• 19-03-2025

«Бай-қуатты болайық!» кітабы студенттерге таныстырылды

«Бай-қуатты болайық!» Алматыда белгілі тележурналист Нұртілеу Иманғалиұлының дәл осындай атпен жарық көрген кітабы болашақ журналистерге таныстырылды. Іс-шараға марқұммен қызметтес болған дос-жарандары да қатысып студенттерге Нұртілеу Иманғалиұлының телехабар жүргізудегі өзіндік қолтаңбасын түсіндірді. Жинақ ақпарат саласының мамандары мен қалың көпшілікке арналған.

Нұртілеу Иманғалиұлы өзі жүргізген кез келген хабарын «Бай-қуатты болайық!» деп аяқтайтын. Дәл осы бір ауыз сөзі елдің есінде жатталып қалды. «Сондықтан кітаптің басқаша аталауы мүмкін емес еді», – дейді құрастырушылар. Жұртшылық оның авторлық хабарларын үзбей көретін. Оның әрбір іске асырған телевизиялық жобаларынан болашақ журналистердің үйренері көп.

Қанат Әуесбай, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінің деканы:

- Нұртілеу телевизиядағы тұлға. Телешежіре. Нұртілеу телетарих. Телевизиядағы тау тұлғаның өнегесін сіңіріп өскен бүгінгі ұрпақ, жас буын ертеңгі Нұртілеу ағаның ізін жалғап үлкен телевизиядағы үлкен тұлғаларға айналсын деген тілекпен ұйымдастырып отырмыз.

Нұртілеу Иманғалиұлы «Хабар» телеарнасында да өзінің қолтаңбасын қалдырды. Жаңалықтарда диктор болды. Бетпе-бет бағдарламасын жүргізді. Өмірінің соңына дейін телевизиядан қол үзген жоқ. 4 мыңнан астам хабар жүргізді. Осылайша тек «Хабар» арнасында емес, елдегі тілшілердің тұтас бір буынын тәрбиелеп, журналистиканың дамуына өлшеусіз үлес қосты.

Серік Жанболат, журналист:

- Нұртілеу ағамыз журналистігімен ғана емес, өзінің адами болмысымен, қызметімен, жүрген жүріс-тұрысымен, сөйлеген сөзімен осының бәрімен ұстаз бола білген адам. Енді оның кітапқа айналып шығуы – үлкен дүние. Журналист болам деген адамдардың Нұртілеу ағамның еңбегі мен өмірінен алатын нәрсе көп.

Кітапқа енген жазбаларды Нұртілеу Иманғалиұлы өзі жинақтап жүрген. Өкінішке қарай, аяқтай алмаған. Осыдан 4 жыл бұрын 70-ке қараған шағында дүниеден озды. Жинақ Жетісу облысы әкімінің қолдауымен жарық көрді.

Сараш Қоңырбаева, университеттің қауымдастырылған профессоры:

- Бұл кітапта бірнеше бөлім бар. Ол кісінің медиасарапшы ретінде өзінің басшылық қызметте жүргендегі телевизия туралы түйгендері, пайымдаулары, жақсы тұжырымдары, сонымен қатар теориялық ойлары жақсы әдістемелік кеңестері, сарапшылық ойлары берілген.

Оған қоса жинаққа ол кісі туралы жазылған мақалалар, замандастары мен мамандар пікірі енген. Оқырмандар телеөнер тұлғасын ақындық қырынан да тани алады. Кітапта бірнеше өлеңі басылды.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Әбен Нарымбаев