• 18-03-2025

Ілгерілеуге бастаған алты жыл: еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму нәтижелері

Таяу күндері Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ел тізгінін қолына алғанына алты жыл толады. Осы уақыт ішінде Қазақстан коронавирус пандемиясынан бастап жаһандық геосаяси шиеленістерге дейінгі көптеген сын-қатерге қарамастан, экономикалық дамуда елеулі нәтижелерге жетті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

2024 жылдың соңында ЖІӨ 288 миллиард долларды құрады. Жан басына шаққандағы ЖІӨ 14 мың доллардан асты. Қазақстан табысы жоғары елдер тобына едәуір жақындады.

Мемлекет басшысы мұнайдан тыс салаларды дамытуға басымдық бере отырып, экономиканы әртараптандыруды кезек күттірмейтін маңызды міндет ретінде айқындады. Аталған жұмыстың нақты нәтижесін қазірдің өзінде көріп отырмыз – шикізаттық емес салалар экономикалық өсудің қозғаушы күшіне айналуда. 2019-2024 жылдар аралығында өңдеу өнеркәсібінде өндіріс көлемі 31,4%-ға, құрылыста 96,3%-ға өсті. Жалпы өнеркәсіп құрылымында өңдеуші кәсіпорындар өз үлесі бойынша өндіруші сектормен теңесті.

Тек 2024 жылдың өзінде өңдеу өнеркәсібінде жалпы құны 1,3 триллион теңге болатын 180 инвестициялық жоба іске асырылды. Нәтижесінде, аталған секторда соңғы онжылдықтағы ең жоғары көрсеткішке – шамамен 6% өсімге қол жеткізілді. Алты жыл ішінде машина жасау секторындағы өндіріс үш есе өссе, өнеркәсіптік өндірістің жылдық орташа өсімі 20,3%-ды құрады.

Нақты сандарда, 2018 жылы 30 мың бірлікті құраған жеңіл автомобильдердің саны 134 мың бірлікке дейін жетті. Сол сияқты жүк автомобильдері бойынша да алты еседен астам – 7,1 мың бірлікке дейін, автобустар бойынша жеті есеге, яғни 2,9 мың бірлікке дейін, арнайы техника шығару шамамен үш есеге, яғни 711 бірлікке дейін өсім тіркелді.

Президент тапсырмасы бойынша мұнай-газ химиясын қарқынды дамыту қолға алынды. Еліміз шикізатты экспорттаудан оны терең өңдеуге біртіндеп бет бұруда. Полимерлер, композиттік материалдар, химиялық реагенттер өндіріліп жатыр. Мұның барлығы – әртүрлі салаларда сұранысқа ие қосылған құны жоғары өнімдер. Ірі жобалардың бірі – Атырау облысында іске қосылған KPI зауыты бүгінде полипропилен өндірісін жолға қойды. Зауыт өзінің қуаттылығы жағынан Орталық Азиядағы осындай өндіріс орындарының ішіндегі ең ірі кәсіпорын саналады.

Астықтың былтырғы рекордтық өнімі ауыл еңбеккерлерін мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін көрсетеді. Алты жыл ішінде агроөнеркәсіп кешенін субсидиялауға 2,5 триллион теңге бөлінді, бұл ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің 1,8 есеге, яғни 8,3 триллион теңгеге дейін өсуіне ықпал етті. Ауыл шаруашылығында жұмыспен қамтылған бір адамға шаққанда еңбек өнімділігі бес жыл ішінде екі есе өсіп, 4,2 миллион теңгеге жетті. Ал, азық-түлік өндірісінің көлемі 2,1 есе ұлғайды.

Отандық тауар өндірушілерді қолдау – Мемлекет басшысы басымдық берген негізгі бағыттың бірі. Мемлекеттік сатып алуда машина жасау, металлургия, құрылыс, жеңіл және химия өнеркәсібі, сондай-ақ азық-түлік тауарлары бойынша тек қана қазақстандық өндірушілерден сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің тізбесі едәуір кеңейтілді.

Осы орайда ұлттық даму институттары Қазақстан экономикасына салынатын инвестиция көлемін ұлғайта түсуде. Тек 2025 жылдың өзінде «Бәйтерек» холдингі арқылы 8 триллион теңге инвестиция салынады, ал 2027 жылға қарай мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бұл сома 10 триллион теңгеге дейін ұлғайтылады.