• 18-03-2025

Орал Таңсықбаевтың 120 жылдығына арналған көрме ашылды

Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінде бейнелеу өнерінің көрнекті өкілі Орал Таңсықбаевтың 120 жылдық мерейтойына арналған көрменің салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, көрме Өзбекстан Республикасының мәдениет және өнерді дамыту қорының ұйымдастыруымен және Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылды.

Экспозицияда суретшінің ерекше стилін, шығармашылық мұрасын және ұлттық кескіндеменің дамуына қосқан үлесін көрсететін 74 туынды ұсынылды.

Іс-шараның ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасының мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Өзбекстан Республикасы Президентінің көмекшісі Саида Мирзиёева, Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев, сондай-ақ Қазақстан мен Өзбекстанның жазушылары, мәдениет және өнер қайраткерлері қатысты.

Өз сөзінде Аида Балаева Орал Тансықбаевтың өнері екі елдің халқын жақындастырып, санғасырлық достық пен өзара түсіністікті нығайтуға үлес қосқанын атап өтті.

Ол туған жері Өзбекстанның көркем табиғаты мен тау-тасын шынайы әрі асқан шеберлікпен бейнелеп, өнерсүйер қауымның жоғары бағасын алды. Айта кетерлігі, Орал Таңсықбаев Әбілхан Қастеевпен бір жылда дүниеге келген. Екі азамат та өз елдерінде ұлттық көркемсурет мектебінің қалыптасуына ықпал етіп, кейінгі толқын жастарға әсер етті. Олардың шығармашылығы – туған жеріне, халқына, табиғатына деген шынайы сүйіспеншіліктің көрінісі, – деді Аида Балаева.

Сондай-ақ министр Қазақстан мен Өзбекстанның мәдени саладағы белсенді ынтымақтастығын атап өтті. Соңғы жылдары мәдениет күндері, кино күндері, театр гастрольдері мен көркемөнер көрмелері жемісті ұйымдастырылып келеді.

Саида Мирзиеева өз кезегінде көрменің ұйымдастырылуына ризашылығын білдіріп, Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы мәдени диалог пен ынтымақтастықтың маңызын атап өтті.

Орал Таңсықбаевтың 120 жылдық мерейтойына арналған көрме осы жылдың маусым айына дейін жалғасады.

Айта кетейік, Өзбекстан Ұлттық балетінің гастрольдері мен Орал Таңсықбаев көрмесі Астанада да өтетін болады.