• 18-03-2025

Макрон Украина мәселесінде елең еткізер мәлімдеме жасады

Франция президенті мұндай ой-пікірін аймақтық бірнеше басылымға берген сұхбатында айтып отыр.

Сондай-ақ ол АҚШ пен Украина ұсынған 30 күндік атысты тоқтату келісіміне Ресейдің келісуі керегін айтты, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Reuters агенттігінің хабарлауынша, Эммануэль Макрон "Ұлыбритания мен Франция ұсынған Украинаға бітімгершілік әскерін орналастыру мәселесін Мәскеу емес, Киев шешуі тиіс" деп есептейді.

– Украина – тәуелсіз мемлекет. Егер ол өз аумағына одақтас әскерлерді орналастыруды сұраса, бұл Ресей қабылдайтын немесе қабылдамайтын мәселе емес, – деді ол.

Ресей Украинаға еуропалық әскер жіберуге қатаң қарсылық білдіруін жалғастырып жатыр. Наурыз айының басында Ресейдің Сыртқы істер министрі Сергей Лавров бұл ұстанымды тағы да еске салып өтті. Оның сөзінше, Украинада еуропалық бітімгерлік күштерінің пайда болуы Ресей үшін "дағдарыстың бастапқы себептері" жойылмағанын білдіреді.

Макрон Ресейдің АҚШ пен Украина ұсынған 30 күндік атысты тоқтату келісіміне келісуі керегін жеткізді. Бұл мәселе бойынша ол Ұлыбритания премьер-министрі Киир Стармер және Украина президенті Владимир Зеленскиймен талқылаулар жүргізген.

Украина президенті Владимир Зеленский де Макронмен француз әскерлерін Украинаға орналастыру мүмкіндігін талқылағанын растаған. Еске салайық, Франция Украинаға әскери қолдау көрсетуді жалғастырып жатыр.