• 19-03-2025

Саяси өзгерістер халықтың мүддесіне сай жүруі тиіс - мәжіліс депутаты

Қазақстан қазіргі таңда ауқымды саяси өзгерістер дәуірін бастан өткеруде. Елдің даму бағытын айқындау үшін өткен тарихқа көз жүгіртіп, саяси процесстерді саралау маңызды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мәжіліс депутаты Ерлан Саировтын пікірінше, елімізде 1990 жылдардың басында демократия мен плюрализмге бағытталған нақты қадамдар жасалды. Ол кезеңде Парламент пен атқарушы билік арасында белгілі бір тепе-теңдік сақталды. Дегенмен, 1995 жылғы Конституция экономикалық реформалар мен әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз еткенімен, саяси жүйенің белгілі бір топтардың мүддесіне жұмыс жасауына алып келді. Нәтижесінде, билік толықтай президенттің қолына шоғырланып, Парламенттің рөлі формальды сипатқа ие болды.

Депутаттың айтуынша, 2010 жылдан бастап елдегі саяси дағдарыс ашық түрде өршіді.

Жер реформасына қарсылық, халықтың әлеуметтік жағдайының төмендеуіне наразылық ретінде кейбір әлеуметтік топтардың бас көтеруі орын алды, – деп атап өтті ол.

2019 жылы дәл осындай күрделі кезеңде Қасым-Жомарт Тоқаев билікке келіп, «Қазақстанда саяси реформалар жасамай, еліміздің тұрақты экономикалық дамуын қамтамасыз ету мүмкін емес» деп мәлімдеді.

Саяси реформаларды жоспарлау мақсатында Ұлттық Кеңес құрылып, онда Президент өкілеттігін Парламентке беру, оппозиция рөлін арттыру және Конституцияға өзгерістер енгізу мәселелері қарастырылды. Алайда бұл реформаларға ескі жүйенің олигархиялық және бюрократиялық топтары қарсылық танытты. Депутаттың айтуынша, «реваншистік топтар 2019 жылдан бері жүргізіліп келе жатқан реформаторлық курсқа жүйелі түрде қарсы шықты». Бұл қарама-қайшылықтар Қаңтар оқиғасы кезінде ерекше көрініс тапты.

Қаңтар оқиғаларынан кейін саяси реформаларға жаңа серпін берілді. Депутаттың сөзінше, бұл реформалар 2019 жылы басталғанын ескеру керек. 2022 жылғы референдум нәтижесінде Президенттің бір ғана жеті жылдық мерзімге сайлану тәртібі енгізілді. Сондай-ақ, 2021 жылдан бастап ауыл әкімдерін халықтың өзі сайлай бастады. Қазіргі таңда 1600-ден астам ауыл әкімі тікелей дауыс беру арқылы сайланды.

Қысқа уақыт ішінде еліміздің саяси жүйесі түбегейлі өзгерді. Үкімет пен Парламент арасындағы тепе-теңдік орнап, мәслихаттардың рөлі артты, – дейді депутат.

Ұлттық Құрылтайдың құрылуы да саяси өзгерістердің маңызды бөлігіне айналды. Президенттің тапсырмасымен Шығыс Қазақстан және Абай облыстарында Қатон-Қарағай, Марқакөл, Тарбағатай, Мақаншы аудандары қайта ашылды. Бұл қадам халық арасында оң ықпал туғызып, әлеуметтік-экономикалық дамуға серпін берді. Сонымен қатар, президент Үкіметке «Қазақстанның шекаралық аудандары» жөнінде заң қабылдау туралы тапсырма берді.

Депутат жаһандық саяси үрдістердің Қазақстанға да әсер ететінін атап өтті. Оның пікірінше, плюрализмді дамыту барысында мемлекетшілдік және отаншылдық қағидаларын сақтау маңызды.

Географиялық жағдайымыз өте күрделі. География – тағдыр. Сондықтан, Тәуелсіздігіміз бен территориялық тұтастығымызды сақтау басты мәселе, – деді ол. Саяси реформалар қоғамның тұрақтылығы мен әділеттілігін қамтамасыз етуге бағытталуы тиіс.

Депутаттың айтуынша, бүгінде Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси өзгерістер халықтың саяси белсенділігін арттырып, елдің тұрақты дамуына негіз қалап отыр.

Мемлекет басшысы әділетті қоғам құруды басты мақсат етіп қойды. Бұл бағытта жұмыс істейтін жымысқы топтарға біз тойтарыс береміз, – деп қорытындылады ол.