
XX ғасыр қазақ поэзиясы үшін олжалы дәуір болды. Поэзия мен прозада қадау-қадау жаңа туындылар жарық көріп , ұлт әдебиеті байи түсті. Түрлі эксперименттер жасалып, ұлт поэзиясына түрен салуға асыққан жастар шоғыры тұс-тұстан көрінді. Сол бір дүмпу әкелген шоғырдың арасынан көк түріктің рухты ұзаны Темірхан Медетбектің биігі ерекше назар аудартты.
Ромен Ролланның «Бетховеннің өмірі» кітабында: «Егер адамның жан дүниесі ұлы болмаса, ол ұлы адам да, ұлы суретші де, ұлы қайраткер де бола алмайды, уақыт оны ізін қалдырмастан жұтып қояды», деген пікірі бар-тын. Ал біз зерделеген ақын жаны соншалық кең, батыл, рухты. Тұтас ғұмырын өлең-жырға арнаған ақын 1970 жылы жарық көрген алғашқы «Жанымның жапырақтары» атты жинағымен оқырманды елең еткізген еді. Ә дегеннен-ақ ізденімпаздығымен танылып, өлеңге жаңа теңеулер әкелді, украин ақыны Валерий Гужваның, өзбек ақыны Еркин Вахидовтің өлеңдерін ана тілімізге аударды. Урбандық тақырыптарға барып, тосын тіркестер мен жоқ жерден тақырып табар тапқырлығы алдыңғы толқынды сүйсінтті.
Көктемде
жапырақ шөптерде
жатқанда таң шығы –
ән салар
Кiлттiң сылдыры,
Басталар
Есiктiң тарсылы.
Созылып бiржола қалғандай
басқыштар,
гармондай –
дiкiлдеп жүгiрген аяқтан
ұстап ап ырғақты
жаңғырып жырлап тұр.
Міне, бұрын-соңды ұлттық поэзияда көріне бермейтін даңғыл жол мен қала тақырыбын алғаш қаузағандардың бірі де Темірхан ақын еді. Бір сұхбатында: «Мен ауылдан шықсам да, әдебиетте біраз жылым өткеннен кейін қала тақырыбына қалам тартқым келді. Қалам тарттым да. Бірақ онымды көп жұрт қабылдай қоймады. Өйткені ол өлеңдерімде ұлттық сипат, ұлттық болмыс жоқ болып шықты. Содан кейін одан тез бас тарттым. Ұлттық сипат болмай оқырман көңілінен шығу мүмкін емес екеніне көзім жетті», деп ағынан жарылады. Ал мұнан соңғы ақынның ізденіс соқпағы кілт бұрылады. Өзі айтқандай, Темірхан Медетбек – ізденістің ақыны. Өйткені «нағыз шығармашылық адамының тыныс-тіршілігі толассыз ізденістен тұрады. Шыққан биігіне, жеткен жетістігіне риза болып қалмайды, яғни ол рухани қанағатсыз деген сөз».
Сірә, әр ақын өз болмысынан аса алмайды. Бұл тұрғыға келгенде, Темірхан Медетбек – ақиқаттың жүгін арқалаушы. Өткір тілді, оқшау ойлы жырлары бірде лирикадан үйлесімді сыр шерте отырып, «қара қазан, сары баланың» қамын жырласа, кейде айдай әлемге жар салып шындықты шамырқана айтып, қылыштай қиып түседі. Ел басына төнген қайбір халді де айна-қатесіз жырлап, санасы мен ойы азат ұрпақтың рухын жаниды. Меніңше, Темірхан ақынды көк түріктер сарынына алып келген де осы рух. Алпамса рух, ардың жүгін арқалар, катепті қара нардай биік рух.
Алып едім,
Таудай биік,
Даладай кең едім.
Жұлдызы құйылып жатқан
Көк аспанмен тең едім.
Жауларым
Айтқанына жүргізіп,
Айдауына көндірмек болды
Даладай үлкен
Табыт жасады.
Басымды жерге тигізді,
Үстіме кебін кигізді.
Бірақ мен көнбедім.
Бейне бір балбал тас зарындай үн қатар осы бір сыршыл да өр жырлар рухты, ділге туыс, жанға жұрағат. Ақын нені жырласа да бақайшағына дейін сарқып, соңғы сөліне дейін тауысып жырлайды.Тебіреніп айтады, тепсініп күйзеледі, көсіп-көсіп сөйлейді. Әйгілі қаламгер Әбіш Кeкiлбайұлы: «Көк түpiктep саpыны» – eлдiк мұpат пeн epлiк намыс жыpы. Шын азаматтың шыpқыpаған жан дауысы. Дeгдаp ақыл-ой мeн eлдаp сана-сeзiмдi eнжаp қалдыpа алмайтын әдiл дe әсepлi шығаpма…» – дeсe, алдаспан жазушы Мұхтар Мағауин: «Темірхан Мeдeтбeктiң eжeлгi ата-баба pухын қайта көтepгeн, бүгiннeн озып, epтeңгe бағытталған, тepeң дe сыpлы толғаулаpдан тұpатын, әуeнi дe, лeпeсi дe соны сepпiнгe толы «Көк түpiктep саpыны» соңғы жыл санақтан кeлгeндe, кeсiмi бip-ақ мүшeл уақыт үшiн аз олжа eмeс», дeп тiл оpамы, ой толғамы, дiлi мeн дiнi жағынан тeгiнe таpтып туған Тeмipхан поэзиясының өмipшeңдiгiн epeкшe атап көpсeткен болатын.
Шынында, өткен ғасыр әдебиеті үлкен жауапкершілік пен орасан зор жүк арқалады. Сан ғасыр бодандық қамытын киген елдің рухын сақтау, жігерін жану ісі тұрды мойнында. Әр ақын мұны сезіне білді, осы жолда жанын төседі. Aкaдeмик Cерік Қиpaбaeв бұл жүктің жауапкершілігін нығарлай айтып жеткізген-тін. «Бiздiң әдeбиeтiмiз − өмip бoйы тәyeлciздiктi, бocтaндықты, бipлiктi жыpлaғaн әдeбиeт. Хaлқымызбeн бipгe әдeбиeтiмiз дe ocы үшiн, бocтaндықты жыpлaғaны үшiн, oтapшылдықтaн aзaт бoлyды apмaндaғaны үшiн тaяқ жeдi. «Ұлтшыл хaлық, ұлтшыл әдeбиeт» aтaнды. Қaзipгi oтapшылдықтың қaмытын cыпыpып тacтaп, eгeмeн eл бoлyғa ұмтылғaн тұcымыздa ocы идeяны жaңғыpтa жыpлay, тәyeлciздiк пeн бipлiктiң cөзiн aйтy әдeбиeттiң aбыpoйлы мiндeтi бoлyғa тиic», дeйді әдебиет абызы.
Бұл тұрғыда Темірхан Медетбектің көк түріктер сарынына құлаш ұруы кездейсоқтық емес. Ал ақынды Тоныкөк жырларының күмбіріне ілесуге жетелеген күш – азаттық рухы, бостандық биігі. Ақынның өзі бір сөзінде: «Алғашқы сәтсіздігімді сезінгеннен кейін мен енді басқа жол іздей бастадым. Бір күні қолыма баба жырау Иолығтегін дүниеге келтірген «Күлтегін», сонан кейін көк түріктерді билеген бірнеше қағанның ақылман кеңесшісі болған «Тоныкөк» дастаны түсті. Оқыдым да таңғалдым. Олардағы «күндіз отырмадым, түнде ұйықтамадым, қызыл қанымды төктім, қара терімді сорғалаттым» деген сияқты жолдар санамды мүлде жаулап алды. Соның мәтінін пайдаланып «Күлтегін» мен «Тоныкөктің» еркін әдеби нұсқасын дүниеге келтірдім. Сол сарынмен өлеңдер жаза бастадым. Онымды Әбіш Кекілбайдан бастап бірқатар ақын-жазушылар құп көрді...» дейді.
Иә, осыдан-ақ ұлт поэзиясының тағы бір тынысы ашылып, өрісі кеңіп сала берді. Бұған дейін де жаңалық жаршысы болып келген ақын өз биігінің асқарына шықты. Шықты да ұрпақ санасына соны арна жалғады.
Ұлдаpымыз
Алшаң-алшаң жүpeтiн,
Балпаң-балпаң басатын.
Қаншалаpдың шымылдығын
Найзасының ұшымeн ашатын,
Жолбаpыстаpды алып ұpып
Сүтiн iшeтiн,
Сөйтiп шөлiн басатын.
«Іші алтын, сырты күміс» осынау жырлардағы әр сөз өз орнына қойылған кірпіштей, салмағы қорғасындай. Ақынның жанымен ақтарылып, бар қуатымен қопарылып жазғаны байқалады. Қайбір ақын да мазмұнға емес, формаға бас ұрса адасары сөзсіз. Ал жоғарыдағы жырда форма мазмұнға қызмет етіп тұр. Ақынның өзі баба жырының қуатын, сара жолдың салмағын атап өткен болатын. «Мeн өзiм мазмұн болмаса, фоpмаға аса құмаp eмeспiн. Өлeң кeудeңнeн шықты ма, оның қандай фоpмамeн қағазға түсуi – eкiншi нәpсe. Бipақ мeн фоpманың адамға осынша күш бepeтiнiн көк түpiктep саpынынан аңғаpдым. Нe дeгeн ipiлiк? Нe дeгeн кeңдiк? Фоpма дeгeн Құлтeгiн мeн Тоныкөктiң өз iшiндe тұp».
Ақын көк түріктер сарыны арқылы тек отаншылдық тақырыптарды қозғамайды. Сонымен қатар әртүрлі лирикалық жырлары да кісінің жүрегін қозғайды. Әрі ешкімге ұқсамайды.
Қараша да
Келіп қалыпты…
Оңтүстік жағымды
Сұп-суық
Күз алды.
Солтүстік жағымды
Сірескен
Көкпеңбек
Мұз алды.
Шуағым азайды.
Көлеңкем ұзарды.
Қорыта айтқанда, «Көк түpiктep саpыны» – түгесілмейтін тақырып, ұлттық рухтың алпамса көрінісі. Кeз кeлгeн тақыpыпты әpi қаpай таpам-таpам, том-томдап өpбiтiп, түбeгeйлi саpалап, ой толғайтын Тeмipхан ақынның iзбасаpлаpы, жолын жалғаушы рух жаршылары сарқылмасына сeнiмдiмiз. Жазушы Эрнест Төpeханов: «Табиғат даpынға саpаң. Содан болаp, өлeң көп-ақ, ақын аз. Сiлкiсeң, iшiнeн топан сөз сау eтe қалатын өлeң жинақтаpы қаншама. Тeмipханның кiтаптаpына тозаң қонбайды, iшi құйма ой. Қайсысын алсаң да бeс батпан», деген болатын. Поэзияға ренессанстық жол салған ұлт пен рух сардарының есімі қазіргі өлең өлкесінің көш басында тұр. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның халық жазушысы Темірхан Медетбек бүгінгі мерейлі белесінде де елдік рухани мінберді биіктете түскендей.