• 19-03-2025

Наурыз мерекесінде Қазақстанда қайда баруға болады

Биыл еліміздің түкпір-түкпірінде Наурыз мейрамы кең көлемде тойланып, жүздеген мәдени іс-шара өтеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, әр өңірде ұлттық дәстүрлерді, музыканы, гастрономияны және заманауи технологияларды біріктірген ерекше бағдарламалар әзірленген.

Алматы

«Алматы – Наурыз құшағында» гала-концерті (21 наурыз, 11:00, Астана алаңы) – «Дос-Мұқасан» ансамблі, Майра Мұхамедқызы, КешYou тобы және басқа да өнерпаздардың қатысуымен өтеді.

Juldyzdy Almaty (21-22 наурыз, 18:00, Астана алаңы) – танымал әншілер қатысатын кешкі музыкалық фестиваль.

Nauryz Fest фестивалі (21-25 наурыз, Абай алаңы) – VR-инсталляциялармен безендірілген интерактивті киіз үйлер, Абай Құнанбайұлына арналған көрме, қолөнер жәрмеңкесі, шеберлік сабақтары және кешкі концерттер.

«Түркі әлемінің мега жұлдыздары» концерті (22 наурыз, 20:00, Almaty Arena) – Sadraddin, Mustafa Sandal, Roza Zergerli, Burak Özçivit қатысады.

5000 адамнан құралған хор (22 наурыз, 9:30, Абай даңғылы) – Абай әндерін орындайды.

«Наурыз тойы – мерекем» кітап жәрмеңкесі (21-25 наурыз, Арбат) – жазушылармен кездесу, поэзиялық кештер.

Панфилов көшесіндегі креативті фестиваль (21-22 наурыз) – VR-экспириенстер, робот-даяшылар, арт-инсталляциялар.

Астана

Көшпенділер өркениеті фестивалі (21-22 наурыз) – этнографиялық реконструкциялар, көрмелер және аспаздық шеберлік сабақтары.

Ұлттық спорт жарыстары (21-23 наурыз) – қазақша күрес, асық ату, гір көтеру жарыстары.

Орталық алаңдардағы мерекелік концерттер (21-22 наурыз) – отандық эстрада жұлдыздары өнер көрсетеді.

Түркістан

«Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы» туристік маусымының ашылуы (19 наурыз) – мерекелік шеру, концерттер, тарихи қойылымдар.

«Көне түркі дәстүрі» этнофестивалі (22 наурыз) – ұлттық ойындар, қолөнер шеберлік сабақтары, салт-дәстүрлер.

Бекзат Саттархановты еске түсіруге арналған XXIII халықаралық бокс турнирі (30 наурыз – 4 сәуір) – үздік боксшылар қатысатын беделді жарыс.

Шымкент

«ДәмДәсTour» гастрономиялық фестивалі (30 наурыз, Әл-Фараби алаңы) – палау, кәуап, самса, наурызкөже әзірлеу байқауы, «Қазақстандағы ең үлкен самса» гастрорекорды.

Алматы облысы

Орталық алаң – 25 киіз үй, салт-дәстүрлер, эстрада жұлдыздарының концерті.

Қонаев көшесі – қолөнер жәрмеңкелері, аспаздық шеберлік сабақтары.

Қалалық саябақ – асық ату, қазақша күрес, фотозоналар.

Қыдыр ата мен 100 домбырашының театрландырылған шеруі (21 наурыз) – Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған ауқымды музыкалық қойылым.