• 29-03-2025

Бектенов коммуналдық қалдықтарды басқару саласында цифрлық шешімдерді әзірлеуді тапсырды

Құзырлы органдарға бірқатар тапсырма берілді.

Премьер-министр Олжас Бектенов 1 қыркүйекке дейін қалдықтардың барлық түрін басқару тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Экология министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, 1 қыркүйекке дейін қалдықтардың барлық түрін басқару тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырамын. Ол қалдықтарды басқару процестерін орталықтандыруға, барлық мүдделі тараптарды тартуға, циклдік экономика моделін құруға бағытталуға тиіс. Екінші. Экология министрлігі Өнеркәсіп қорымен және әкімдіктермен бірге қалдықтарды басқару саласындағы жобаларды іске асыру жұмысын күшейтсін. Үш ай мерзімде бекітілген тізімнің ішінен қаржы бөлінген жобалар санын кемінде 5 есеге ұлғайту керек", — деді Үкімет басшысы.

Оның айтуынша, өңір әкімдіктері қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу жөніндегі әрбір жоба іске қосылғанша толық қолдау көрсетуі тиіс.

"Үшінші. Экология, Энергетика министрліктері әкімдіктермен бірге екі апта мерзімде қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату саласындағы жобалар тізбесін анықтасын. Әлеуетті инвесторларды тарту үшін сәуір айында аукцион ұйымдастыру керек.

Төртінші. Өнеркәсіп және Энергетика министрліктеріне өндірістік қалдықтарды қайта өңдеу бойынша өнеркәсіптік және энергетикалық кәсіпорындарды қолдау мен ынталандырудың нақты шараларын әзірлеуді тапсырамын", — деп атап өтті ол.

Бұл көмір химиясы, құрылыс материалдарын жасау, жерде сирек кездесетін металдарды алу салаларында жаңа өндірістер құруға мүмкіндік береді.

"Бесінші. Экология, Өнеркәсіп, Энергетика және Цифрландыру министрліктері коммуналдық және өндірістік қалдықтарды басқару, мониторинг жасау және бақылау саласында цифрлық шешімдер әзірлеуі қажет. Жаңа ғана Астана қаласының әкімі жақсы мысалдар көрсетті, осы бағыттағы жұмыстарды күшейтіңдер", — деді Олжас Бектенов.

Айта кету керек, осыған дейін Олжас Бектенов Экология министрінің жұмысына шүйліккенін жазғанбыз.