БҚО әкімі Орал тұрғындарына 120 жаңа пәтердің кілтін табыс етті
Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев Наурыз мерекесі қарсаңында Орал қаласының тұрғындарына 120 жаңа пәтер ...
Орал қаласы Деркөл кенттік округіне қарасты Ынтымақ ауылының жолын су басып, тұрғындар бірнеше күн қалаға мүлде қатынай алмай қалған. Қазір жер дегдіп, із түскенімен, жолдың жайы сын көтермейді. Қаламен ортаға асфальт төсейміз, — деп билік басындағылар уәде бергелі 10 шақты жылдың жүзі болған. Алайда қанша әкім ауысса да, жол мәселесі шешілер емес.
Жұмабай Сейілбаев, ауыл тұрғыны:
- Осы ара жаман жер, ауылдың жігіттері трактормен келіп, кірпіштер салып, мына «колея» тіпті жаман болды. Асты тіреліп жатты, машина жүре алмайды. Әне бір жерге дейін 50-60 метр жер.
Жұмабай Сейілбаев Ынтымақ ауылында 40 жыл тұрады. Содан бері жол азабын тартып келеді. Айтуынша, өткен аптаның аяғында жолды су басқанда байланыс мүлде үзіліпті.
Ерденбек Жылқайдарұлы, тілші:
- «Шам жарығы түбіне түспейді». Осы мәтелді Ынтымақ ауылына қарата айтуға болады. Себебі Орал қаласына қарасты небәрі 15 шақырым жерде орналасқан ауыл қатынастан қиындық көріп отыр. Мұнда жол жоқ. Сол себепті қоғамдық көлік жүрмейді, шақырсаң, жедел жәрдем келмейді.
Роза Келмаева, Ынтымақ ауылының тұрғыны:
- Көретін қорлығымыз осы. Жақында бір келіншек босанатын болды. Екі жедел жәрдем келіп, жеткізе алмай, ауылдың шетіне дейін алып шығып, өздері әзер алып кетті.
Ауыл іші де оңып тұрған жоқ. Толарсақтан саз кешіп, аяғын әрең алып жүрген тұрғындар, әр жерде бір жер бауырлап ышқынған көліктер.
Облыс орталығында емес, шалғайдағы елді мекенде тұрып жатқандаймыз. Асфальтті айтпай-ақ қояйық, ең болмаса көшелерге қиыршық тас төсеп берсе екен, — дейді тұрғындар.
Жәния Ыхсанова, Ынтымақ ауылының тұрғыны:
- Балалар мектепте оқиды. Не домбыра жоқ, не биіміз жоқ, не күресіміз жоқ. Қалаға апарайын десек, жол мынау. Біздің балалар не көріп жатыр? Қаладан жалданып былтыр келді. Бір-екі ай ақша төледік, балшық деп келмей қалды. Балалар мына балшықта қалай жүреді? Айтыңыздаршы!
550-дей тұрғыны бар Ынтымақ ауылына жол төсейміз дегенді әкімдер айтқалы біраз болған. 2023 жылы жоба да жасалған. Алайда әлі күнге жүзеге аспапты. Біресе жоба шикі болса, біресе тендер дұрыс өтпеген.
Жұбан Жұмағалиев, Деркөл кентінің әкімі:
- Ағымдағы жылы бірінші конкурстық рәсімдеме өткізілген еді. Онда қызылордалық мердігер мекеме анықталды. Дегенмен қазіргі таңда ол конкурстық рәсімдер тоқтатылды. Алдағы аптада кері конкурстық рәсімдер ойнатылатын болады. Жалпы жобаның құны 2,7 млрд теңгені құрайды.
Кент басшылығы Ынтымақ ауылындағы жол мәселесі таяу жылдары шешіледі деп сендірді.
Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов