• 23-03-2025

Алматыда Абай әндерін 5 мың адам хормен орындады

Алматыда Абай әндерін 5 мың адам хормен орындады, деп хабарлайды 24KZ. Наурыз мейрамы мен Ұлы жазушының 180 жылдығына арналған ауқымды шараға Бақытжан Байқадамов атындағы мемлекеттік хор капелласының артистері жетекшілік етті.

Абайдың әндерін орындауға ниеттілер таңғы сағат 8-ден жинала бастады. Екі сағатта әртістер бастаған қала тұрғындарының саны 5 мыңнан асты. Хорға қатысушылар Абай ескерткішінен бастап, Абай даңғылы бойымен Назарбаев көшесіне дейін созылып тұрды.

Хашими Рахматулла, студент:

- Наурызда мынау қазақтар ұлттық киімдерін киіп, енді ағылшынша айтсақ, фестиваль жасайды ғой, мереке болады. Осы күшті, ұнайды, осыны келіп көреміз біз.

Айбек Құдайбергенов, Алатау дәстүрлі өнер театрының әртісі:

- Наурыз мерекесі бұл қазақтың төл мерекесі ғой, оның үстіне біздің дәстүрлі өнер театрының үлкен атап өтетін мерекесі. Кешелі бері халықтың көңілін аулап, мереке сыйлап, концерт қою үстіндеміз.

Бір мезетте «Көзімнің қарасы» және «Желсіз түнде жарық ай» әндерін әуелете шырқап, қаланы әсем әуенмен тербетіп жіберді. Бұл жай ғана ән емес, Абай мұрасына деген терең тағзым. Мыңдаған дауыстың үндестігі халық бірлігінің, ұлттық рухтың символына айналды.

Болат Әбділманов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

- «Адамзат баласы бір-біріне қиянат, бір-біріне соғыс ашпай, бірін-бірі өз бауырым деп құрметтейтін болса, мына жұмыр жердің жұмаққа айналары сөзсіз», – дейді. Сондықтан да ұлы Абай бүкіл адамзатпен бірге мәңгі бірге жасайды. Абай елді ғылымға, білімге, өзін өзі тану арқылы әр уақытта биікке ұмтылуға оның даналық сөздерінің бәрі осыны айтқан.

Абай алыңындағы 5 мың адамдық хор NauryzFest-пен жалғасын тапты. Қала қонақтары мен тұрғындары мерекелік концертті тамашалады. Қолөнер жәрмеңкесін көріп, ағаш ою, зергерлік бұйым жасау, былғары өңдеу және киіз басу өнерін тамашалай алады.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Валентин Лобанов