Депутат Ермұрат Бапи: "Ескілердің" қарсылығы Қаңтардан кейін де дамыл тапты дей алмаймыз.
Депутат мемлекеттік-бюрократиялық аппараттың жұмысын да сынға алды. Депутат Ермұрат Бапи Мәжіліс отырыс ...
Депутат мемлекеттік-бюрократиялық аппараттың жұмысын да сынға алды.
Депутат Ермұрат Бапи Мәжіліс отырысында Қазақстанда жасалып жатқан өзгерістер мен соған байланысты туындап жатқан пікір қайшылығына қатысты ойын білдірді.
"Елдегі 30 жылдық сірескен авторитарлық сүрі мұраның "мұрнын бұзып", қыр арқасын қирату жаңа билікке де оңайға түсіп жатпағанын іргеден сезініп жүрміз. Ескілердің ерегескен қарсылығы Қаңтардан кейін де дамыл тапты дей алмаймыз. Қазыналық-бюджеттік астаудан қағылған, халықтық мұраға мұртын батыру дағдысына қайтып оралуды аңсаған олардың астыртын айқасы әлі де жалғасып жатыр. Бүгінде олар протестік пиғылдағы қауымдастықты өз қатарына қаратудың жанталасқан қамын жасауда. Әлеуметтік желілерде жалаулатып жүрген жекелеген қоғамдық пікір серкелерінің "Жаңа Қазақстанға" қарай атқан тасы "ескілердің" есесін күйттейтіне куә болып жүрміз", – деді депутат.
Бұл ретте депутат мемлекеттік-бюрократиялық аппараттың жұмысын да сынға алды.
"Жеке-дара билікке табыну дерті өн байына сіңіп кеткен мемлекеттік-бюрократиялық аппаратты да созылмалы автократиялық дерттен айықтыру оңай болмай тұрғанына осы ортаға келген менің көзім әбден жетті. Бұл дерттің дәрмені аппараттық вертикалды дендеп алғанын депутаттық сауалдары мен қоғамдық мүдде тұрғысындағы азаматтық талаптарына тиісті жауап ала алмай жүрген әріптестерімнің де көзі жетті деп білемін", – деді Ермұрат Бапи.
Оқи отырыңыз: Мәселелер көшеде емес, парламентте талқылана бастады – Мәжіліс спикері
Депутаттың айтуынша, реформаның жедел жүруіне мемлекеттік органдардың аппараттары ғана емес, ескі режимнің қыспағында қалып, демократиялық даму формациясы кенделеп қалған қоғамның өзі де дайын болмаған.
"Оның бір дәлелі – қоғамның бірбеткей сыншылары жаңа жүйемен конструктивті пікір табысу арқылы өзгерістер жасауға ыждаһатты ықылас білдірудің орынына, өңі ғана емес, мазмұны да өзгерген жаңа Парламентті бітіспес оппонент санайтын үдеріс тудыруға құлшынып жүр. Билік пен қоғам ортақ тіл табыспайынша, "Жаңа Қазақстан" идеясын толыққанды жүзеге асыру мүмкін емес", – деді Ермұрат Бапи.
Бұл ретте депутат елдегі өзгерістерді қоғамның тікелей қатысынсыз билік жеке дара жасай алмайтынын атап өтті.