Жыл сайын Наурыз қарсаңында қалың жұрттың жадыраңқы көңіл күйін көріп, жақсылықтан үміттенеміз. Оның үстіне кейінгі уақытта әр өңірде түрлі форматта өткізіліп жүрген мереке іс-шаралары «Наурызнама» деген атаумен бірізге, жүйеге түсе бастады. «Нама» – хат мағынасын беретін атау. Наурыз хаты, жаңа күнді қарсы алудың бағдарламасы мен хаттамасы, Ақаңша (А.Байтұрсынұлы) айтсақ, жосығы.
Байырғы күнтізбедегі Наурыз күніне сәйкес (ескі газеттің бірінде 9 наурыз, екіншісінде 14 наурыз делінеді) Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы бұл мейрамның «игі амал жасауға үндеп, асыл қасиеттерді кеңінен дәріптейтінін» ерекше дәйектеді.
Сол елдік жиында мемлекетіміздің бүгінгі саяси-экономикалық, әлеуметтік-мәдени дамуына серпін беретін, заманауи игі амал мен асыл қасиетімізді толықтыратын басымдықтар айқындалды. Олар – ірі инфрақұрылымдық жобалар, цифрландыру мен жасанды интеллект, көлік транзиті мен энергетика, агроөнеркәсіп секторы, адам капиталы. Осының бәрі дерлік өнеркәсіпке, технологияға, ғылымға қатысты ізденіс, тәуекел, қадам, шешім болатыны түсінікті. Сонымен бірге бұл тұжырым біздің «тақырда отырмағанымызды», сенім мен жауапкершілік артса, сын-қатерді де, елеулі жоспарды орындай алатынымызды аңғартады.
Наурыз – аты да, заты да рәмізді мереке. Оның пәлсапасын Қазақстанның соңғы алты жылдағы саяси билік трансформациясымен, кейінгі үш жылдағы президенттік реформалардың сәтімен жүзеге аса бастауымен түсіндіруге болады. Әділеттік пен парасатқа, заң мен тәртіпке бағытталған жол. Халықпен санасу, саяси бәсекелестікті қолдау, ашықтық пен есеп беру, қоғам мүшелерінің бәріне тең мүмкіндік (инклюзия, эксклюзия т.б.) туғызу жөні.
Жаңару жосығын жадымызда жаңғыртатын бүгінгі тұжырымдама – «Таза Қазақстан». Ол – ниет пен әрекеттің тазалығы, ел мен жердің тазалығы. Сөз бен істің жауапкершілігі.
Таяуда зерделі бір ақсақал былай деді: «Қазір ел басшылығы мемлекет қаржысына қол салғандардың дүниесін, қаражатын қайтартып, соған әлеуметтік нысан тұрғызып жатқаны дұрыс болды. Кімнен және не үшін алынғанын су жаңа мектептің, аурухананың кіреберісіне жазып қою керек. Бұл – сабақ әрі тағылым...». Иә, Наурыздың бір қайыры – қателікті түзету һәм жаза басқанды ақылмен кешіру.
Қасиетті имани құндылықтарымызда «кінәлі болғанды сезіну, қайта қателеспеуге уәде беру, кешірім сұрау, Жаратқанның алдында тәубаға келу – түзелудің шарты» ретінде көрсетілген.
Әдетте бәзбіреулер қайбір мейрамның тарихына, насихатына, жаңғыруына күдік келтіріп жатады. Түркістан немесе Орталық Азия наурызынан «жат мазмұн» іздеп жүргендер де жоқ емес. Мұндайлар мынаны ұғынса дейміз: халық табиғи түрде қабылдап, мың жылдық дәстүрімен үйлесімде дамытқан мейрамның бәрі -– өміршең әрі өзіміздікі. Абай дана «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққаны туралы» атты еңбегінде Наурыздың мейрам мен той-тамаша жігін түсіндіре келе, «Наурыздама» деген ұғымды айта кетеді. Осы жердегі «дама» мен қазіргі «нама»-ның ұқсас та (тілдік д/н алмасуы бар), ұқсамайтын да (Ақаңның сауықтама, зауықтама, сарындама, қалыптама т.б. терминдері секілді) сипаты бар.
Бұдан шығатын қорытынды: біз Наурыздың дәстүрге байланған мерекелік шарттарымен қоса «жаңару жосығы» ретіндегі ғылыми түсінігін ұлт, ұлыс талғамына, парасатына сай жүйелей алғанымыз абзал.
Айтқандайын, бұл жерде «ұлыс» – кеңестік тар «народности» мағынасында емес, тарихи «держава», «мемлекет» мағынасында. Мұны жұртқа Наурыз мерекесіне орай еске салған қисынды. «Ұлыстың ұлы күнін» кері аударсақ, «великий день государства» болып шығады. Әлбетте, мына сын-қатерлер заманында ондай күн – Республика күні. Ертеде ондай күн Наурыз бен Айт мейрамында болса, мұның мәні – «Ел еңсесін көтеретін күн» еді. Тарихқа қарап, кеуде көтерген жақсы-ау, бірақ оның арғы жағында бұрынғы хан-сұлтандарға, би-батырларға қаратып айтқан Әлихан Бөкейхан ащы сыны еске түседі...
Халқымызда «Ақынның аузына Құдай салады» деген сөз бар. Біртуар суреткер Мұқағали қыс пен көктемнің текетіресін сипаттайтын өлеңінде «Наурыз жүр жоғалған бағын іздеп...» дейтіні естеріңізде шығар. Кеңес тұсында хатқа түскен осы тосын ойдың астарында шөре-шөре ұлттың да, адасқан ұғымның да, дағдарған мәдениеттің де бұралаң тарихы тұр.
Шүкір, қазір азат еліміздің бүгіні мен ертеңін баянды ету жолында баршамыз оянып та, ойланып та келеміз. Поэзия мұзбалағы армандағандай Наурыз жоғалған бағын толық тапса игі. Ол үшін Мағжан ақын серт еткен Оқжетпестің қиясындағы ізгі аңсар орындалып, күні кеше Бурабайдағы Құрылтай мінберінен айтылғандай, «әр азамат бір орында тұрып қалмай, өзін жетілдіре беруге тиіс». Жаңару жосығы – осы, Наурыз пәлсапасы да осыған саяды.