• 29-03-2025

МӘМС жүйесіндегі өзгерістер: мемлекет жарналары біртіндеп ұлғаяды

Бұл туралы Парламент Мәжілісінде өткен заң жобасын таныстыру барысында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мәлімдеді, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінде мемлекет, жұмыс берушілер және азаматтар арасындағы ортақ жауапкершілік күшейтіледі.

Министрдің айтуынша, МӘМС жүйесінің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін екі негізгі өзгеріс қарастырылған:

Қызметкерлердің жарналарын есептеу базасының жоғарғы шегін арттыру.

Мемлекеттің МӘМС жүйесіне аударатын жарна мөлшерлемесін кезең-кезеңімен ұлғайту.

2026 жылдан бастап есептеу базасының жоғарғы шегі 10 ең төменгі жалақыдан 50 ең төменгі жалақыға дейін өседі. Бұл өзгеріс жұмысшылардың 9 пайызына (508 мың адам) ғана әсер етеді. Себебі қазіргі жүйеде табысы жоғары азаматтар медициналық сақтандыруға пропорционалды түрде аз жарна төлейді.

2027 жылдан бастап мемлекет жарналарының мөлшері кезең-кезеңімен артады.

– Осылайша, біз 2015 жылы МӘМС туралы заңның алғашқы нұсқасында белгіленген қаржылық модельге біртіндеп қайта оралуды бастаймыз. Бұл жұмысшылар мен жұмыс берушілер үшін жарна мөлшерін ұлғайтпай, денсаулық сақтау жүйесінің ұзақ мерзімді тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деді министр.

Айта кетейік, бүгін Мәжілісте "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы таныстырылды.