• 24-03-2025

Қолөнер қазынасы сақталған мекен

Шулы қаланың беймаза тірлігінен бір сәт бой сергітіп, Алма-арасан шатқалын бетке алдық. Тау баурайындағы жетпіске жуық түтіні бар аядай мекен «Шеберлер ауылы» деп аталады. Бағзыдан қалған баба мұрасын бүгінге жалғап, темірден түйін түйген ұсталар, ағаш пен тері шеберлері тұрады мұнда. Шаруасы шалқып жатпаса да, атакәсіптің алтын арқауын үзбеген азаматтар ұлттық құндылық­та­ рымыздың шынайы жанашырлары.

Марат Бозымбаевтың шағын шеберханасына ат шалдырып, бірер сағаттың қалай зу ете қалғанын аңғармаппыз. Қамшы өріп отырған ол бізге ауық-ауық көз тастап қойып, сүйікті ісіне білек сыбана кіріскен. Бір басына өрімші, ерші, зергер, саз аспап шебері сынды бірнеше қолөнердің қатар қонуы кездейсоқ емес. Бекзат өнер атадан балаға, баладан немереге жалғасқан. Тіпті жеті атадан жұғысқан десек әсіреледі демеңіз. «Шағырдан ұл туса, ағашқа күн туады» дегенді үлкендерден жиі естуші едік. Райымбек, Мұқағали секілді алыптарды түлеткен Алжан руынан тарайтын Шағыр атаның балалары ұсталық өнердің ұстынын ұстаған шеберлер династиясы болғандықтан осылай айтылса керек. Атасы Бозымбай мен ба­уыры Сартбай Тойлыбаевтар заманында ұста болған кісілер. Аймаққа белгілі Жәмәли ұстаның шәкірті болған өз әкесі Дәулеткерім де тіршілігінде таға соғып, қолөнерді жанына қолай көрген. Кейіпкеріміздің ізінен ерген інілері Амантай, Асхат, Сайлау да екінің біріне дарымаған дегдар өнерден құралақан емес. Олардың ішінде кәсіби қолөнерші Асхат Бозымбаевты осы саланың шетінде жүрген шығармашылық ортаға таныстырып жатудың өзі артық. Ең ғажабы, пайғамбар жасынан асқан Марат шебердің қос ұлы Абзал мен Айбол да қолдары қалт еткенде қамшы өріп, домбыра жасайды. «Мамандықтары басқа болса да, қанда бар қасиет қалмайды екен» деп езу тартты Марат аға.

Айтпақшы, «Шеберлер ауылы» өздігінен пайда болған жоқ. Оның қалыптасу тарихында ұлт қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің қолтаңбасы тұр. Халық мәдениетіне қалтқысыз қызмет еткен Өзағаң, айтулы шебер Дәркенбай Шоқпарұлын шақырып алып: «Қазақтың қолөнері құрып бара жатыр, жер-жердегі шеберлерді бір алаңда тоғыстырып, оларға қолайлы орта қалыптастырсақ» деген ой тас­тайды. Көптен көңілде жүрген арман-тілектің жүзеге асар сәті туғанына қуанған Қалқаман Тілеуханұлы, Дәркенбай Шоқпаровтар бұл іске білек сыбана кіріседі. Сол тұста Қаскелең ауданына қарасты Көкшоқы ауылы энергетиктерге жайлы қоныс болған. Кейіннен олар қалаға көшіріліп, босап қалған үйлерге қолөнершілер қоныстанады. 1989 жылы «Мирас» деген атаумен құрылған өнер алаңы тарап, араға жыл салып «Шеберлер ауылы» деген атауды еншіледі. Оның алғашқы директоры болған мәдениет жанашыры Мұратбек Құрманбай секілді азаматтардың табанды еңбегінің арқасында шығармашылық иелері 1998 жылы ұйым тарағанша шабыттана жұмыс істеді. Күні бүгін дәл сол кездегідей тіршілігі қыз-қыз қайнап жатпаса да, шеберлер ауылын мекендеген шығармашылық иелері жеке шеберханаларын ашып, кәделі кәсіпті тіршілігіне тірек етіп жүр.

Шеберлер ауылының тарихын баяндағанда кейіпкеріміз көңілде көлкіген көп ойдың тиегін ағытқандай болды. Ақтық демі қалғанша ұлт өнерін ұлықтаған зергер Айдар Молдахановты, саятшы-шебер Бекет Есентаевты құрметпен еске алды.

Зейнет жасынан асса да кейін­гі­лерге тылсым өнердің құпия үнін жеткізіп жүрген талантты зергерлер Амангелді Мұқажанов, Алтынбек Абдоллаев, Серікқали Көкенов, Серік Күзенбаев, саятшы һәм өрімші Әбдікәрім Шоқпаров, ерші-ұста Секен Нұрғазиев, шебер Рыскелді Мұсаев, ерші Есенәлі Асқаров секілді өмірін өнермен егіз өргендерге тіршілігінде лайықты құрмет көрсетілсе деген тілегін жеткізді.

«Құдай берген қасиеттің арқасында «Шеберлер ауылынан» сая таптық. Отыз жылдан астам осында тұрамыз. Ұл ұяға, қыз қияға қонды, келін алып, немере сүйдік дегендей. Бір кездері шығармашылық үдеріс қайнап жатқан мекен еді бұл. Мұнда кім келіп, кім кетпеді. Еңбегіміз еленген мерейлі шақты да, тіршілігіміз тұралаған қиын кезеңдерді де бастан өткердік. Сын сағатта біздің рухымызды қайрап, қанаттандырған ұлттық өнерімізге, дәстүрімізге, тұтас алғанда мәдениетімізге деген құрмет. Қазір ауылдан көшіп кеткендер де, осында қолөнермен айналысып отырғандар да бар. Нарық заманы бәрімізді ширатты ғой, бала. 1982 жылы қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің көркемсурет-графика факультетін бітірдім. 2000-жылы «Бесаспап» деп аталатын отбасылық қолөнер шеберханасын құрып, шәкірт тәрбиелеуге бет бұрдық. Саз аспаптары, ағаштан жасалған ұлттық жиһаздар, ер-тұрман әбзелдері, теріден жасалатын бұйымдар, сауыт-сайман, қару-жарақтар, зергерлік бұйымдар жасаумен үздіксіз айналысып келемін. Өнер шекарасы жоқ шексіз әлем. Ал ұлттық қолөнер халқымыздың жаны. Оның құны мен қасиетін ешқашан төмендетуге болмайды. Қадымнан қалған асылмұрадан қол үзбеуіміз керек», дейді Марат Бозымбаев.

Тарихқа өрнек салған асылмұраны болашаққа жеткізуді бабалар аманатына балайтын кейіпкеріміздің қолтаңбасынан шыққан бұйымдар алыс-жақын шетелдерді шарлап кеткен. Өз қолымен жасаған сегіз қанатты киіз үй 2010 жылы ағылшындардың астанасы Лондонда көрмеге қойылып, елшіліктің бастамасымен сонда тұратын қазақ бауырлар қауымдастығына сыйға тартылған. «Алмас қылыш» тарихи фильміндегі Керей мен Жәнібек, Шайбан Шах, Қасым, Жаһан бике секілді басты рөлдердегі кейіпкерлердің ертоқымдары да Марат ағаның қолынан шығыпты. Үш келі күмістен Қабанбай батырдың сауыт-сайманын жасағанын, аталған туынды батыр музейінде тұрғанын, Мұқағали музейін безендіргенін медеу тұтады. Республикалық, халықаралық деңгейдегі көрмелер мен фестивальдардан қалыс қалмайтын ол, түрлі телеарналар арқылы шеберлік сағаттар ұсынып, өскелең ұрпаққа өнеге көрсетіп жүр.

«Әр бұйымды ықыласпен жасаймыз, маңдайтеріңді төкпей мұратқа жетпейсің. Көбіне жұрт ер-тұрман әбзелдері мен саз аспаптарына тапсырыс береді. Күй табиғатын, ән ырғаған, тұлпар дүбірін сезінбесең бәрі бекер. Біздің дертіміз – ағаш. Кәдеге жарар ағаш көрсек, көрімдігін берсек те алмай кетпейміз. Шынайы шебер туындыға бар қабілетін сығып береді», дейді Марат Дәулеткерімұлы.

Бір кездері даңқы төске өрлеген Шеберлер ауылы – Алматының мәдени өмірінің маңызды бөлігі әрі туристер мен қала тұрғындарына қазақ мәдениетін танытатын орталық. Оның тарихы мен дамуы дәстүрімізді дәріптеп, уақыт сипатына сай дамытуға һәм танытуға мүмкіндік береді. Шеберханадан шығарда Марат аға тобылғыдан жасалған қамшы тарту етті. Мұны жақсы ырымға балап, қазақ қолөнерінің қазынасы сақталған мекеннен ұзай бердік...

АЛМАТЫ