
Алматы облысында 600 млн теңгеге жуық сомаға алаяқтық жасаған дропперлер тобы ұсталды, — деп хабарлайды Polisia .kz.
Алматы облысы полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері ҚР ІІМ киберқылмысқа қарсы күрес департаментінің үйлестіруімен Telegram мессенджері арқылы алаяқтықпен айналысқан қылмыстық топтың ұйымдастырушысы мен оның төрт сыбайласын қолға түсірді.
Тергеу барысында анықталғандай, ұсталған күдікті — қылмыстық схеманың кураторы 2024 жылдың маусым айынан бастап 50-ден астам "дроптарды" басқарған. Олар — өз атына немесе үшінші тұлғалардың атына банктік карталар рәсімдеген адамдар. Қылмыстық топтың шоттары арқылы мыңнан астам қаржылық операция жүргізіліп, жалпы айналым сомасы 580 миллион теңгеден асқан. Әрбір транзакциядан куратор 6 пайыз көлемінде комиссия алып отырған, оның заңсыз табысы 35 миллион теңгеден асқаны белгілі болды.
Полиция мәліметінше, "Антифрод орталығы" базасы арқылы жүргізілген тексеру барысында дроптарға қатысты қылмыстық істер еліміздің бірнеше өңірінде — Алматы облысының Қарасай және Еңбекшіқазақ аудандарында, Алматы, Шымкент, Қызылорда қалаларында және Маңғыстау облысында тергеліп жатыр.
Белгілі болғандай, қылмыстық топтың басшысы Telegram арқылы "оңай ақша табу" туралы жалған хабарландырулар таратып, дроптар қатарын толықтырған. Куратор адамдарды банктік карталарды өз атына немесе бөтен тұлғалардың атына рәсімдеуге көндірген. Қылмыскерлер бұл карталарды жәбірленушілерден түрлі сылтаумен, яғни инвестиция салу немесе тауарлар мен қызметтер үшін ақы төлеу түріндегі жалған әрекеттер арқылы ақша аударып, ізін жасыру үшін пайдаланған.
Ұрланған қаражат қолма-қол шешіліп, криптовалютаға айырбасталған немесе басқа есепшоттарға таратылып отырған. Қылмыстық схеманың ұйымдастырушылары негізгі пайданы өзара бөліссе, дроптарға аз ғана сыйақы берілген. Ал олардың банктік карталары ауыр құқық бұзушылықтарда пайдаланылғандықтан, қылмыстық жауапкершілікке тартылуда. Ал алаяқтықтың негізгі ұйымдастырушылары мен куратор көлеңкеде әрекет еткен. Қазіргі уақытта күдіктілер ұсталып, тергеу изоляторына қамалды.
Тергеу барысында олардың өзге де ұқсас қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде. Сонымен қатар полиция екінші деңгейлі банктерге санкцияланған сұраулар жолдап, басқа да күдікті операцияларды анықтауды жоспарлап отыр. Құқық қорғау органдары азаматтарға алаяқтардан сақ болуға кеңес береді және банк шоттары мен жеке деректерді бөгде адамдарға бермеуге шақырады. Егер күмәнді қаржылық әрекеттер байқалса, дереу полицияға хабарласу қажет екенін ескертеді.