• 21-03-2025

Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі қолдау көлемін арттырды

Еліміздегі құрылыс материалдарының ең ірі өндірушілерінің бірі

Alina компаниялар тобы халықаралық нарықтағы позициясын нығайтуда. Кәсіпорын өнімдері Қазақстанда ғана емес, ТМД елдерінде де сұранысқа ие. Бұл Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі қолдауының арқасында мүмкін болды. Агенттік Alina Group-қа экспортқа шығуға жағдай жасап отыр.

Бүгінде Alina Group – Қазақстан мен Орталық Азиядағы құрылыс материалдары мен лак-бояу өнімдерін өндіру саласындағы көшбасшы. Компания нарықтың 60%-ын иеленіп, шамамен 3 мың қызметкері бар үздік жеті ұлттық өндірушінің қатарына кіреді.

Данияр Баяділов, Alina Group зауытының директоры:

- Біздің компания өнім сапасына ерекше назар аударады, өйткені біз өз өнімімізге 10 жылға дейін кепілдік береміз. Құрғақ құрылыс қоспалары нарығында басқа өндірушілер мұндай кепілдік бермейді. Сондай-ақ Қазақстанда Alinex брендімен барлығы дерлік таныс екенін атап өткім келеді.

Агенттік экспортқа бағдарланған отандық өндірушілерге қолдау көрсетеді. Шетелдік серіктестермен іскерлік байланыс орнатуға жәрдемдеседі, экспорт барысындағы барлық сын-қатерді сақтандырады. Бүгінде ұлттық компания бизнестің сұранысына сай жан-жақты жетілген 20-дан астам қолдау құралын ұсынып отыр. Мәселен, Агенттік қолдауы Alina Group-тың жеткізу көлемін едәуір арттырып, өндіріс көлемін ұлғайтуға жол ашты.

Алмас Қалқаев, «Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ Алматы өкілдігінің директоры:

«Біз құны жоғары өнім өндіретін кәсіпорындарға қолдау көрсетуге басымдық береміз. Alina Group бізбен 2016 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Компания осы уақыт аралығында Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан нарықтарына шықты, біз олардың тәуекелдерін сақтандырдық».

Айта кетейік, Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі өткен жылдың қорытындысы бойынша отандық экспорттаушыларға 337,4 миллиард теңге көлемінде қолдау көрсетті. Соның арқасында жалпы экономикалық нәтиже 1,8 триллион теңгеге жетті.

А.Садуақас, Р. Жақыпов