліктілігін арттыру осы жерде. Бүгінгі таңда үш жүз дәрігер, үш жүз орта буын медицина қызметкерлерін осы жерде Түркияда білімдерін арттыруға келіссөздерде айтарлықтай келісімдерге келдік. Сондықтан осы жұмысты бара сала жүргізетін боламыз.

Анкара қаласында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова түркиялық әріптесі Кемал Мемишоғлымен бірлескен жобалар мен болашақ жоспарларды талқылады. Тараптар ауруханалық инфрақұрылымды дамыту, қазақстандық фармацевтикалық өнімді өндіруге шетелдік инвестицияларды тарту, медициналық білім беру сапасын арттыру және емдеу мен диагностикада замануи технологияларды қолдануды қарастырды.

Азиз Ахмет Сурел, «Билкент» Анкара қалалық ауруханасының бас дәрігері:

- Қазақстанның Денсаулық сақтау министрі біздің ауруханамызды аралап, жұмысымызбен танысты. Симуляция орталықтарын көрсетіп, дәрігерлердің оқу әдістемелері жайлы айтып бердік. Түркия мен Қазақстан арасындағы әріптестік біз үшін өте маңызды және біз қолымыздан келгенше тәжірибе алмасуға дайынбыз.

Басқосуда Түркияның ғылыми-зерттеу институтына барып, фармацевтика мен медицина саласындағы бірлескен зерттеулер мен кадр алмасу мәселелері де қозғалды. Екі ел арасында медициналық салада жаңа келісімдер мен меморандумдарға қол қою жоспарланып отыр.

Авторы: Меруерт Қанағат