Медициналық көмек сапасы туралы айтқанда, бірінші кезекте мамандардың біліктілігіне назар аударған жөн. Медициналық ұйымдарды құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге жеткілікті көңіл бөлінбесе, инфрақұрылым жақсармаса, дәрігерлер пациенттерге іс жүзінде сапалы қызмет ұсына алмайды.
Өңірлерді аралап, тұрғындармен кездескенде медициналық қызметке қатысты сұрақтарын жаудырып, наразылық білдіретіндер көп. Тұрғындар әлі күнге дейін емханаға қаралу үшін апталап кезек күтуге мәжбүр. Мемлекеттің бірінші байлығы – халық денсаулығы. Сондықтан денсаулық сақтауға келгенде қаржы үнемдеу саланы алға бастырмайды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында медицина инфрақұрылымын барынша дамыту жұмыстары жалғасатынын айтты. Жыл соңына дейін «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 188 медицина нысаны салынады. Осыған қоса Риддерде көпбейінді аурухана, Өскеменде гематология орталығы, Ақтауда жедел жәрдем стансасы, Алматыда Жұқпалы аурулар ұлттық ғылыми орталығы, Астанада Ұлттық ғылыми онкология орталығының жаңа ғимараттары пайдалануға беріледі. Келер жылы 32 аудандық орталық аурухананы жаңғырту, Қызылорда, Маңғыстау облыстарындағы ауруханалардың құрылысын аяқтау міндеті тұр.
Негізі, «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында екі жылда тұрғындарға алғашқы дәрігерлік көмек көрсететін 460 нысан пайдалануға берілген. Бүгінде көпбейінді орталық аудандық ауруханаларды жаңғырту жұмысы баяу жүріп жатыр. Жоспарға сәйкес биыл 32 аурухана жөндеуден өтуге тиіс болса, оның тең жартысының жобалық-сметалық құжаты енді ғана дайындалыпты. Аталған мекемелерді медициналық құралдармен жабдықтау мәселесі тағы бар. Сондықтан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселені Ұлттық құрылтайда көтеріп, инфрақұрылымға қатысты қыруар жұмысты аяқтау мерзімін кешіктіруге болмайтынын ескертті.
Кейінгі екі жылда бірқатар қалада ерекше қажеттілігі бар адамдарға арналған заманауи оңалту орталықтары бой көтерген. Президент келер жылдың соңына дейін Ақтөбеде, Атырауда, Көкшетауда, Шымкентте, Талдықорғанда осындай орталықтар ашу керек екенін айтты. Бұған қоса әрбір облыс орталығында ерекше қажеттілігі бар, соның ішінде аутизмге шалдыққан балаларды оңалту, дамыту орталықтарын құруды ұсынды. Қазір аутизмге шалдыққан балалар көбейіп барады. Олардың барлығы дерлік дертіне шипа іздеп Астанаға барады. Сондықтан Мемлекет басшысының Үкімет пен әкімдерге ерекше қажеттілігі бар, аутизмге шалдыққан балаларға арналған нысандар ашу мәселесіне дереу кірісуді тапсырғаны қуантады. Демеушілердің, «Қазақстан халқына» қорының көмегімен осы маңызды жұмыста белгілі бір ілгерілеу байқалады. Келешекте осындай орталықтар әрбір өңірде болса, балаларға үлкен қолдау болғалы тұр.
Қазір Ұлттық жоба аясында ауылдық жерлерде медициналық мекемелер, пункттер көптеп салынып жатыр. Жаңа нысандар заманауи құрал-қондырғылармен жабдықталған. Денсаулығын тексеруге бұрын көрші ауылдағы ескі нысандарға қатынайтын кейбір ауылдың тұрғындары енді жаңа үлгідегі нысанның қызметіне жүгінетін болды. Дегенмен алдағы атқарылатын жұмыстардың ауқымы өте кең. Ең бастысы, медициналық мекемелердің саны ғана көбеймей, көрсетілетін қызметтің сапасы да арта түссе екен дейміз.
Гүлдара НҰРЫМОВА,
Мәжіліс депутаты